» » Жастар жылынан Еріктілікке қадам

Жастар жылынан Еріктілікке қадам

   Жастар жылы Сыр жастары үшін табысқа толы жыл болды. Мәселен, Сыр жастарына заманауи үлгідегі облыстық жастар орталығы ғимараты пайдалануға берілді. Бүгінге дейін  орталық жұмысын 30 мыңнан астам жас пайдалануда. Үш аудандағы жастар ресурстық орталығы қайта жаңғыртудан өтті. Қаладағы жастар ресурстық орталығы жаңа ғимаратқа көшті. Байқоңыр қаласы жастары үшін арнайы ғимаратты жаңғыртудан өткізудің жобалық сметалық құжаты дайындалуда.
Өз саласында жетістікке жеткен көшбасшы аймақты 125 жас қала, аудан әкімдерінің арнайы сыйлығымен және республикалық Ғани Мұратбаев атындағы "Ғани" сыйлығымен марапатталды. Облыс әкімінің қатысуымен "Сыр үміті" жастар сыйлығы әр сала бойынша үздік деп танылған 20 жасқа табысталды. Сондай-ақ Жастар жылы аясында өткен қала және аудан жастарымен өткен облыстық байқаудың қорытындысымен "Ең үздік аудан жастары"  Жалағаш ауданы деп танылды. Лайық саналған 12 жас мемлекеттік "Дарын" сыйлығына ұсынылып, олардың үшеуі сыйлық иегері атанды.
Жаңа бизнес идеяларды іске асыру үшін 1077 жасқа мемлекеттік грант берілді. "Бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай" бағдарламасы аясында 44  жас өз кәсібін ашуға мүмкіндік алды. Дипломмен ауылға бағдарламасы аясында 323 маманға бір жолғы көтерме жәрдемақы, 503 маманға жеңілдетілген "Тұрғын үй" несиесі берілді. Тұрмысы төмен отбасынан шыққан, күндізгі бөлімде білім алатын 3500 мың студентке қоғамдық көлікте жеңілдікпен жүруге қолдау көрсетілді.
Облыс әкімінің грантын иеленіп, білім алушылардың саны 1014-ке жетті. Ресей үкіметі бюджеті есебінен Мәскеу мен Санк-Петербургтегі маңдай алды Инженерлік жоғары оқу орындарында білім алуға жолданған аймақ жастарының саны 550-ден асып, биыл олардың 181-і дипломын алды. 50-ден аса жас маман елде еңбек жолын бастады. Бұл жылы Сыр өңірінің спортшылары Әлем, Азия чемпионатттарында 168 медаль жеңіп алса, республика чемпионатарында 1420 медальға қол жеткізді. "Жастар жылында қандай жұмыстар атқарылды" деген сауалдың жауабын біз Жастар ресурстық орталығында өткен Жастар жылының жабылу, Еріктілер жылының ашылу салтанатында куә болдық.
Салтанатты кеште облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов Жастар жылының жемісті аяқталуымен құттықтады.
– Жастар жылында көптеген жұмыстар атқарылды. Жастар жылында ерекше қолдау білдірген экс әкім Қырымбек Көшербаевтың есімін айта кеткен жөн. Дегенмен бұған өңір жастарының қосқан үлесі де зор. Бұл сіздердің қоғамдық жұмысқа қалай араласуыңызға байланысты. Жастар жылында істелген жұмыстарға сыни көзбен қарайтын адам баршылық.  Әртүрлі пікірдің орын алуы – табиғаттың заңдылығы. Біз соның ішінде өзімізге қажеттілерін ала отырып, болашаққа қарай жүруіміз керек. "Мен бүгін отырмын, мені көш алып жүру керек" деп ойламаңыздар. Көш көшеді, сіз қаласыз. Бүгінгі заманда бір орында тұрып қалу өліммен тең. Көш сонында келе жатқан ақсақ түйенің бір ғана арманы бар дейді. Ол көш кейін қарай бұрылса, сол кезде алдынан шығамын дейді. Ешқашан уақыт көші кейін қарай бұрылмайды. Сондықтан асқақ түйенің кейпін киюге болмайды. Жетістіктерге тоқталар болсақ, қазан айында 20 жылдан кейін "Қайсар" командасы Қазақстан кубогы финалына шыққанда біздің жастарымыз жанкүйер болып, үлгі көрсетті. Әлеуметтік желіде болсын, өзге жерлерде де футболды көріп, қолдау білдіргенін сездік. Бір жарым сағат ойында Қызылорда халқы бір жұдырық болып біріккенін мойындау керек. Тағы бір қуанышымыз, "Қорқыт" құрамасының кубогты жеңіп алғаны. Ол бүкіл Сыр жұртшылығын қуантты. Мен ол азаматтарға "зейнетке шығып кетпей тұрып алғандарына шүкір" дедім. Бұл – күте білудің, үміттене білудің нәтижесі, – деді Н.Байқадамов.
