Қызылордада 22 адам карантинге алынды
Қызылорда облысында 22 адам коронавирусқа байланысты медициналық бақылауда. Олар облыстық балалар мен жасөспірімдерге арналған туберкулезге қарсы санаториясында ашылған провизорлық стационарда жатыр. Бұл туралы бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жақсылық Абдусаметов мәлімдеді.
Оның айтуынша, коронавирус инфекциясы тіркелген елдерден келген, күдікке ілінген азаматтар 14 күнге карантинге орналастырылады.
- Әлеуметтік желілерде тарап жатқан ақпараттарға түсінік бере кетейін. Облыс тұрғындарына бағытталған сақтық шаралары үшін обсервациялық стационарлар ашылуда. Шиелі, Қармақшы, Қазалы аудандарының ауруханаларында, облыстық фтизиопульмонологиялық орталығының Тереңөзек бөлімшесінде 400 төсек орынға арналған провизорлық стационарлар ашылды. Бұл ұйымдастырылып жатқан шараның барлығы тек алдын алу, сақтық шаралары. Облыста коронавирус анықталған жағдайда қарым-қатынаста болған тұрғындарды бақылап-қадағалау үшін ашылған. Елімізде де, Қызылорда облысында да аталған ауруға шалдыққан адам тіркелген жоқ. Сондықтан үрейге бой алдырып, азық-түлік, дәрі-дәрмек қорын көптеп алып қоюдың қажеті жоқ, – деді Жақсылық Абдусаметов.
Басқарма басшысының айтуынша аталған індеттің емі бар. Аймақтағы барлық емдеу мекемелері қорғаныс құралдарымен, қажетті дәрі-дәрмек қорымен жабдықталған. Ол үшін 43 млн теңге қаржы жұмсалған.
Айта кетейік, облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының базасында коронавирусқа байланысты 245 төсек орын болса, қосымша 190 төсек орынмен жабдықталған.