CУДА САҚ БОЛУДЫ ЕСКЕРТТІ
Өңірлік коммуникациялар қызметінде Қызылорда облысы ТЖД бастығының орынбасары полковник С. Молдақараевтың, Облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысының орынбасары Ғ.Жаңабаевтың, Қызылорда облысы Полиция департаментінің Тергеу басқармасы бастығының міндетін атқарушы полиция полковнигі Ә. Өтегеновтің, Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы полиция полковнигі Б.Ибраевтың, Қызылорда облысының денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары О.Искаковтың қатысуымен «Қармақшы ауданында орын алған жол-көлік апаты» және «Су айдынында сақ болыңыз!» тақырыптарында баспасөз-мәслихаты өтті.
Баспасөз-мәслихаты барысында Қызылорда облысы Полиция департаментінің Тергеу басқармасы бастығының міндетін атқарушы полиция полковнигі Ә. Өтегенов: «Бүгін Қармақшы ауданында жол көлік оқиғасы орын алып, 4 адам қаза болды. Қазіргі таңда жол көлік оқиғасы фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.»,-деді.
Сонымен бірге Қызылорда облысы ТЖД бастығының орынбасары полковник С. Молдақараев: «Қызылорда облысы аумағында жыл басынан бері 29 адам суға батып қаза болды, оның 12-сі бала. Судағы қауіпсіздік жөніндегі рейдтер мен үгіт-насихат жұмыстарына қарамастан, апта сайын судағы бақытсыз жағдайлар орын алуда. Сондықтан облыс тұрғындарына өзіңіз бен балаларыңызға суда сақ болуды сұраймыз»,-деді.
Облыс көлемінде суда орын алған қайғылы жағдайларға негізгі себептер судағы қауіпсіздік ережелерінің өрескел бұзылуы, су айдындарының жабдықталмаған жерлерінде суға түсуі және кәмелет жасқа толмаған балаларды ата-аналардың қараусыз қалдыруы, сонымен қатар абайсыздық салдарынан болып отыр. Осы орайда Жергілікті полиция қызметінің мамандарымен бірлесіп жүргізілетін рейдтерде ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 364 бабының 1 тармағы, 1 тармақшасы бойынша "Ортақ су пайдалану ережесін" бұзған тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылатындығын ескертті.