COVID 19 жұқтырған жүкті әйел аурудың біртүрлі белгісін айтты

Үш баланың анасы коронавирус инфекциясымен үш апта бойы күрескен. Ақыры дертінен айығып, үйіне оралды, деп хабарлайды The Mirror басылымы. 12 наурызда Карен Маннерингтің ыстығы көтеріліп, көзі ауырған. Әйел жүктіліктің сегізінші айында екен. Дене қызуы 38,5 және 39,9 градус аралығында құбылыпты. Көп ұзамай құрғақ жөтел пайда болып, тамағы ауырыңқыра бастаған. "Біреу өкпемді кеудемнен суырып алып жатқандай күй кештім. Біртүрлісі көзімнің ауырғаны еді. Солға, оңға, жоғары немесе төмен қарай алмадым. Басымды бұру оңайырақ еді, өйткені көздерім қимылдатқан кезде қатты ауыратын", - деді үш баланың анасы. 21 наурызда әйел ауруханаға түскен. Төрт күннен кейін дәрігерлер одан коронавирус тапты. Бұдан бөлек, екі жақты пневмония деген диагноз қойды. Маннеринг ауруханада бір апта бойы емделді. Қазір ол үйіне оралған. Жағдайы жақсы, бірақ құрсағындағы сәбиінің денсаулығына алаңдайды.