» » » Қорқыт ата – өркениет өлшемі

Қорқыт ата – өркениет өлшемі

Кенжехан МАТЫЖАНОВ,
М.Әуезов атындағы әдебиет және
өнер институтының директоры, 
филология ғылымдарының докторы, 
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

– Сыр еліне қош келдіңіз!
– Рахмет, інім!
– Аға, әңгімеміздің басын дала өркениетінен бастасақ...
– Қазіргі уақытта Қорқыт тұлғасын тұтас өркениеттің дара өкілі ретінде қарастыратын уақыт келді деп ойлаймын. Осы уақытқа дейін біз тұрған аймақтан бөлініп шығып, әлемнің түкпір-түкпіріне жеке ел болып тарап кеткен түрік тектес халықтар Қорқытты әрқайсысы өздеріне қарай икемдеп, тарихына енгізіп, аңыз-әңгімелер негізінде танып жүр ғой. Бір халықтарда ол – данагөй, абыз қарт, енді біреулерінде жыршы-жырау, енді біреулерінде аңыз-кейіпкері немесе мәңгілік өмірді іздеген жиһанкез сияқты болып жалғаса береді. Егер осының бәрін біріктіріп, тегіне үңілсек, осылардың түп тамырының бір жерге барып тірелетінін көреміз. Ол – бүгінгі біз табан тіреп тұрған аймақ. Ал Қорқыт ата сол кездегі көне түркі мәдениетінің ажырамас бөлшегі. Расында да түркілер өткен замандардағы тарихи оқиғалардың куәгері ғана емес, оның қатысушысы және сол ұлы өркениетті жасаушы саналады. Өзінің тарихын кейінгі ұрпаққа аңыз-әпсана ретінде жеткізіп, қолжазба еңбектерге өрнектеп жазып та отырды. Түркілер тарих сахнасына пайда болғаннан кейін көрші жатқан қытай, монғол мен парсы тілдес халықтармен қарым-қатынас орнатып, мәдени және әдеби байланыстар жасады. Соның арқасында түркі даласында ұмытылмастай болып тарих, мәңгі өшпестей болып әдебиет қалды.
– Жалпы түркі әлемінде Қорқыт атаның алар орны қандай?
– Қазір әр халық әртүрлі пікірде. Өзі түркі халықтарының әдебиетінің тарихына үңілсек, Қорқыт ата мұрасы екі кезеңге бөліп қаралады. Яғни, қорқыттанушылардың бір тобы оның мұрасын Исламнан алдыңғы кезеңге жатқызса, келесі бір тобы Исламнан кейін дүниеге келген әдеби жәдігерлер қатарына қосады. Біздің заманымызға дейін бірнеше нұсқада яғни, Дрезден, Берлин, Ватикан және т.б. қолжазбаларды есептемегенде, ауыз әдебиеті арқылы жеткен аңыз-әпсаналар да жетерлік. Жазба нұсқалар Аллаға мадақ, пайғамбарға салауат айтып басталғаны көрініп тұрады. Бірақ аңыздар желісінен көне түркілік наным-сенімдерін де аңғаруға болады. Сондықтан Қорқыттың тарихи тұлғасы мен әдеби бейнесі екі кезеңді де қамтып тұр. Оның себебі Қорқыт тұлғасының Ұлы даланың ежелгі тарихында теңдессіз орын алып, көне түркі халықтарының санасында өшпестей болып жазылуында боп тұр ғой. Өткен дәуірлерде ерекше құрметке ие болған алып тұлға кейінгі дәуірде де көмескіленген жоқ. Керісінше ол халық арасында ауыздан ауызға тарап, тарихи тұлға ретінде түркі әлеміне тарап кетті. Әлгі пікірлердің де қарама-қайшылығы осы жерден шығып тұр ғой.
– Даудың жайы түсінікті. Әйткенмен тарих не дейді?
– Қорқыттың шыққан тегі де, өскен ортасы да – Ұлы дала. Бірақ екі түрлі пікірдің туындауы бұл дерекпен шектелмейді. Оны әлде де зерттеу қажет меніңше. Бір кездері қыпшақ және оғыз тайпалары қатар қоныстанған заманда өмір сүрген бабамыз қолындағы қобыздың қоңыр үнімен түркі дүниесін тербеп жыр айтқан, дүние туралы ой толғағанын білеміз. ІХ-Х ғасырларда оғыз тайпасы Кіші Азияға қарай көшкенде олар Қорқыт мұрасын өздерімен бірге ала кеткен. Мұның барлығы кейін түркі дүниесінің әлемге мақтана айтатын байлығы болып қалды. Жалпы Қорқыт жайлы жазбалар өткен ғасырлар жайлы мол сыр шертеді. «Қорқыт ата» кітабы – түркі халықтарының ортақ мұрасы. Оғыз тобына жататын түркілер (түріктер, әзербайжандар, түркімендер) «Деде Қорқыт» десе, қыпшақ тілді түркілер «Қорқыт ата» деп атайды. Ал шыққан тегі осы аймақ.
Қазір «Қорқыт ата» кітабының бірнеше нұсқасы бар. Қайсысына сүйенеміз?
