Альбина
Jurnalist
"Арқалағаны – алтын, жегені – жантақ" деп Шерхан Мұртаза айтқандай, бүгінгі заманның ащы шындығын айтатын, елдің мүддесін қорғайтын –журналистер қауымы. Егер олар бір нәрсені қолға алса, шешімін таппай тынбайтыны да белгілі. Сөйтіп "отқа да, суға да" түсуге дайын. Мұны әріптесіміз Тәжімұрат Әлжанов та өз сюжетінде дәлелдеді. Қақаған қыста мұздың адам өміріне тигізер зардабын көрсетті. Аязды күнде қауіпсіздік белдігін тақпай, суық суға түсті. Осындай көзсіз ерлікке барғаны кәсібіне деген адалдығын білдірсе керек. Айтып-айтпай не керек, мұндай ерлікке баратын журналистер Сыр өңірінде жетерлік. Жеке бастың пайдасын ысырып қойып, халыққа пайдасын тигізіп жүрген әріптестерім туралы қалай сөз етсем де жарасады. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз де журналистика саласында көп жылдан бері жұмыс істеп келеді. Ол – Альбина Байдүйсенова. Күн-түн демей қолына микрофон мен блокнотын алып, ауыл-аймаққа сапарлап кететін әріптестер қатарында.
Альбина Байдүйсенованың есімі аталғанда "Жаңа күн" бағдарламасы есімізге түседі. Иә, ол аталмыш бағдарламаның алты жылдан бергі жүргізушісі. Сондай-ақ "Салық және халық", "Қазақстан 2050", "Қара, оқы, ән сал", "17 жастар", "Еңбек түбі – береке" деген хабарлардың редакторы қызметін абыроймен атқарды. Қазір "Қайырлы кеш, Қызылорда!" бағдарламасын тізгіндейтін әріптесіміз "Сыр жұлдыздары", "Ботақан" деген үлкен жобалардың сценарисі әрі жүргізушісі ретінде де еңбек етуде. Түрлі тақырыпта қалам тербейтін әріптес аймақтың оң имиджін қалыптастыруға жұмыс істеп келеді. Тікелей эфир арқылы жүргізілетін бағдарламаның көрермені күн санап артып келеді.
Бүгінде телеарнаның продюсерлік қызметін атқаратын кейіпкеріміз Ә.Мүсілім атындағы №101 мектеп-лицейін тәмамдап, Қорқыт ата атындағы ҚМУ-да журналистика мамандығы бойынша білім алған. 2013 жылдан бері облыстық "Qyzylorda" телеарнасында тележүргізуші болып қызмет істеп келеді.
Альбинамен ең алғаш ҚМУ-дың бірінші ғимаратында таныстық. Таныстығымыз достыққа айналды. Екеуміз төрт жыл бір ұстаздан дәріс алдық. Ол біздің топ башысымыз болды. Топтағы 15 студент болса, соның барлығымен тіл табысты. Ұйымшылдық қасиеті басым. Оның үстіне біз үшін шыр-пыр болып жүретін. Ұстаздарымыздан "студенттерге тағы бір мүмкіндік беруін" сұрап жүретін. Бір қызығы, біздің топта бөліну деген түсінік болмайтын. Бұл Альбинаның адамгершілік қасиетінен болған сыңайлы. Алғаш кураторымыз Асыл Оразова апай болды. Альбина екеуінің мінезі де, сөйлеген сөзі де бірдей. Апалы-сіңілі секілді. Асыл Оразова бала күтіміне байланысты еңбек демалысына шықты. Сол сәтте бәріміз "енді кім келеді екен" деп қобалжумен болдық. Сонда "кім келсе де, ештеңені уайымдамаңдар. Өзім сендерге көмектесемін" деді. Айтқанындай-ақ, төрт жыл бойы жанымыздан табылды. "Мен топ жетекшісімін, менің сөзіме бағынасыңдар" деген сөзді Альбинадан ешқашан естімедік. Содан не керек, Аягөз Әбдіразақова куратор етіп бекітілді. Аягөз апайдың куратор болғаны былай тұрсын, ол кезде атын естудің өзі қорқынышты еді... "Аягөз апайдың сабағы болады" дегеннен әншейінде дәптердің бетін ашпайтын топтастарымыз сабақ оқуға кірісетін. Дегенмен мінезі қатал болса да бауырмал еді. Альбина апайдың сол қасиетін бірден аңғарды. Сөйтіп бірден тіл табысып кетті, бізді де жақындастырды. "Қорқынышымыз әп сәтте сейілді" десем, қателік болар, әйтеуір көзіміз үйренді. Өткенге көз жүгіртіп, мұның бәрін неге сөз қылып отыр деген ойда боларсыз. Айтайын, кейіпкеріміз жақсы құрбы, адал дос бола білді.
Журналистердің қай-қайсысы болмасын қолынан кітап түспейді. Бір кітапты бітіріп, екінші кітапты лезде бастап кетеді. Альбина да сондай. Студент кезден бастап, сабақ аяқталысымен кітапханаға тартатын. Ол кезде "Болашақ" университетінің жанында кітапхана болатын. Корпуспен арасы алшақ емес, әңгіме айтып, бес-алты қыз жаяулатып жүретінбіз. Альбина аз сөйлейтін қыздар қатарында емес. Ашық-жарқын, кіммен болса да бірден тіл табысып кетеді. Жол бойы өзі оқыған кітаптардан үзінділер айтады, қандай кітап оқу керегінен кеңес береді. Бірде Шыңғыс Айтматовтың "Ақ кеме" повесін оқығанын, одан алған әсерін айтты. Сол сәт әлі көз алдымда. Құдды сол әңгіменің бел ортасында болған дерсің.
Тағы бір қызығы, Альбина ас дайындаудың шебері. Дайындаған тағамы тіл үйіреді. Бірде қыздар жиналып үйіне қонаққа бардық. Ата-анасы жылы шырай танытып жақсы қарсы алды. Әкесі ақкөңіл жан екен, мінезі әкесіне ұқсағанын бірден аңғардық. Ал анасы өте сұлу, Альбина анасының аузынан түсіп қалғандай. Сол кезде жайылған дастарқан Албинаның қолынан шықты дегенге сену қиын. Анығында солай екен. Осылайша біз кейіпкерімізді екінші қырынан таныдық.
Альбинаның жұмысын әріптестері жақсы бағалайды. Жастардағы тың идея, алғырлық, позитивтілік қабілеттердің бәрі бар. Ол былтыр "Самғау" жастар сыйлығы мен «Озат тележурналист» номинациясын иеленді. Сондай-ақ облыс әкімінің «Саламатты Қазақстанның жаршысы» алғыс хатымен, телеарна директорының "Үздік тележүргізуші" номинациясымен, "Сот репортері" байқауының ІІІ орын иегері, жастар саясаты басқармасы басшысының алғыс хатымен марапатталды. Кейіпкерімізден алдағы уақытта да тың идея, жаңаша бағдарлама шығатынына кәміл сенімдіміз.
Мөлдір САБЫРЖАН