"СЕРГЕК" СЕНІМДІ СЕРІККЕ АЙНАЛА МА?
Шаһардан радар кеткелі жүргізушілерден жүген босап кеткендей болды, жылдамдық артты. Жылға жетпей жүгенсіз жүргізушілердің өрескел тәртіп бұзғанын талай көрдік. Облыс көлемінде жол көлік оқиғаларының саны өткен жылғыдан 50 пайызға көбейген. Ағымдағы жылдың 10 айында автокөлік апаттарының салдарынан 98 адам көз жұмыпты. Шыны керек радар істе болған сәтте мұндай келеңсіздікті байқамайтын едік. Аймақта темір тұлпар тізгіндегендердің жолда жүру мәдениеті бас бармақпен бағалайтындай емес. Соның салдарынан жолкөлік апаттары жиі орын алып, соңы адам өліміне әкеп соқтыруда. Мәселен, жыл басынан бері облыста 485 жол көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан 563 адам түрлі жарақат алған.
Шамшидин Амитов, ОПД бастығының бірінші орынбасары
– Ең алдымен шаһарда көлік санының көбеюін негізгі себеп ретінде алуға болады. Соңғы үш жылда автопарктің саны 140 мыңнан 147 мыңға ұлғайып отыр. Рас, тәртіп бұзушылардың саны көбейді. Мәселен, 10 айдың ішінде жол үстінде 121 мыңнан астам құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде 1288 жүргізуші көлігін ішімдік ішіп басқарғаны үшін жазаланды. Дегенмен радардың жоқтығын білдіртпей жүгенсіз жүргізушілердің алдын алу мақсатында түрлі сақтық шараларын ұйымдастыып тұрамыз. Мысалы, «Құқық тәртібі», «Түнгі қала», «Қауіпсіз аула», «Квадрат» секілді жедел-профилактикалық шаралар қала орталығында жиі ұйымдастырылуда.
Нұрлан Байділдә, тәжірибелі жүргізуші
– Көлік басқарып жүргеніме 30 жылдан асыпты. Осы уақыт аралығында заң бұзған жоқпын деп айта алмаймын. Дегенмен оқыс оқиғаға тап болғаным жоқ. Яғни жылдамдықты шектен асырып, біреудің ала жібін аттаған жоқпын. Рас, радар кеткелі қала ішіндегі тәртіп те бұзылды. Орталық көшелерде жылдамдығын 100-ден түсірмейтін көліктердің қатары көп. Діттеген жеріне тез жетудің қамын қарастырамын деп біреудің көз жасына қалып жатыр. Негізінде радарды біздің өңірден алмау керек еді. Сол құрылғының арқасында жағдай бірқалыпты болған. Өзімнен кейінгілерге айтарым тәртіпке бас иген құл болмайды.
Бақтияр Оспанов, қала тұрғыны
– "Апат айтып келмейді" деп құтыла беретін болдық. Жүгенсіз жүргізушілердің салдарынан аялдамада қоғамдық көлік күтіп тұрған бейкүнә жолаушылар зардап шегуде. Біздің қалаға радар мен "Сергек те" қажет. Сондай-ақ қазіргі ахуалға байланысты аялдаманы да стандартқа сәйкес қауіпсіздікті күшейту қажет. "Құдай сақтансаң сақтайды" деген де қазақ атамнан қалған асыл сөз. Шет елден үйренетін дүниенің де жылтырағына емес адам өмірін сақтауға бағытталған дүниелерін үйренсек деген ниетпен ұсыныс айтуға құқылымыз.
Бағдат Ізкенов, қала тұрғыны
– Көлік айдау мәдениеті төмен ортада жылдамдықты тежейтін радарларды қолдануды шектеу Ішкі істер министрлігінің ақылға қонымсыз реформаларының бірі болды. Өкініштісі осы салада түрлі озық тәжірибелерді енгізіп жатсақ та жүгенсіз көлік басқаратын жүргізушілерді жүгендей алмай келеміз.
