» » Қызылорда облысында ғаламтор алаяқтары көбейген

Қызылорда облысында ғаламтор алаяқтары көбейген

  Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысы аумағында жалпы қылмыстық құқық бұзушылық бағытындағы ақпараттық технология саласындағы қылмыстарды негізінен алаяқтық құрайды. Бұл туралы Қызылорда облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Жыл басынан аталған санаттағы қылмыстық құқық бұзушылықтардың 93 дерегі тіркелген. Оның 12-і бойынша қылмыстық істер айыптау актісімен сотқа жолданып, 5-і бойынша тараптардың өзара ымыраласуына байланысты өндірістен тоқтатылса, қалғандары бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.
Негізінен, өңірде алаяқтық, яғни ақпараттық жүйені пайдаланушыны алдау немесе сенімін теріс пайдалану жолымен жеңіл табыс табушылар да бар.
Олардың табыс көзі – Қазақстан Республикасының өңірлеріндегі шағын несие беруші компаниялар.
Сонымен қатар, құқық бұзушылар ғаламтор желісіндегі интернет-дүкендердің қызметін пайдаланушыларды алдап, қаражаттарын жымқырып, бас пайдаларына жаратады.
«Нақтырақ тоқталсақ, шағын несие беруші компаниялардан алаяқтық жолымен несие алушы күдіктілер бастапқыда өздерінің таныстарынан түрлі себептер арқылы (анасынан, күйеуінен, басқа да туысқандарынан терминал арқылы ақша аударту үшін есеп-шот қажет екенін, оның өзінде жоқ екенін айтып) олардың жеке куәліктерінің номерлерін, депозит есеп-шоттарының және банкомат карточкаларының номерлерін алып, осы деректерді ұялы телефонмен ғаламтор желісі арқылы несие беруші компанияларға жіберіп, несие рәсімдеп, ақшаны өздері ашқан есеп-шоттарға аудартып, бас пайдаларына жаратады», – дейді облыс Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Яғни, ғаламтор желісі арқылы шағын несие алушылар мен несие берушілердің арасында жасалған шарттар тек электронды түрде жасалып, оларды растайтын қолтанба немесе электронды қол таңба қажет етпейтіндіктен, күдіктілер қылмыс жасау үшін жеңіл тәсілдерді қолданады.
Сондай-ақ, күдіктілер интернет-дүкендердің қызметін пайдаланушылардың сенімін теріс пайдалану арқылы оларды алдап, яғни ұялы телефон арқылы олардың тапсырысын орындау үшін қандай да бір заттың құнының 3/1 бөлігін аудару қажет екенін хабарлап, жәбірленушіден қажетті сомма аударылғаннан кейін ұялы телефонын өшіріп, бой тасалап кетеді.
«Мұндай қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 190-бабының 2-бөлігінің 4-тармағында қылмыстық жауапкершілік қарастылған және мүлкi тәркiленiп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз, төрт мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір мың сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не төрт жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген», – дейді департаменттің баспасөз қызметінің мамандары.
Бүгінгі күнге алаяқтық қылмыстарының алдын алу, болдырмау бағытында тиісті іс-шаралар атқа­рылуда. Полицейлер тарапынан облыс тұрғындарына түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, алаяқтардың арбауына түсіп қалмау жайлы қандай сақтық шараларын сақтау керектігі түсіндірілуде. Осы мақсатта халыққа қызмет көрсету орындары мен базарларда, сауда орталықтарында плакаттар жапсырылып, жадынамалар таратылды. Қызылорда облысының Полиция департаменті облыс тұрғындарына алаяқтардың құрбанына айналмас үшін сақтық шараларына мұқият болып, қарапайым ғана ұқыптылықты ұстану керектігін ескертеді.

17 сәуір 2020 ж. 624 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031