Халал жай ғана жазу ма?
Қазақстан өз нарығында халал индустрияның стандарттарын толық сақтай алмай отырғанына қарамастан, халал белгісі бар өнімдерін экспорттап, шетелде мойындатқысы келеді. Ол үшін Түркиядан арнайы мамандарды шақыртып, осы саланы дамытудың қыр-сырын барынша үйреніп жатыр. Бірақ Қазақстан Түркия, Индонезия сияқты елдердің халал-киім, халал-косметика, халал-туризм сияқты бағыттарынан мүлде артта қалған. Тіпті елімізде қарапайым ғана қасапхананың өзінде еш талап сақталмайды. Мәселен, былтыр осы стандартқа сай азық-түлік өнімдері мен сусындар нарықтың 20 пайызын жаулаған. Ал, халал стандарттауды осыдан 30 жыл бұрын бастаған Түркия енді косметика, тоқыма өнімдерінде, қызмет секторында халал индустриясын көркейтіп отыр. Мысалы, халал туризмде бассейнде ерлер бөлек, әйелдер бөлек шомылады. Сондай-ақ дезинфекция, тазалық жұмыстары жасалатын барлық орта сол стандартқа жатады. Ал, халал киім дегеніміз халал малдың терісінен тігілетін өнімдер және бұған аса жауапкершілікпен қарайды. Тіпті стандартқа сай болмаған жағдайда жұмысын тоқтатуға дейін барады. Ал, халал сертификатын ерікті түрде беретін Қазақстанда өнімдерді тәркілеу, кәсіпорынды жауып тастау құқығы қарастырылмаған. Тек айыппұл салу не болмаса сертификатты кері алумен шектеледі. Ал, халал белгісін тағып алып, талапты орындамайтындармен күресу шет елдердегідей қатаң жүргізілмейтін сияқты. Керек десеңіз, кәдімгі жұмыртқаға да халал сертификаты қажет. Шынында да, қазір жұмыртқа алу үшін тауық ұстаудың қажеті жоқ. Жұмыртқаға халал сертификаты керек деген күлкілі көрінуі мүмкін. Бірақ әлем елдері экспортқа шығарылатын жұмыртқаның халал сертификаты болғанын қалайды. Өйткені қазір қолдан жұмыртқа жасаушылар көбейді. Әсіресе, Қытай жұмыртқаның сары уызының орнынан желатинді пайдалануда. Ал желатиннің қандай жануардың сүйегінен жасалып жатқанын ешкім білмейді. Сондықтан шетелдік тұтынушылар сертификат талап етеді.
Соңғы уақытта әлеуметтік желіде қасапханалардың малды басынан ұрып өлтірген тоқпен ұрған бейнежазба тарады. Бұл енді шариғат талаптарына,мүлдем сәйкес емес. Қазақстан азық-түлік өнімдерін өндіріп, Ислам елдерінің халал нарығына шығып отыр. Әсіресе ет өнімі сұранысқа ие. Бірақ экспортқа шығып отырған мұндай компаниялар саусақпен санарлықтай. Бізде стандарт бар. Халал индустриямен айналысатын кәсіпорын жеткілікті. Тұтынушы тарапынан сұраныс та жоғары. Ендеше бас қатырып, «велосипед құрастырудың» қажеті жоқ. Дайын велосипедке мініп ап, жүйтки беру ғана қалып отыр.
БАЙСУАН