» » Халал ма, харам ба?

Халал ма, харам ба?

  Бүгінде елімізде «халал» белгісі бар өнімдер мен қызмет түрлері халықтың жоғары сұранысына ие болып отыр. Әрине ішер асыңнан бастап, киер киіміңе дейін адалдан болғаны жақсы-ақ. Бірақ тек пайда табуды көздегендер  «халал» белгісін оңды-солды пайдалануға көшті. Сарапшылардың айтуынша, халал белгісінің танымалдылығы артқан сайын сондай өнімді қолдан жасайтындар қаптап кеткен.
 Еліміздегі халал индустриясы ешбір мемлекеттік орган арқылы бақыланбайтындықтан, пысықайлар халықты жалған халал өнімдермен қамтамасыз етіп келген. Сондықтан еліміздегі «Ата дәстүр мұрагері» қоғамдық қорының өкілдері халыққа «халал» бренді бар өнімдерден сақ болу керектігін ескертіп отыр. Жақында аталмыш қоғамдық қор өкілдері мен құқық қорғаушылар жүргізген тексеріс нәтижесінде дүкен сөрелерінен алынған халал белгісі мен «мұсылмандық» деген жазуы бар 150 өнімнің тек 14-і ғана өз белгісін ақтап шыққан. Демек талай адам алданып жүр. Өндірушілер халықты алдап, тұтынушы құқығын бұзып отырғаны белгілі болса да, біз оларды жазалай алмаймыз. Өйткені, елімізде ресми түрде халал белгісі бар өнімдер белгілі бір мемлекеттік орган арқылы қадағаланып отырған жоқ. Халал өнімдерді бақылайтын арнайы құзырлы орган болмайынша, жалған өнімдерге тұсау салу мүмкін емес.
      Сондай-ақ елімізде  халал белгісі бар 70-тен астам тамақтану орындары талапқа сай болмай отыр.  Тіпті өнімдерін жасырын цехтарда дайындайтын алаяқтар да қорап сыртына халал белгісін соғып, сауда сөрелеріне тоғыта беретін болған. Сондықтан, бұл мәселені мемлекеттік тұрғыда реттеу қажеттігі туындап отыр.  Халал – тұтас бір индустрия.  Бүгінде әлемдегі 148 елде халал бағыты жақсы дамыған. Халал брендін кім көрінген пайдаланып, көпшіліктің түсінбестігін тудырмау үшін халал өндірісі мемлекеттік тұрғыда бақылауға алынған. Осы орайда 10 миллионнан астам мұсылман өмір сүретін біздің мемлекетімізде де халал индустриясын зерттеп, сараптап отыратын арнайы дамыту орталықтарын ашатын кез келген секілді.
     Мәселен, осыдан біраз бұрын Елордамызда халал такси қызметі пайда болды. Бірақ көп жұрт соның кейін қатардағы таксиге айналып кеткенін айтуда.   Сондай-ақ тойда  уағыз айтып, шариғаттан сыр шертетін халал асабалар да шыққан. Әлбетте олар жүргізетін тойда дастарқанға ішімдік жоламайды. Соңғы бір жылда Алматыдай алып шаһарда 15-ке жуық сауна, 70-ке жуық халал дәмхана ашылған. «Моншаның адалы бола ма?» деп аң-таң қалып жүргенде көлік жөндеу орталығына да халал брендін бергендер кездесті.    Қарап тұрсаңыз, қазір халал емес нәрсе жоқ. Халал сабын, далап, сабынсу сататын дүкендер өнімдерді Малайзия, Мысырдан алып келеді. Бірақ, бұл тауарлардың сапасына жауап берер ешкім жоқ. Сыртындағы араб жазуларына қарап,   дүкенді халал атандырып жүрміз. Шындығында, Құрандағы харам аталған тағамдардың адам баласы үшін зияны ұшан-теңіз екендігі дәлелденген. Сондықтан түрлі жаман аурулардың алдын алу үшін халал ас жеудің пайдасы орасан. Адам денсаулығына әсер ететін әлеуметтік факторлардың 50 пайызы –тамақтанудан, 20 пайызы – қоршаған ортаның әсері мен 20 пайызы – тұқым қуалайтын қасиеттерден, тек 10 пайызы ғана денсаулық сақтау жүйесінің жұмысына байланысты екен. Яғни «ауру – астан», екенін ескерсек, адал тағам тұтынудың маңызы зор. Адамның биологиялық өмір сүру ұзақтығы шамамен 150 жылды құрайды. Доңыз етін тағамға пайдаланбайтын Кавказ, Түркия, кейбір ислам мемлекеттері осы көрсеткішке жақындайды. Сондықтан еліміздегі халал өндірісін дұрыс жолға қоюдан ұтпасақ, ұтылмайтынымыз анық. Айтпақшы, Өзбекстан үкіметі биыл «халал» мөрін кез келген тауарға жабыстыруға заңдық тұрғыда тыйым салды.  Бізде де осы мәселені бір жағына шығаратын кез әлдеқашан жетті. 
Қараман
26 шілде 2019 ж. 801 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031