Антисептик әзірлеп, оны заңсыз сатып келген цех табылды
Медициналық препараттарды заңсыз жасау және оны көтерме саудамен өткізу фактісіне жол берілмеді, - деп хабарлайды ҚазАқпарат елордалық прокуратураға сілтеме жасап.
22 наурызда қала прокуратурасы және полиция департаменті қызметкерлерінен тұратын бірлескен мобильді топ жалпы мөлшері - 900 литр, әрқайсысы 5 литрлік 180 дана пластикалық ыдысқа құйылған медициналық препарат - «антисептикті» заңсыз сату фактісін анықтады.
«Сату орнын, яғни тұрғын үйді қарау барысында кішігірім цех анықталып, ол жерде 1966 жылы туған А.М. және 1998 жылы туған А.Х. атты азаматтардың антисептик жасау мақсатында контейнерде 9 тонна спирттік сұйықтықты заңсыз сақтағаны айқындалды. Заңсыз жасалған және сатуға арналған өнімнің жалпы сомасы - 27 млн теңге» делінген хабарламада.
Медициналық препараттарды сату және этиль спиртін айналымға шығару лицензиялық қызмет түріне жатады, сондықтан ҚР ҚК 214-бабының 1-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу басталды. Шұғыл тергеу әрекеттерінен соң қылмыстық іс Нұр-Сұлтан қаласы бойынша экономикалық тергеу департаментіне жолданды.