28 жыл
Кәсіп бастау көптің қолынан келгенмен, сын сағаттарда қиындыққа төтеп беріп, бастаған шаруасын тұралатпай алып кететіндер көп емес. Талай қиын кезеңдерді басып өтіп, күні бүгінге дейін кәсібін дөңгелетіп отырғандар қазір нарықтық экономикаға айтарлықтай демеу болып отыр. Соның бірі сонау тәуелсіздіктің алғашқы жылдары кәсіпкерлікке бет бұрған облыстың беделді кәсіпкері, «Раим» ЖШС бас директоры – Ерлан Раимов.
Ол бүгінде мейрамхана бизнесімен қатар, құрылыс, сауда-саттықпен айналысып, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтып отыр. Ұлттық аспаздық өнерді дәріптеп, әлемдік деңгейде ұлттық бренд ретінде танытуды мақсат тұтатын кәсіпкер шетелде қазақ тағамдарына ынта-ықыластың жоғары боларына кәміл сенеді. Өзі негізі қалаған «Қыз Жібек» мейрамханасы әр жылдары облыстық және республикалық байқаулардың жеңімпазы болумен қатар, «Жыл мейрамханасы» ретінде танылғаны бар. Ал осыдан тура үш жыл бұрын «Ұмытылған ұлттық асхана» республикалық байқауының сыйлығын алған еді. Көне аспаздық өнерді қайта жаңғыртып, ұлттық болмыстан ажырамауды үндейтін кәсіпкер артта қалған қиын-қыстау кезеңді былай еске алды.
– Мен өз бизнесімді жүз доллар қаржымен бастаған адаммын. Қазір мұны жас балаларға үлгі болсын деп айтып отырмын. Әу бастан кішкентай дүңгіршекті жалға алып, сусындар сата бастадым. Ол кезде ел білетін кәсіпкерге айналып, үлкен бизнеске аяқ басамыз дегендей арман-ойлар болған жоқ. Бар ниетім – отбасымды асырау еді. Кеңес Одағы құлап, тәуелсіздікке енді қол жеткізген алғашқы жылдары ел экономикасы үшін де қиын-қыстау кезең болды ғой. Инфляция жоғары еді. Әйтеуір, көп қиындықты еңсеріп, мейрамхана бизнесіне кірісіп кеттік, – дейді кәсіпкер.
Әсіресе, егемендіктің алғашқы жылдары көптеген бизнесмендердің өз кәсібін дөңгелете алмай, банкротқа ұшырағанын есітіп-біліп жүрген Ерлан Қаниұлы ұзақ жылдар бойы аянбай еңбек етіп, отбасының қолдауының арқасында аяққа нық тұрып, кәсібін кеңейтіп отырғанына шүкіршілік етеді.
– Біздің кәсіппен айналысып келе жатқанымызға 28 жыл болды. Яғни, біз тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап жаңа нарықтық қатынастарға икемделіп, жұмыс істей бастаған егемен елдің азаматтарымыз. Шындап келгенде, бүгінде 28 жыл бойы бизнеспен айналысып келе жатқан, қиындықты еңсере білген кәсіпкерлер өте аз. Көптеген кәсіпорындар банкротқа ұшырап, жабылып та жатты. Еліміз бірнеше экономикалық дағдарыстан өтті. Ал мұндай қиындықтарды жеңіп шығу үшін табандылық пен қажыр-қайрат керек, – дейді.
Ерлан Раимов мейрамханадан бөлек, пластикалық және ағаш шеберханасының қожайыны. Сондай-ақ құрылыспен де айналысады. Кәсіпкер тіпті 600 адамды сыйғызатын асхана ашқан болатын. Ал осыдан біршама жыл бұрын облыстық орталық мешіттің аумағында 540 шаршы метр жерді алып жатқан жеке ғимарат іске қосылған. Онда жуынып-шайыну бөлмелері орналасқан. Жалпы саусақ бүгіп санай берсең, оның бастаған істері де, елге қарасып, қол үшін созған кездері де аз емес. Оған жоғарыда айтқандарым дәлел бола алады деп ойлаймын. Міне осылай.
Тағы бір айта кететін жайт, кәсіпкер Ерлан Раимов AlmaU университетінің бастамасымен қолға алынған «Аты аңызға айналған кәсіпкерлер» кітабының тізіміне енгізілген еді. Ондағы мақсат – жас ұрпаққа тәуелсіздіктің алғашқы жылдары кәсібін бастап, бар қиындықты еңсеріп, ел игілігі үшін еңбек етіп жатқан азаматтарды үлгі етіп көрсету.
А.БЕРДІБАЙҰЛЫ