» » Ел естімеген сұмдық жаңалық

Ел естімеген сұмдық жаңалық

   Алматыда Асқар Салықбаев жетекшілік ететін «MTK Global Kazakhstan» компаниясы Тәуелсіздік күніне орай «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында кәсіпқой бокс кешін  ұйымдастырды. Аламанға 12 жұп жұдырықтасып, екі бірдей алтын белбеу сарапқа салынды.
Рейтингтік бәсекеде жеті қазақ боксшысы шаршы алаңға шығып, алтауы жеңіске жетті. Атап айтсақ, Мирасәлі Сәрсенов пен Рай Сейтжанов әзірбайжандық Асқар Рагимов пен Рамиз Мамадовты, Елшат Нығметолла мен Нұртас Әжбенов филипиндік Крис Альфанте мен Лэнди Крус Леонды, Абай Төлеш чехиялық Томаш Безводаны ұпай сандарымен ұтты.
Бірден айта кетейік, бұл кездесулердің бірінде де жеңіс жерлестерімізге оңайлықпен келген жоқ. Жат елдерден келген спортшылардың барлығы да қарымды екен. Кәсіпқой бокстағы карьераларын енді ғана бастап жүрген қазақ жігіттеріне өз жанкүйерлерін қуанту үшін сол жарыста көп тер төгуге тура келді.
Дарынды жас Нұрдос Төлебай мен Әзірбайжанның өкілі Нәби Абдуларамизов арасындағы жекпе-жек қана мерзімінен бұрын аяқталды. Бірінші раундта Нұрдос қарсыласын бүйірден ұрып, қарсыласын ауыр нокдаунға жіберді. Үзілістен кейін Қап тауының қыраны бәсекені жалғастырудан бас тартты.
Шаршы алаңда  Өзбекстанның екі бірдей былғары қолғап шеберінің өнерін тамашаладық. Әсіресе, Рио Олимпиадасының жеңімпазы, әлем чемпионатының күміс жүлдегері Фазлиддин Гайбназаровтың асқан шеберлігіне тәнті болдық. Даңқты боксшы украиналық Владислав Барановты бірінші раундта-ақ ұрып жықты. Ал Азия ойындары мен құрлық біріншілігінің жүлдегері Хуршид Тожибаев индонезиялық Айзек Джуниорды жеңді.
Сонымен қатар нигериялық Алиу Бамиделе Ласизи мен индонезиялық Хамсон Ламандау арасындағы жекпе-жек те көреремендердің көңілінен шықты. Рингке қазақтың зерлі шапанымен шыққан қара құрлық өкіліне спорт сарайына жиналған жанкүйерлер бірден қолдау көрсете бастады. Соның әсері болса керек, шаршы алаңда өзін тым еркін сезінген Ласизи бұл бәсекеде күмәнсіз жеңіске жетті.
Жерлестеріміздің арасынан тек Ескендір Харсанның жолы болмады. Осы күнге дейін жеті кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жеткен 22 жастағы Ескендір бұл жолы камерундық Томас Эссомбаға есе жіберді. Бәсеке басталған бетте Ескендір ауыр соққы жіберіп алды. Бірінші раунда екі нокдаун алса, үшінші раундта төреші бәсекені тоқтатуға мәжбір болды.
Кеш соңында екі бірдей алтын белбеу сарапқа салынды. Қазақ жанкүйерлері үлкен сенім артқан Сұлтан Зәуірбек Қытайдан келген Лешан Лиді ұтып, өзіне тиесілі WBC Youth World Champion (жастар) нұсқасының алтын белбеуін сақтап қалды. Қарсыласының екі көзі бірдей ісіп кетіп, көруден қалғандықтан бұл бәсеке мерзімінен бұрын тоқтатылды.
Қазақстаның тағы бір белді боксшысы Виктор Коточигов өзіне тиесілі WBC International нұсқасының чемпиондық тәжін қорғап қалу үшін Аргентинаның азулы боксшысы Хавьер Хосе Клаверомен күш сынасты. 10 раундтық сайыстың қорытындысы бойынша жеңіс бірауыздан жерлесімізге берілді. Осылайша, екі алтын белбеу де елде қалды.
Естеріңізге сала кетейік, бұл бәсекелер отандық «Қазспорт» арнасынан бөлек, АҚШ-тың әйгілі ESPN телеарнасы арқылы төрткүл дүниенің 60-тан аса мемлекетінде тікелей эфирден көрсетілді.
27 желтоқсан 2019 ж. 368 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031