Тоқаев 28 желтоқсанды жалпыұлттық аза тұту күні ретінде жариялады
Бүгін Алматы маңында жолаушылар ұшағы апатқа ұшырады. Соңғы мәліметтер бойынша 15 адам қаза болды
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 28 желтоқсанды жалпыұлттық аза тұту күні ретінде жариялады. Бұл туралы Sputnik Қазақстан тілшісіне президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли хабарлады.
"Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматының жанындағы жолаушылар ұшағының апаты мен сол жердегі адамдардың қазасына байланысты 2019 жылдың 28 желтоқсанын жалпыұлттық аза тұту күні ретінде жариялады", - деді Берік Уәли.
Ұшақ апаты
Қайғылы оқиға бүгін таңғы жетіде Алматы түбінде болды. Алматы әуежайынан Нұр-Сұлтанға ұшып шыққан Fokker 100 ұшағы көп ұзамай Талғар ауданындағы елді мекенге құлады.Ұшақ бортында 93 жолаушы, 5 экипаж мүшесі болған.
Соңғы деректерге сүйенсек, қаза тапқандар саны 15 адамға жетті. Көз жұмғандар арасында Informburo.kz ақпарат агенттігінің шығарушы редакторы Дана Круглова бар.
50 адам ауруханаға жатқызылған.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мерт болғандардың жақындарына көңіл айтты. Сонымен қатар, кінәлі тұлғалар қатаң жазаланатынын жеткізді.