Кәсіподақ көшбасшыларының жаңа есімі
Өткен аптада Қызылорда облысы Құрылыс комплексі және Тұрғын үй коммуналдық шаруашылық қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Серік Мырзаханұлы бастаған бір топ делегат Нұр-Сұлтан қаласына жол тартты. Олар "Жастар жылы" аясында өткізілетін "Jana esim" салалық кәсіподақ көшбасшыларының республикалық слетіне қатысты. Әр өңірден келген жастар, сондай-ақ кәсіподақ ардагерлерімен қатар шетелден арнайы қонақтар шақырылды.
– Бұл – жастар жылы. Айтулы мерекеде кәсіподақ жастарын марапаттау бізге парыз деп есептейміз. Жастардың жұмысына оң баға беру арқылы оларды ынталандырамыз. Шеруге Қызылорда облысынан үш адамды әкеліп отырмын. Олардың бәрі де өз ісінің майталманы. Айта кету керек, кәсіподақ қызметкерлері арасында слет алғаш рет өтіп отыр. Белорусия, Грузия, Өзбекстан, Қырғыстан, Ресейден азаматтары қонаққа келді. Слетке қатысушы жастар арасында құрылысшылар, ағаш өндеу және құрылыс материалдары саласының қызметкерлері де бар, – дейді Серік Мырзаханұлы.
Айта кететін жайт, ұйымдастырушылар осы шеру алдында бірер ай бұрын арнайы оқытудан өткен жастарға әлеуметтік жоба әзірлеуді тапсырған. Әрі ол жоба қорғаушының тұратын жерінде тәжірибеден өткізілуі шарт.
– "Jana esim" слетінің мақсаты – Құрылыс және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы саласында жұмыс істейтін және салалық кәсіподақтың белсенді жастарын марапаттау, сонымен қатар жұмысшы жастар арасында әлеуметтік белсенділікті анықтау, көшбасшылық қабілетті арттыру. Салтанатты рәсімде 32 үміткер арасынан 12 жоба қатысушысы марапатқа ие болды. Сонымен бірге шараның басы-қасында жүрген еріктілер де марапатталды. Келер жыл "Еріктілер жылы" деп жарияланғаны белгілі. Жыл аясында еріктілерге де ерекше көңіл бөлінеді. Оны уақыт еншісіне қалдырайық, – дейді «ҚР құрылыс кешені және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Құсейін Есенғазин.
Шара барысында әр өңірден келген делегаттардың бір-біріне бауырмалдылығы, сыйластығы сезіліп тұрды. "Жұмыла көтерген жүк жеңіл" деген қағиданы ұстанған жастар сахнада бірге ән шырқап, би биледі.
Нәби Гулзи Әскенқызы, сарапшы, мотиватор:
– 32 жобаның ішінен 12-сі іріктеліп алынды. Бұл жобалардың әрқайсысының өзіндік пайдасы бар. Бірі денсаулық саласын дамытуға бағытталса, енді бірі науқас балаларға қолдау көрсетуге арналған. Сондай-ақ құрылыстағы техникалық қауіпсіздік те қамтылған. Жастардың өмірге деген ынтасын, жұмысқа деген қызығушылығын көріп қуанып отырмыз. Жастарды ынталандыру мақсатында жүлде қоры тағайындалды. Айта кететін жайт, бұл жоба келесі жылы да жалғасады деген ойдамыз.
«Жастар: еңбек қауіпсіздігін күшейту және саламатты өмір салты үшін» номинациясын «ҚР құрылыс кешені және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» ҚБ «Астана» қалалық филиалының төрайымы Тілеулес Балташқызы салтанатты түрде табыстады. Сонымен І орынға Айсұлу Жұмабек лайықты деп танылды. Ал жүлделі ІІ орын Талғат Орынбаевқа бұйырды. ІІІ орынды Рустам Жанболатов пен Рахпар Кұрманалиева иеленді, тағы ІІІ орын иегері ретінде Айнұр Оңалдинова жеңіс тұғырына көтерілді.
