БАҚЫТТЫ БАЛАЛЫҚ ШАҒЫМ ҮШІН

Аллаға шүкір, менің балалық шағым тәуелсіз Қазақ елінде, туған жерімде өтті. Азанда шыққаннан қас қарайғанша аулада балалармен асыр салып ойнаймыз. Қарнымыз ашса да, екі бетіміз алмадай қызарып тоңып қалсақ та, ойынның қызығына тоймай жүре беретін едік. Анамыз келіп жетектеп алып кететін. Пештің түбінде жылынып, ыстық сүтке май салып ішіп жататынбыз. «Әке, мені ұшыршы?». Жұмыстан шаршап келсе де біздерді аяғына салып жоғары көтереді. Екі қолымызды жайып «мен ұштым» қараңдар дейтінбіз. «Анашым, маған тәтті тоқаш пісіріп берші?» деп қалауымызды да айтамыз. Бір сөзбен айтқанда, балалық шағымыз риясыз бақытты күндерге толы болды.
Біз де есейіп, шаңырақ көтеріп, балаларымызды тәрбиелеп жатырмыз. Бірлігі бекем, тіршілігі тату Тәуелсіз мемлекетіміздің дамуы жолында қызмет етуге әзірміз. Бағасын білген адамға ең ғажап уақыт ‒ бостандық. Тәуелсіздік. Ешкімге алақан жаймай, балаларды бақытқа бөлеп өсіру. Тәңірге тәубе, тату-тәтті тіршілік етіп жатырмыз. Ең басты бақыт − елдің тыныштығы, балалардың амандығы. Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын!!!
Гүлбану МАҚАЖАН