» » Мақам орындаған сайын түрлене береді

Мақам орындаған сайын түрлене береді

Айдос РАХМЕТОВ, айтыскер ақын, жырау:

– Сізді халық жырау есебінде біледі. Сондықтан сөздің басын мағыналары ұқсас «жырау», «жыршы», «термеші» деген ұғымдардың аражігін ажыратумен бастасақ...
– Жыршы – ақындығы жоқ, бірақ өзгелердің жазған көлемді шығармаларын жаттап алып, тыңдарманға жеткізуші. Ал, термеші – бірнеше термені жатқа айта алатын адамға айтылады. Өз қиялынан өлең шығаратын ақын әрі жатқа толғаулар, поэмаларды таңнан-таңға соғып жырлай алатын адамды – жырау деп атайды. Жыраудың аясы өте кең. Жырау – әңгімешіл, шежіреші, ақын секілді қасиеттерді бойына жинай білген адам.
– Жазба әдебиет қалыптасқанға дейін жыраулық өнер үлкен күшке ие болғаны белгілі. Бұрынғы қазақтың өмір-салтында жырау халық үшін нендей маңызға ие болды?
– Жыраудың өзгелерден айырмашылығы ханның жанында жүріп, кеңес айтушы ақыл иесі болған. Елдің тұрмысын, қиындығын ханға тура жеткізуші ­­әрі билік пен халық арасындағы көпірге айналған тұлға. Оған қоса, жаугершілік кезеңде тура жол көрсетіп, ел ішіндегі келеңсіздіктер мен руаралық араздықтарды шешуде бітімгер рөлін атқару арқылы үлкен беделге ие болды. Сол себепті жырау  идеолог қызметін атқарды деп толық айтуға болады.
– Өзіңіз қай жастан жыраулық өнерге қызыға бастадыңыз?
– Мектеп жасынан айтысқа, жыр-термеге құмарттым. Менің нағашым, Әбілда Жүргенбаев Нартайдың бригадасында болып, Кененмен айтысқан, «Халық ақыны» атағын иеленген талантты жан еді. Сондықтан ақындық қанымда болған соң осы өнерге қатты ықыласым ауды.
  5-сыныптан бастап домбырамен өлең айтып жүрдім. Алғаш Шынболат Ділдебаевтың «Шындық туралы толғауын» шама-шарқымша айтумен болдым. Бекарыс Рүстембеков, Әлмырза Ноғайбаев, Алмас Алматовтың үнтаспаларын тыңдап, мақамын салуға талпындым. Әкем отын-шөпке пайдалануға трактор алып берген. Соның ішінде магнитофонды қосып, жырауларды тыңдадым. Көшенейдің дауысын үнтаспадан естігенімде қосылып айтқым келді. Сыныптың балаларымен көңіл көтеру, ойын деген қызықтырмай, бар ынтам жырауларға ауды. Кейіннен термеші Қонысбек Қираевтан алғаш домбыраға мақам салуды үйрендім. Қонысбек ауыл аралап жырлаушы еді. Жанынан қалмай үйренуге тырыстым. Уақыт өте өлең шығаратын қабілет пайда болды. «Бес ғасыр жырлайды», «Ай, заман-ай, заман-ай» кітаптарын оқып, жыраулардың керемет ойларына қызығып, өлеңге бетбұрыс жасадым. Жыраулардан бөлек ақындардың өлеңдерін оқып, жаттай бастадым. Міне солай.
Өзі менің оқуға түсуімде қызық болды. Бір күні әкемнің інісі Қидарбек жырау жыр айтқанымды көріп: «Дауысың бар екен ғой, таста тракторыңды, оқуға түсесің! Мен сені Алмасқа апарамын» деді. Сол кезде сезіндім жыр-дастанды орындай алатынымды. Содан қалаға келіп, Алмас Алматовпен кездесіп, 1997 жылы Қорқыт Ата атындағы ҚМУ-да жаңадан ашылған жырау, термешілер кафедрасына оқуға қабылдандым.
– Сыр өңірінің жыраулық мектептері мен мақамдық ерекшеліктеріне тоқтала кетсеңіз...