Айсұлу ЖҰМАБЕК, І орын иегері, "Астана су арнасы" МКК қызметкері:
– Жобада жеңімпаз атанамын деген ой болған жоқ. Жеңімпаздар қатарынан көрінгеніме қуаныштымын. Қобалжып тұрғанымды да жасырмаймын. Осындай игілікті шараның ұйытқысы болып, әр өңірден келген жастарды бір арнаға тоғыстырған ұйымдастырушыларға алғыс білдіремін. Көптеген адамдармен танысып, жаңа достар таптым. Өзімнің басшылығыма, тобыма алғыс білдіремін. "Астана су арнасы" МКК қызметкерлерін жеңісімен құттықтаймын.
Жастар дайындаған жобаға қойылатын басты талап жұмыс орнында немесе қоғамда орын алған қандай да бір мәселені шешуге бағытталған. Мәселен, «Жастар: қызметкерлердің лайықты құқығы үшін» номинациясында Аягүл Дәулетжанованың жобасы әлеуметтік желіде шу болған құрылыстағы шетел азаматтары мен жергілікті азаматтар арасындағы түйіткіл мәселені шешуге бағытталған. Ол өз жобасында қызметкерлердің құқығын қорғап, мәселені шешудің жолын табуға тырысқан. Ал астаналық Назым Әбдібекова "Жақсылық жаса" жобасы бойынша ІІ орын иеленді. Ол жастарды онкологиялық аурумен ауыратын науқас балаларға қолдау көрсетуге шақырды. ІІІ орын Зәуреш Өтепова мен Бауыржан Шаймағамбетовке бұйырды.
Аягүль ДАВЛЕТЖАНОВА,
І орын жеңімпазы, «ССС» компаниясы еңбек қатынастар бөлімінің үйлестірушісі:
– Ең алдымен ССС (Consolidated Contractors Company) Араб компаниясына алғысымды жеткізгім келеді. Ұжым сенімі мені шабыттандырды. Сенімді ақтағаныма қуаныштымын. Осындай шара ұйымдастырған кісілерге ризашылық білдіремін. Жобаға берілген уақытты тиімді пайдаланып, жеңіс тұғырынан көріндім.
Халықаралық және республикалық шараларда белсенділік танытып, жобаны сәтті орындаған қатысушылар «Жаңа есім» номинациясы бойынша марапатталды. Мәселен, І орын Богдан Андриенкоға, ІІ орын Ұлболсын Мектеповаға, ІІІ орын Нұрлан Ибрашев пен Әсел Арыстанғалиеваға табысталды.
– Қайырлы күн құрметті достар! Менің аты-жөнім – Богдан Андриенко, – деп бастады "Jana esim" жобасының жеңімпазы. – Мен жобамды бес минуттың ішінде түсіндіре алмаймын. Оны сайтқа кіріп, көзбен көру керек. "Жобаның маңыздылығы неде"? деген ой келеді. Бұл жоба құрылыстағы техникалық қауіпсіздікті сақтауға бағытталған. Бұл халықтың пайдасы үшін жасалды, тиімділігі де көп. Жоба үшін кері байланыс аса маңызды. Мен кері байланыс арқылы жобаның қаншалықты жұмыс істейтінін, тиімділігі қандай болатынын жақсы білемін, – деді жеңімпаз.
Ақнұр БЕКНАЗАР,
Құрылыс комплексі және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық қызметкерлерінің салалық кәсіподағы" қоғамдық бірлестігінің жастар кеңесінің төрайымы:
– Биыл "Жастар жылы" деп жарияланғаны белгілі. "Құрылыс комплексі және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық қызметкерлерінің салалық кәсіподағы" қоғамдық бірлестігі бір жыл ішінде үлкен көлемде кеңес өткізуді жоспарлады. Нәтижесінде Атырау, Қарағанды, Шымкент қаласында семинар өткіздік. Семинар кезінде құрылысшылар жобаны қалай жазу керегін үйренді. Қатысушыларға арнайы тапсырма берілді. Семинарға 120 жұмысшы жас қатысты. Оның 32-сі жоба тапсырып, 12-сі іріктеуден өтті. Қазанның 25-іне дейін әлеуеттік бір жоба жасау керек болатын. Ережеге сәйкес қорғайтын жобасы жұмыс орнында немесе тұратын қаласында тәжірибеден өткізілу керек.
P.S. Республикалық слет соңында Өзбекстан мен Қазақстан кәсіподағы арасында мемерондумға қол қойылды. Сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласының көрікті, мәдени жерлеріне экскурсия жасалды, делегаттар үшін арнайы мерекелік кеш ұйымдастырылды.
Мөлдір КЕНЖЕҒҰЛОВА