Салтанатты кеште активист Нұрхан Айдаров, "Қазақстан КВН" Одағы Қызылорда КВН" филиалының директоры Әліби Басаров, "Жайдарман" академиясының директорыБағлан Қалиев облыс әкімінің алғыс хатымен  марапатталды. Ал "Үздік фильм" номинациясы Жасұлан Алдабергеновке, "Үздік жарнамашы" номинациясы Жасұлан Жақыповқа берілді.
"Жастарда өкпешілдік, күншілдік пайда болған сияқты. Өзара бір-бірлерінің жетістіктерін көре алмаушылық басым. Бұрында да болған, бірақ ол кезде жариялылық аз еді. Қазір соны ашықтан-ашық жариялайтын күнге жеттік, бұл дұрыс емес. "Жастар маған келмейді" дегеннен көрі, "мен сол жастардың арасында жоқпын" деп  қосылу қажет, өкпе айтпай, идея болса ұсыну керек. Азғантай ғана елміз сондықтан бір-бірімізге "Болар елдің баласындай бір-бірімізге батыр дейік. Сондықтан патриотизммен жалған популизмді ауыстырып алмауларыңызды сұраймын", – деді облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов. Иә, бүгінде жастар арасында бір-екі шара өткізіп, жоба қорғап, "мен осы сыйлыққа лайық едім" деген жастар қатары көбейді. "Үлкен еңбекпен келген дүниенің дәмі болады. Жеңіп келген біреудің бере салғанының қадірі болмайды. Әр мәселені келесі жетістікке жетудің баспалдағы деп санау керек. Әр кедергіні маған бөгет екен деп қарамаңдар. Әр жетістігім алда екен деп қараңыздар. Қаншама жастың арасынан төрде өкіл болып отырғаныңыз, сіздің көшбасшы екеніңізді білдіреді. Фейсбуктан көргендер сізді сынайды. "Бұлар неғып отыр бізден бөлініп, өмірі дастарқаны жиылмайды" деп. Ал сіздер соған: "Мен үздік болған соң дастарқанда отырмын" деп дәлелдей алуыңыз керек. Сынаған адамның алдына басынды иіп: "мен барып едім, сен бармай қалдың" деп кешірім сұрайтын жағдай емес. Үздіктер ғана алда жүру керек, қалғандары еру керек", – деді облыс әкімінің орынбасары әлеуметтік желідегі жастар арасындағы сан түрлі көзқарас жайында.