Мақамды жыраулық мектеп қалыптастырмайды, тұлғалар дүниеге әкеледі. Мәселен, Арал өңірінің тумасы Дәріқұл, Жаңаберген жыраулардың мақамдары бар. Сол мақамдарға Нұртуған ақынның өлеңдерін салып жырлаған.Сары жырау, Жәметтің, Берекет Омаров, Жиенбай жыраудың мақамы деп нақты қалыптасады. Әр жыраудың өзіндік стилі болады. Бұлар Сыр бойы мақамдары болып сақталды.
­– Ең күрделі мақамды айта аласыз ба?
­– Ол орындаушыға байланысты. Орындаушы түрлі қылып орындай береді. Мақам белгілі-бір нотаға байланып қалмайды. Балқашбай, Әбілда орындағанда өзінше орындаған. Қармақшыда Әбілда жырлап отырған кезде Рүстембек: «Самородный ғой бұл»,  деп арқасынан қағып отырады екен. Сонда Көрұғлын Рүстембек бір апта жырлағанда ізінен еріп жүріп жаттап алған Әбілда.
– Аға, осы мақамды ұстаздың қасында жүріп үйренген дұрыс па, әлде университеттен үйренген дұрыс па?
Жырау деген музыкант. Сол үшін нотаға байланысты сауаты болғаны дұрыс.  Домбыраны да кәсіби меңгерсе, ол үлкен артықшылық дер едім.  Алайда нота тек мәдени мұра жойылып кетпес үшін ғана керек. Негізі нотаға қарап отырып тартса, айтарлықтай әсерлі болмайды. Тыңдап, бойыңа сіңірсең жыр-дастанды орындауға шабыт ашылады. Мақам орындалған сайын түрлене береді.
– Неліктен сахнада орындала бермейді?
­– Қазір аймақ көлемінде көп орындалып жүрген 3-4 мақам бар. Сыр бойында одан өзге мақам жоқ секілді. Негізіне келгенде мақам көп.
– Өзіңіздің қорыңызда қанша жыр-дастан бар?
­Иса Байзақовтың «Құралай сұлу» деген поэмасы, Заметдин Ибадуллаевтың «Түлкібай батыры», Молда Мұсаның «Сұлу әйел мен молда» поэмалары, Базар жырау, Тұрмағамбеттің толғаулары бар.
– Көлемі жағынан Қырғыздың «Манас» жыры бар. Ал біздің қазақта көлемі жағынан ең үлкен дастан қайсы?
­– Көп. «Бабалар сөзі» сериясымен жарыққа шыққан туындылардың көлемі де аз емес. Бір «Көрұғлы» дастанының өзі сала-саламен жалғаса береді. «Қырымның қырық батыры» да көлемді. Көлемді шығармаларды толық орындап шығу біраз еңбекті талап етеді. Кезінде Мұрын жырау Сеңгірбайұлы деген Қырымың қырық батырын түгел жырлаған екен. Оның жазба нұсқасы сақталған.
­­– Ұстаздығыңыз жайлы айтып өтсеңіз...
«2008 жылдары шәкірт тәрбиелейсің бе?» деген ұсыныстар көп болды. Ақынды қолдан жасау мүмкін емес. Жыраулық класс есебінде ашайын, ақындыққа талабы барлар болса көрерміз дегем. Шүкір, қазір он жылдан аса уақыт болыпты. Көптеген шәкірттер шықты. Тек Сыр бойының мақамы ғана емес, кең таралған төрт мектептің мақамын толық қамтуға жұмыс істеудеміз.
– Соңғы сауал. Ақындық қырыңыз бар екенін білеміз. Айтысқа қалай келдіңіз?
– Аяқ астынан ақындық қасиетім оянды. Марқұм Дархан Оразымбетов екеуміз бір-бірімізге өлең жазып отырушы едік. Ол кезде айтысқа шығамын деген ойда жоқ еді. Атақты өтірік айтыстың шебері Заметдин Ибадуллаевпен кездесу болды. Сонда сол ақынмен бір-екі қайырым айтыс жасап, батасын алдым. Содан 3-курс оқып жүргенде «Студенттер көктемі» фестивалінде айтысқа шықтым. Оның алдында Серік Ыдырысов көкем қыз бен жігіт айтысының қыр-сырын айтып кеңес берді. Нәтижесінде айтыстың бас жүлдесін иелендім. Солай айтысқа араласып кеттім.
– Сұхбатыңызға рақмет!
А.БІТІМБАЙ
16 қаңтар 2020 ж. 582 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031