– Иә. Солай. Ғылымға белгілі ең сенімді нұсқа – «Китаби Деде Қорқут әлә лисәни таифеи оғузан» деп аталатын Дрезден нұсқасы. Сонда «Хазірет Расул әләйһиссалам заманына жақын Баят тайпасынан Қорқыт ата деген бір ер шықты» деп басталады. Яғни, қолжазбаның атауы «Деде Қорқыт» болғанымен де, мәтіннің алғашқы жолдары Қорқыт ата болып берілген. Себебі, Ата – түркілер үшін қасиетті ұғым. Қазақ ұғымында да дәл солай. Қошқар ата, Шопан ата секілді ғой енді. Мұндағы ата деген жасы келіп, қартайған адамға емес, абыздық дәрежеге жеткен жанға қолданылады. Міне, солай. Сопылық таным дегенді естуің бар ма? Сонда кемелдікке жеткен адамды әулие деген. Ал, сол әулиелерді Ұлы дала төсінде ата деп атаған. Яғни, түркілік танымда ата мен әулие дегеніміз бір ұғымды береді. Тағы бір дерекпен бөлісе кетейін, «Қорқыт ата» кітабында «Қорқыт ата оғыздардың басына түскен барлық қиын мәселелерді шешіп отырған, қандай бір ауыртпашылық кездессе де, ел оны Қорқытпен ақылдаспай шешпеген» деген жолдар кездеседі. Кейбір ғалымдар абызды арабтың хафиз сөзімен байланыстырады. Хафиз деп қасиетті Құранды басынан аяғына дейін жатқа айтатын қариды айтатынын білетін шығарсың. Ал, түркілік ұғымдағы «абыз» даналықпен бірге болашақты болжайтын, бақсылық, көріпкелдік қасиеті бар адам. Осыдан Қорқыттың көне түркілік наным-сенім мен исламды ұштастырғанын көруге болады. Сондықтан Қорқыт жайлы сөз таластыру артық па деймін кейде.
– Қорқыт атаның өлімнен қашу оқиғасы көпке мәлім. Қарсы келген ажалдың бетін қобыз үнімен қайтарғаны да айтылады. Бұл да бір өнердің құдіреттілігі ме, қалай ойлайсыз?
– Солай десе де болады. Қарашы, Қорқыт аты аталған уақытта бірден құлағымызға қобыздың үні келеді. Оны жұрттан ерекшелейтін де осы тұс. Оның бойында қаншама өнер, ілім болған. Қорқыт – түркі халықтарының жыраулар дәстүріндегі маңызды тұлға. Қазақ әдебиетіндегі ақын-жыраулар, түрік, әзербайжандардағы жыраулық та соған барып тіреледі. Бабамыздан қалған тағы бір мұра – оның күйлері. Туған жеріне, оның табиғатына арнаған өлеңдері кезінде халық арасында кең тараған. Көп ғалымдар оның шығармаларының құрылысы қарапайым болғанмен, мазмұны терең деген пікір білдіреді. Оқып көрсең, шынымен сол ойларға келісесің. Өте мықты туындылар. Ал оның ұрпаққа қалдырған даналық сөздерінің орны бір төбе. «Тәкаппарды Тәңірі сүймес», «Сараңның малы тісіне тимес», «Өнерсіз қыз жаман, өнегесіз ұл жаман» деген секілді даналық сөздердің жастарды тәрбиелеуде алатын орны ерекше деп ойлаймын.
– Қорқыт ата мұрасы толық зерттелді деп айта аламыз ба?
– Бұл жайында кесіп айту қиын. Оны мойындау керек. Осы уақытқа дейін түркітанушылар, әдебиеттанушылар мен фольклортанушылар тарапынан жіті зерттелді дейміз ғой. Дегенмен, баба мұрасын қайта зерделеу, қол жеткізген нәтижелерді әлемдік деңгейде қайта насихаттау жағы қашанда өзекті. Сондықтан Қорқытты тұтас түркі жұртының кемеңгер тұлғасы ретінде кешенді тұрғыдан зерттеудің уақыты келді меніңше. Соған жұмыс істеу керек.
– Өзіңіз айтқандай, әлі де зерттеу керек бұл тақырыпты. Қорқыт мұрасына жайлы басқа айтарыңыз бар ма?
– Қорқыт мұрасы түркі халықтарының мақтанышы боп қала бермек. Ол жайлы жазылар дүниелер әлі де көп. Өзім мына жаңалықпен бөліскім кеп отыр. М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ұжымы «Исламнан алдыңғы түркі әдебиеті» антологиясын дайындау барысында Қорқыт мұрасына ерекше орын беріп отырмыз. Алла қаласа, алдағы жылдары қазақ әдебиеті 5 том, ауыз әдебиеті 10 том болып антологиялық жинақ түрінде қайта жарық көргелі отыр. Онда барша түркі халқына ортақ рухани мұралар кеңінен қамтылатын болады.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Ақтілек БІТІМБАЙ
26 қыркүйек 2019 ж. 1 497 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031