Қуаныш ҚУАНТҚАНҰЛЫ,
Қызылорда облыстық Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы:
–  Биыл мемлекетіміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлының бастамасымен Жастар жылы болып жарияланды. Үкімет тарапынан арнайы жол карта бекітілді. Жергілікті арнайы іс-шаралар бекітілді. Жоспарға енген барлық талаптар орындалды. Өздеріңіз көріп тұрғандай, жастардың кез келген ұсынысын жүзеге асыруға толықтай мүмкіндік бар. Түнгі мезгілде де жұмыс жасау талабы қойылды. Дегенмен ата-аналардың сұранысына сәйкес жаттығу залы түнгі 12-ге дейін болып бекітілді. Жастар бастамаларын қолдау мен олардың шығармашылығын арттыруға бағытталған әлеуметтік жобаларға қаралған қаржы көлемі 34 пайызға артты. Жастардың қоғамдық ұйымдарын қолдау 37 жобаны жүзеге асырса, биыл олардың саны 49-ға жетті. Қызылорда облысында Жастар жылын өткізу жөніндегі кешенді іс-шаралар жоспарына ұсынылған 28 жаңа жобаның 14-і бюджеттен қолдау тапты. Қолдаудың нәтижесінде Жастар жылында аймақ жастарының ұсынысымен тұңғыш рет көршілес Түркітілдес елдер жастарының фестивалі, республикаға Сыр өңірі бастамашы болған жас ІT мамандарды даярлауға бағытталған жастар эшалоны, аймақтың туристік әлеуетін насихаттау, тарихи-мәдени орындарды таныстыруға бағытталған республикалық лагерь, облыс әкімінің жүлдесі үшін Жайдарман ойыншыларының республикалық әзіл кеші, Өңірлік тапқырлар алаңы қатысушылармен ашық аспан астындағы жастар кеші, ауыл жастарының слеті, "Жастар еңбек" бригадалары ұйымдастырылды. Жастардың стартап бизнес идеяларын жинақтап, инвестрлар алдында қорғауға ықпал еткен Бизнес хаб жобасы ұлттық режимде бірінші рет жүзеге асты.
Бауыржан МАСТЕКОВ,
облыстық жастар ресурстық орталығың директоры:
Бұл игілікті шара Жастар жылын қорытындылау мақсатында өткізілді. Жасалған жұмыстарды саралау, алдағы мақсат міндеттерді айқындау, еріктілер жылына Сыр елінің жастары дайын екенін, қандай бағытта жұмыстар атқаратынын нақтылау керек. Өздеріңізге белгілі, Жастар жылы Сыр елінің жастарына табысты,жемісті жыл болды. Келесі жылда да осы басталған жұмыстар қарқынды жүзеге асады. Еріктілер жылында көптеген игі бастамаларды, жобаларды жүйелеу қажет. Алдағы мақсат – осы.
Нұрхан АЙДАРОВ,
Белсенді жас:
Байқасам, 2007 жылдан бері жастар саясатында жүр екенмін. Осы уақыт аралығында біршама жұмыс атқардық. Көптеген жастарды танып-білдік. Жастарға жол көрсетіп, кеңес бердік. Керек кезде жастардың қасынан табылдық. Міне, бұл айтулы күнде аймақ басшысының алғыс хатына ие болдым. Еңбектің еленгенін марапат алғанда білеміз ғой. Барлығына биіктерден көріне берсін дегім келеді. Жастар жылында қандай жетістікке қол жеткізсек, Еріктілер жылында бұл жетістік еселенсін дегім келеді. Барлық достарымды келе жатқан Еріктілер жылымен құттықтаймын.
Бақытбек Кенжебек,
ерікті жас:
– Жастар жылында біз не жасадық? Біз жастарға берілген мүмкіндіктерді пайдалана отырып, көптеген қалалардан білім жетілдірдік. Жастар орталығының қолдауымен Балалар үйінің оқушыларымен, қала мектептерінің бірігуімен сурет салу, шахмат, садақ ату ұлттық спорт ойын түрлерінен үлкен іс-шара өткіздік. "Golden Qazakhstan" ұйымын құрудағы мақсатымыз – Қызылорданың жастары Еріктілер жылына дайын екенімізді көрсеткіміз келді. Еріктілер жылына біз қазан айынан бастап дайындалу үстіндеміз. Жастар жылын қалай қорытындыласақ, Еріктілер жылында да осындай жетістікке жетейік.
Мөлдір КЕНЖЕҒҰЛОВА,
суреттерді түсірген Нұрболат НҰРЖАУБАЙ
31 желтоқсан 2019 ж. 395 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031