Мейірбек Даубалаев, адвокат
– Қаладағы жол көлік апаттарының жиі болуына байланысты Қызылорда қаласының әкімдігі бір шара қабылдау қажет. Облыстық полиция департаменті Назарбаев даңғылына "Сергек" камераларын орнату мәселесін лезде қарастыруға тиіс. Осы даңғылда жүргізушілер камераның жоқтығын біліп, қатты жүреді. Ал даңғыл бойында бірнеше мектеп, оқу орындары бар. Сонымен қатар Назарбаев даңғылына автобустарға арналған сары жолақтар қарастыру керек. Себебі даңғыл үш жолақты. Біреуін қоғамдық көліктерге беруге мүмкіншілік бар.
Ғабит Бердібекұлы
– Соңғы жаңалықтарға байланысты "Сергек" камерасын орнатуымыз керек. "Сергек" камерасы қала ішіне орнатылады деген ақпараттың шыққанына бірнеше ай болды. Бұл құрылғының іске қосылу уақытын мамандардан да сұрадық. Мамандардың айтуынша, "Сергек" камераларын қоюға көп кедергілер бар екен. Бiрiншi уақыт сәйкестігi (Нұр-Сұлтан) және бiздегi қолданыстағы оптико-волоконный кабельдер қазіргі пайдаланыстағы жүйеге сәйкес келмеуi. Сол сияқты техникалық тұрғыда проблемалар бар болып шықты.
"Ақмешіт жастары" газетінің сауалнамасына сәйкес қала тұрғындары жүргізушілерді тәртіпке шақыру үшін тиісті құрылғыларды қайта
енгізуді сұрауда.
енгізуді сұрауда.
ТӘРТІП БҰЗҒАНДАРДЫ ҚАТАҢ ЖАЗА КҮТІП ТҰР
Елдегі жол ережесінің жиі бұзылуына байланысты жүргізушілер үшін жаңа заңнамалар бекітілді. Қазақстан заңнамасына сәйкес, жол ережесін бұзған жүргізушілер қандай да бір әкімшілік жазаға тартылады. Көлік айдау құқығынан айырылып қалуы да ғажап емес. Абайсызда жол апатына себепші болғандардың жазасы тіпті ауыр. Әкімшілік құқық бұзушылық және Қылмыстық кодекстерде заң бұзған жүргізушілерге қандай жаза қарастырылғанын назарларыңызға ұсынамыз.
Жылдамдықты асыру
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 592-бабы 1-тармағына сәйкес, белгіленген жылдамдықты сағатына 10-нан -20 шақырымға дейін арттырғаны үшін 5 АЕК, яғни 12 625 теңге айыппұл салынады.
сағатына 20-дан 40 шақырымға дейін – 10 АЕК немесе 25 250 теңге;
сағатына 40 шақырымнан астам шамаға арттыру – 20 АЕК немесе 50 500 теңге.
Әкімшілік жазадан кейін осы әрекеттер бiр жыл iшiнде тағы қайталанса, онда 30 АЕК – 75 750 теңге айыппұл салынады.
Қауіпсіздік белдігін тақпау
Кодекстің 593-бабына сәйкес, қауіпсіздік белдігін тақпағандар 5 АЕК, яғни 12 625 теңге айыппұл төлейді.
Егер бір жыл ішінде дәл осы ережені қайта бұзса, 10 АЕК – 25 250 теңге айыппұл қарастырылған.
Бағдаршамның қызыл түсін елемеу
599-баптың 1-тармағына сәйкес бағдаршамның қызыл түсін елемей немесе реттеушінің "тоқта" деген қимылына қарамай жүріп өтетіндер 10 АЕК – 25 250 теңге айыппұл арқалайды.
Егер осы әрекет бір жыл ішінде қайталанса, онда айыппұл сомасы артады. Жүргізуші 15 АЕК немесе 37 875 теңге төлеуге міндеттеледі.
Маневр жасау ережелерін бұзу
Кодекстің 595-бабында маневр қағидаларын бұзатын жүргізушілерге әкімшілік жаза қарастырылған.
