» » Қазақстанда 1 сәуірден бастап не өзгереді?

Қазақстанда 1 сәуірден бастап не өзгереді?

  Бүгіннен бастап Қазақстанның бірнеше облысында карантиндік шаралар күшейеді. Нұр-Сұлтан мен Алматы әуежайлары халықаралық жолаушылар рейстерін тоқтатады. Ал коронавируспен күресіп жүрген медицина қызметкерлеріне ай сайын 1 миллион теңгеге дейін үстемеақы беріле бастайды. Sputnik Қазақстан осы айда болатын негізгі өзгерістерге шолу жасайды.

Қозғалысқа шектеу енгізіледі
1 сәуірден бастап Павлодар облысының айналасында бақылау-өткізу бекеттері орнатылып, көлік пен адам қозғалысына шектеу қойылады. Теміржол және көлік қатынасымен жолаушыларды тасымалдауға тыйым салынады. Алайда емделуге және қызметтік іссапармен жүретіндерге шығуға рұқсат бар. Облыстың ішінде де жолаушылар тасымалына шектеу енгізіледі. Аймақ тұрғындарына сағат 22:00-ден бастап 6:00-ге дейін далаға (азық-түлік, дәрі-дәрмек, жұмыс пен медициналық көмекті санамағанда) себепсіз шығуға болмайды.
Қоғамдық жерлерде отбасы мүшелерін қоспағанда үш адамнан артық жиналуға болмайды. Ал қоғамдық тамақтану орындарында 50 адамнан артық отыруға болмайды.
Балабақшалар жұмыс істей береді, алайда жергілікті билік ата-аналарға балаларды үйден шығармауға кеңес беріп отыр.
Ал Петропавл қаласында барлық балабақша жабылады. Қалада адам мен көлік қозғалысы барынша шектеледі.
Екі қалада шектеудің өзгеше түрі қолданылады
Шығыс Қазақстанда 2 сәуірде сағат 00.00-ден бастап Өскемен мен Семей қалаларына кіріп-шығу шектеледі. Қаланың ішінде күндіз көлік қозғалысы шектелсе, түнде толығымен тоқтайды. Тек қызметтік көліктерге ғана жүруге рұқсат беріледі.
6 сәуірден бастап жеке көліктердің қозғалысы арнайы кестемен шектеледі. Атап айтқанда, жұп күндері мемлекеттік тіркеу нөмірі нөлді қосқанда, тек жұп санына аяқталатын көліктер жүрсе, тақ күндері көлік нөмірі тақ санына аяқталатын автомобильдер ғана қатынайды.
Бұдан бөлек, Өскемен мен Семей тұрғындары рұқсат қағазымен ғана жүре алады. Онымен аптасына үш рет азық-түлік пен дәрі-дәрмек алуға, сондай-ақ, банк пен емханаға баруға болады. Рұқсат қағазының екі түсі болады. Жасыл түсімен жұп күндері, ал ақ түсімен тек тақ күндері шығуға мүмкіндік беріледі.
Азық-түлік бөлімдерінен басқа, ірі сауда нысандарының қызметі тоқтайды. Мейрамханалар, дәмханалар, асханалар онлайн түрде тапсырыс алу, жеткізу режиміне көшеді.
Бұған дейін Ақтөбе, Қостанай, Жамбыл, Ақмола, Алматы мен Қызылорда облыстары өз шекарасын жапқан болатын.
Нұр-Сұлтан мен Алматы әуе рейстерін қабылдауды тоқтатады
1 сәуірде сағат 00.00-ден бастап Нұр-Сұлтан мен Алматының әуежайлары барлық халықаралық және эвакуациялық әуе рейсін қабылдауды тоқтатады. Ондай рейстер Қазақстанның басқа әуежайларына жіберіледі.
Айта кеткен жөн, бұған дейін 22 наурыздан бастап Нұр-Сұлтан мен Алматыда карантин енгізілуіне байланысты жолаушылар рейстерін қабылдау тоқтатылған болатын. Қазақстан азаматтарын елге қайтаратын әуе рейстері мен жүк лайнерлеріне ғана кіруге рұқсат берілген.
Бензин импортына тыйым салынады
1 сәуірден бастап Қазақстан теміржол тасымалы арқылы Ресей Федерациясынан бензин, дизельді отын мен керосинді импорттауға уақытша тыйым салады. Себебі төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты ішкі нарықта мұнай өнімдерін тұтыну көлемі төмендеп кеткен.
