Иранда 180 адам мінген ұшақ апатқа ұшырады
Иранның ресми және жартылай ресми ақпарат құралдары 8 қаңтарда Тегеран әуежайы маңында Boeing 737 жолаушылар ұшағы апатқа ұшырағанын хабарлады. Ұшақта 180 адам болған.
Ұшақтың "техникалық мәселелерге" байланысты құлағаны айтылады. Ақпаратты әуежай басшысы растаған. Әзірге зардап шеккендер мен қаза болғандар жайлы ақпарат жоқ.
Иранның мемлекеттік Fars агенттігінің жазуынша, Украинаның халықаралық авиалиниясына тиесілі ұшақ Имам Хомеини әуежайынан әуеге көтерілген кезде құлаған. Әзірге толық емес ақпарат бойынша, Boeing 737 Киевке ұшып шыққан.
Reuters-дің жазуынша, Иранның азаматтық авиация ұйымының ресми өкілі Реза Джафарзадэ мемлекеттік арналарға апат орнына құтқарушылар жіберілгенін хабарлаған.
"Ұшақ өртенген, бірақ сонда да құтқарушыларды жібердік, мүмкін кейбір жолаушыларды құтқара алатын шығармыз" деді Иранның төтенше қызметінің басшысы Пирхоссеин Куливанд.
Иранның азаматтық авиация ұйымының басшысы ұшақта 170 жолаушы болғанын айтады.