Кәсіптің тілін тапқан қыз
Бүгінде кәсіпкерлікке қадам жасап, отандық шағын және орта бинестің дамуына үлес қосып жүрген жастар жетерлік. Ең бастысы, олардың қатарында сауаты жоғары, өз ісін бес саусақтай білетін азаматтардың қарасы қалың. Оның ішінде пайдадан бұрын, сапалы отандық өнімді шығаруды мақсат еткендер де аз емес. Шыны керек, бұл жобалар ел экономикасына әжептәуір серпіліс әкеледі. Оны білікті мамандар да айтып жүр. Тіпті олардың тарапынан тың идеялар өмірге еніп жатыр. Бүгінгі біздің кейіпкеріміз Толғанай Жұмабекқызы да өз жобасын қолға алып, кәсібін дөңгелетіп отырған жандардың қатарында. "Жас келсе іске" дегенді ұран еткен ол ізденімпаз қасиеті мен қажырлы еңбегінің арқасында мемлекеттік бағдарлама бойынша 10 миллион теңге несие алып, ісін ілгері бастырып отыр.
Қанша уақыттан бері өзі армандаған жобаға қол жеткізген қызылордалық ару істің қиыншылығына қарамай, батыл шешімге келген. Бұл қаржыға жас кәсіпкер Жалағаш ауданына қарасты Ақсу ауылынан мал бордақылау алаңы мен жылыжай кешені құрылысын бастап кеткен. Қазірдің өзінде ол Ақсу ауылының тұрғындарын жұмыспен қамтып, көмек көрсетуде. Енді мал бордақылау алаңы салынып бітсе, оған 140 бас мал әкелінетінін, ал, жылыжай болса тұтынушыларды таза, табиғи өніммен қамтамасыз ететінін айтты кәсіпкер. Сонымен қатар көкөністер мен ет өнімдері ауыл мен бірге ауданға қарасты басқа да елді мекендерді қамтамасыз ететін болады. Әлемдік стандартқа сай келетін құрылыс нысаны Ақсуда ашылған алғашқы жылыжай. Құрылыс нысанының жалпы құны 40 миллион теңгені құраған. Бұған дейін мұндай маңызды жобаны ешкім қолға алмаған. Кәсіп иесінің жоспары іс жүзінде жүзеге асса ауылдағы жастардың жұмыссыздық мәселесі біршама шешіледі деген сенімде ол.
Тұтынушы қажеттілігін қанағаттандыру қашанда маңызды мәселе екені белгілі. Өзі кәсіпкерліктегі басты талап та сол ғой. "Мен осы іс арқылы ауылға пайдамды тигізгім келеді. Мақсатым да халыққа экологиялық таза өнім ұсынып, жергілікті тұрғындарды қолымнан келгенше жұмыспен қамту. Бәсекеге қабілеттілік тек жеңістерге жетелейтінін білемін. Мемлекеттік бағдарлама негізінде ұсынған жобам қаржылай қолдау тауып, жеке кәсіпке жол ашылды. Қазіргі таңда кәсіппен айналысамын деген азаматтарға барлық жағдай бар. Дамыған елдер қатарына қосыламыз десек, шағын және орта бизнестің дамуына үлес қосуымыз керек" – дейді Толғанай.
Өзінің ыждахаттылығы мен қажыр-қайратының арқасында кәсібін дөңгелетіп отырған ол бастаған ісіне зор сеніммен қарайды. Болашақта мол табыстарға жетіп, елге де пайдасын тигізуге ниетті. Өзі қай істі бастарда да тәуекел керек. Толғанайдың батыл қадамға барып, осындай үлкен жұмысты қолға алғаны көпке үлгі.
А.БЕРДІБАЙҰЛЫ