Кредит беруге қатысты жаңа талаптар енгізіледі
1 сәуірден бастап екінші деңгейлі банктер арқылы кредит берудің жаңа талаптары күшіне енеді. Енді банк қызметкерлері ақшаны қарызға алатын адамға кредит рәсімдеуден бұрын бекітілген формамен жадынаманы беруге міндетті.
Жадынамада кредиттің шарттары мен қарыз алушының міндеттері көрсетілуі керек. Қазақстандықтар осындай жадынамаларды бірнеше банктен алып, кредиттің шарттарын салыстыра алады. Сөйтіп, тиімді кредитті таңдауға мүмкіндік бар.
Медицина қызметкерлеріне үстемеақы беріледі
1 сәуірден бастап коронавирус эпидемиясына қарсы іс-шараларға тартылған барлық медицина қызметкері жалақысына қоса ай сайынғы үстемеақы алады. Төлемдер коронавирусты жұқтыру қаупіне қарай үшке бөлінеді. 
  • «Қауіптілігі аса жоғары» — жансақтау бөлімшелерін қоса алғанда, инфекциялық стационарлардың дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері. Үстемеақы 20 ең төменгі жалақы – 850 мың теңге:
  • «Қауіптілігі жоғары» – провизорлық стационарлар мен жедел жәрдем дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері. Үстемеақы 10 ең төменгі жалақы – 425 мың теңге;
  • «Қауіптілігі орташа» – карантиндік стационарлардағы дәрігерлер, орта және кіші медицина қызметкерлері, санитарлық дәрігерлер (мемлекеттік қызметкерлер), жедел жәрдем жүргізушілері және т. б. Үстемеақы 5 ең төменгі жалақы – 212,5 мың теңгені құрайды.
Бұдан бөлек, медицина қызметкеріне коронавирус инфекциясымен ауырған жағдайда мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 2 миллион теңге бір реттік әлеуметтік төлем, ал көз жұмған жағдайда 10 миллион теңге бөлу қарастырылған.
Медициналық көмек бұрынғыдай қолжетімді болады 
Бұған дейін 1 сәуірден бастап сақтандырылмаған науқастарға тегін медициналық қызметтің кепілдендірілген көлемі аясында ғана қызмет көрсетілетіні, ал оған кірмейтін қызметтердің бәрі ақылы болатыны хабарланған еді. Алайда кеше мемлекет басшысы Қасым-Жомарт  Тоқаев елде төтенше жағдай жариялануына байланысты медициналық әлеуметтік сақтандыру жүйесі бойынша сақтандырылмаған азаматтардың көмек алу құқығы 1 сәуірден 1 шілдеге дейін ұзартылғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, медициналық көмек азаматтарға бұрынғыдай қолжетімді болып қала береді.
Әрбір адам медициналық сақтандыру жүйесіндегі өз мәртебесін бірнеше жолмен біле алады. Олар: электронды үкімет порталы, медициналық сақтандыру қорының сайты және Telegram-бот Saqtandyry. 
Қашықтан оқыту басталады
1 сәуірде республика бойынша қашықтан оқыту жүйесі сынақтан өткізіледі. Осы кезде мұғалімдер онлайн сабақтар өткізіп, оқушылармен бірге техникалық мәселелерді реттей алады. Ал білім министрлігі 300 мың оқушыны қажетті техникамен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр.
Төтенше жағдайға байланысты оқушылар 16 наурыздан 5 сәуірге дейін демалысқа шықты. Төртінші тоқсан алтыншы сәуірден басталады. Оқушылар қашықтан оқыту режиміне көшеді.
Карантин жағдайында қашықтан оқыту «Ел арна», «Балапан» телеарналары, «Qazaq radiosy», интернет-ресурстар мен пошта арқылы жүргізіледі.
Қашықтан оқыту кезінде мұғалімдердің жалақысы да, студенттердің шәкіртақысы да сақталады.





01 сәуір 2020 ж. 415 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031