Егер жүргізуші жүру, бағытын өзгерту, бұрылу, кері бұрылу немесе тоқтау алдында сигнал бермесе, онда 5 АЕК – 12 625 теңге айыппұл төлейді.
Маневр жасауға тыйым салынған жерде артқа жүру 10 АЕК немесе 25 250 теңге айыппұл салуға әкеп соғады.
Бір жыл ішінде тағы қайталанса – 20 АЕК = 50 500 теңге.
Көлікті тоқтату немесе тұраққа қою
Көліктің аялдауы немесе тоқтап тұруы ережелерін бұзу – 5 АЕК = 12 625 теңге;
жол қозғалысына кедергі келтіріп, көлікті жолдың жүретін бөлігіне қою – 10 АЕК = 25 250 теңге;
мүгедектерге арналған тұраққа тоқтау – 10 АЕК = 25 250 теңге;
ақылы автотұраққа қойғаны үшін ақы төлеуден жалтару – 3 АЕК = 7 575 теңге, егер бір жыл ішінде қайталап жасаса, 5 АЕК = 12 625 теңге.
Телефонмен сөйлесу
Кодекстің 591-бабы 1-тармағына сәйкес, көлік айдау кезінде телефон немесе радиостанция пайдаланған жүргізуші 5 АЕК = 12 625 теңге айыппұл арқалайды. Заң бұзушылық бір жыл ішінде қайталанса, 10 АЕК = 25 250 теңге төлейді.
Ескерту: телефонды не радиостанцияны құлаққап киіп немесе қатты дауысқа қойып пайдалануға рұқсат етіледі.
Жол апатына түсіп қалсаңыз
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 610-бабына сәйкес, егер жүргізуші басқа көлікке, жүкке, жолға, жолдағы құрылыстарға немесе басқа да мүлікке зиян келтірсе, 20 АЕК = 50 500 теңге айыппұл төлейді. Немесе 6 ай мерзімге жүргізуші куәлігінен айырылады.
Егер жәбiрленушiнiң денсаулығына жеңiл зиян келтiрсе, 40 АЕК = 101 000 теңге айыппұл төлеуге міндетті. Немесе 9 айға дейінгі мерзімге көлік айдау құқығынан айырылады.
Жол апатына кінәлі адам бұған дейін жүргізуші куәлігінен айырылса, онда 60 АЕК = 151 500 теңге мөлшерінде айыппұл төлеуге міндетті.
Жүргізуші өзі жол апатына себепкер болып, оқиға орнынан ізін суытса, онда 1 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылады. Егер жүргізуші бұған дейін куәлігінен айырылса, онда 100 АЕК = 252 500 теңге төлейді немесе 30 тәулікке әкімшілік қамауға алынуы мүмкін.
Ескерту: егер жүргізуші зардап шеккен адамға медициналық көмек көрсету үшін оқиға орнынан кетіп қалса, жауапкершіліктен босатылады.
Қылмыстық жауапкершілік
Қылмыстық кодекстің 345-бабы 1-тармағына сәйкес, егер жүргізуші абайсызда адамның денсаулығына "ауырлығы орташа" зиян келтірсе, белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан екі жылға дейiнгi мерзiмге айырыла отырып, 160 АЕК = 404 000 теңге айыппұл төлейді. Не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не 160 сағатқа қоғамдық жұмыстарға тартылады, немесе 40 тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алынады.
Абайсызда адамның денсаулығына ауыр зиян келтiрсе, белгілi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға айырыла отырып, 2000 АЕК = 5 050 000 теңге айыппұл салынады, немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не 600 сағатқа қоғамдық жұмыстарға тартылады. Не болмаса, 2 жылға дейін бас бостандығы шектеледі, не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына кесіледі.
Егер жол апаты абайсызда адам өліміне әкеп соқса, кінәлі адам белгілi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан бес жылға айырылып, бес жылға дейінгі мерзімге сотталады.
Жүргізуші абайсызда екi немесе одан да көп адамның өлiмiне себепкер болса, белгілi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан жеті жылға дейiн айырыла отырып, бес жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айырылады.
Ерасыл Шәрібек