» » Балшықтан табыс тапқан

Балшықтан табыс тапқан

   Ебін тапсаң балшықтан да байып шығуға болады. Мұны жаңақорғандық Нарзулла Искаков еселі еңбегінің арқасында дәлелдеп жүр. Кейіпкеріміз  жақында алғаш болып бентонитті балшықтан кірпіш өндіретін кәсіп түрін қолға алды. Бүгінде Нарзулла зауытының іргетасы қаланып қойған. Енді ерте көктемде керамикалық кірпішті өндіріп, құрылыс жүргізушілерге өнімін ұсынады. Жағымды жаңалықты естіп,  мән-жайды кәсіпкердің өзінен сұрадық.
– Зауыт құрылысы жыл соңында бітсе, бұйыртса ерте көктемде іске қосамыз. Жеріміз табиғат байлығының түр-түрінен кенде емес. Керамзит кірпішін өндіру туралы идея Өзбекстанға сапарлатып барғанда туды. Көшедегі кірпіш жарнамасын көзім шалып, құрамына қызықтым. Бентонитті балшықтан кәдімгі кірпіш жасап шығарыпты. Қатты қызыққаным соншалық жасаудың жай-жапсарын іздестіре бастадым. Ең бірінші мені бентонитті балшықты қайдан аламын деген сауал қызықтырды, – деп әңгіме өрбітті ол.
Кәсіпкердің айтуынша,  мұндай саз балшық Кеңес үкіметі кезінде Жаңақорған ауданындағы Аққұм деген ауыл маңайында қазылып, Ресейге жөнелтілген екен. 1971 жылы Жаңақорғанның сазынан көрші мемлекет өнім шығарған екен. Кәсіпкер осыдан кейін-ақ әлгі аумақтың топырағын сараптамаға жіберіп, өзі кірпіш өндірудің техникасын меңгеруге кіріскен. Алақандай ауылдан мұндай бағалы балшықтың шығуының тарихы әріде екен. Мұны ауылдың тұрғыны Тілеухан ақсақал айтып берді.
– Ауылдан керамиканың шыққанына жарты ғасырдан асты. Бастапқыда Кеңес үкіметі сараптамадан өткіземіз деп тереңдігі 3 метр, ені 40, ұзындығы 60 метр болатын шұңқырдан керамиканы қазып алды. Бұл жағдай 1995-96 жылы да қайталанды. Сыр өңірінде жүзеге асырылмайды деп Алматыда өндіру көзделген. Бірақ бәрі аяқсыз қалды. Қазір сол балшық толы шұңқыр әлі бар, жаңбыр жауса іші суға толады. Өйткені керамика суды жерге сіңдірмейді. Қаншама жыл қараусыз жатқан балшықтан кірпіш өндіреміз дегенді естіп қуанып қалдым. Табиғат байлығының осылай қараусыз қалуынан гөрі кәдеге асқаны жақсы ғой, – деді ауыл ардагері.
Бентонитті балшықтанөндірілген кірпіштің  өзгелерден айырмашылығы көп. Ең бастысы, табиғи өнім. Құрамында ешқандай химиялық қоспасы жоқ. Үйдің іші қыста жылы, жазда салқын болады. Бағасы да қолжетімді. Сонымен қатар көлемі де үлкен. Қоңыр түсті кірпіштің салмағы жеңіл болғанымен, сапасы мықты.
Нарзулланың өндіріске даярлап жатқан кірпіші елімізде тек Жетісу жерінде шығарылады. Енді Талдықорған зауытының басты бәсекелесі Жаңақорған кірпіші болғалы тұр.
Ерасыл ШӘРІБЕК
24 желтоқсан 2019 ж. 417 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031