Коронавирустан көз жұмған қазақстандыққа қатысты тың ақпарат жарияланды (Видео)
Қосшы тұрғынының бірінші тапсырған сынамасы коронавирус жұқтырғанын көрсетпеген. Оның денесі арқылы вирус жұқтыру қаупі жоқНҰР-СҰЛТАН, 27 наурыз – Sputnik. Қайтыс болған әйел коронавирусты Алматыда жұқтыруы мүмкін. Алайда эпидемияға қарсы тексеріс әлі аяқталған жоқ. Бұл туралы Sputnik Қазақстанға Ақмола облысы тауар және қызмет сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті хабарлады.
"Аудан мен астана аумағының өзінде 17 туысын қоспағанда 52 адаммен араласқан. Қалғандары жедел жәрдем, емхана, ауруханадағы медициналық қызметкерлер. Қосшы ауылы бойынша нысан карантинге жабылды. Науқаспен байланыста болған адамдар тексерістен өтіп жатыр, жұмыстан шеттетілді", - деді департаменттегілер.Науқастың денесі арқылы вирус жұқтыру қаупі жоқ екені айтылып отыр.
"Бірақ вирустық инфекциядан қорғану және алдын алудың барлық стандартты шаралары сақталады", - деп жазылған жауапта.
Олардың мәліметіне сәйкес, 13-18 наурыз аралығында әйел Алматыда болған. 25 наурызда дәрігерлердің көмегіне жүгінді, 26 наурызда қайтыс болды.
"Қазіргі уақытта оның вирусты қайда жұқтырғаны анықталмады. Эпидемияға қарсы тергеу әлі аяқталған жоқ. Вирусты Алматыда жұқтыруы мүмкін", - деп жазылған хабарламада.
Санитарлық дәрігерлер COVID-19 расталған соң барлық тиісті жұмысты атқарғаны айтылып отыр.
"Коронавирусқа тапсырған бірінші сынама теріс болып шықты. Мұндай жағдай өзге елдерде де болған", - деді департамент өкілі
Қосшы ауылының тұрғыны №2 көпбейінді облыстық ауруханада көз жұмды. Ол 64 жаста болған.
Өлімнің себебі– толықтай екіжақты өкпе қабынуы, қант диабеті, гипертониялық сырқат пен атеросклероз салдарынан болған сепсис.
Пневмония коронавирустан пайда болған.
Әйелдің шетелге шықпағаны хабарланды. Ол Алматы мен Шуға қонаққа барған.