» » «Smart City»: бұл қандай қала?

«Smart City»: бұл қандай қала?

«Қызылорда – ақылды қала» жобасының жүзеге асырылу жайы – бұл аптаның айтулы жаңалығының бірі болды. Облыс әкімі Қ.Көшербаев бастаған аймақ делегациясының Қытай Халық Республикасына жұмыс сапары барысында белгілі болғанындай, Шэньчжень қаласындағы жетекші «Huawei Technologies LTD» компаниясымен меморандум аясында орындалатын бұл жұмыс Сырдарияның сол жағалауындағы жаңа қала құрылысымен тығыз байланысты.
Рас, бүгінгі заман адамдарының сөз саптауында «Smart City», «Electronic City», «Safe City» ұғымдары сәнге ие. Ағылшын тіліндегі ақылды, электронды, қауіпсіз түсінігін бір қауызға сыйдырған «Ақылды қала» – бұл қандай қала? Қарапайым тілмен айтқанда, бұл қалада өмір сүру сіз ойлағаннан да оңай, әрі қызық.
ҰЭМ статистика деректеріне сүйенсек, Қазақстанда былтырғы 1 желтоқсанда қала тұрғындарының саны шамамен 10 млн. 250 мың адамға таяу екен, ауыл тұрғындарының саны шамамен 7 млн.670 мың. Пайызға шаққанда, бұл 57% және 43% құрайды. БҰҰ деректеріне сүйенсек, 2030 жылдары әлем тұрғындарының  60%-ға жуығы, 2050 жылдары 67%-ы қалаларда тұруды қолайлы санайды және солай болады да деп сендіреді. Демек ақпараттық коммуникациялық технологияларды пайдалану арқылы барлық қалалық қызметтердің тиімділігін арттыру мақсатында жер шарының 2500 қаласына енгізілген «Smart City» жобасы – уақыттың өзі тудырған жаңа мүмкіндік. Бұл біздің экономиканың жеделдетілген технологиялық жаңғыруына басымдық беретін Елбасының биылғы жолдауындағы «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасымен үндеседі.
         Бас қала – Астана әлемнің ақылды 21 қаласының тізіміне енгенін естіп, былтыр бәріміз қуандық. Ешкіммен ашық жарысқа түспесек те, жақсылардың санатында сезіну жақсы ғой әрине. Әлемдік стандартқа жауап беретін жан-жақты талаптарды жетілдіру үшін бүгінде Елордада интеллектуалды көлік жүйесі қарқынды жұмыс істеуде. Ал барлық көшелерде бейнебақылау орнату және «ақылды бағдаршамдар» жүйесін енгізу бас қаланың қауіпсіздігін арттыра түспек. Үкімет «Smart City» тұжырымдамасын бекітіп, 2018 жылға арналған жол картасын ұсынып та қойды. Қазір Алматы, Қарағанды, Шымкент және Ақтөбе қалалары табысты қадамдар жасап отыр. Оған жуырда Орал да қосылды. Мәселен, көршіміз Шымкентте автоматтандырылған басқару жүйесі арқылы қаладағы электр желілерін, су және газ құбырларын бақылауда ұстауға болады. Ақтөбеде «Aktobe Bus» мобильді қосымшасын іске қосуға мүмкіндік беретін GPS трекерлер жиі айтылуда. Аталмыш қондырғы арқылы жолаушылар қоғамдық көліктерді бақылап, өз уақытын үнемдейтін ыңғайлы бағыттарды таңдай алады. Оралда денсаулық сақтау мекемелерінде электронды кешенді қызмет (электронды кезек, электронды база және мәліметтер) пайдаланылуда.
         Әлемнің ең ірі ақылды қалаларының өзіндік артықшылықтары неде? Мысалы, әлемдегі ең тұрақты мемлекет Фин елінде жедел-жәрдем көлігі келе жатқанда барлық бағдаршамда жасыл шам жанып тұрады екен. Ал, АҚШ-тың Колумбус қаласы шапшаң көлік жолдарымен ерекшеленеді. Кәсіпкерлер жиі жиын өткізетін бұл қалада күні-түні отбасымен еркін қыдыруға болады. Финляндияның Оулу қаласында кез келген идея табыс көзіне айнала алады. Ауаны газдан тазартып тұратын технологиялар да осында. Кәрі құрлық өзінің ең жас қаласы Оулуды (тұрғындарының орташа жасы – 34) ақпараттық-байланыс технологияларының әлемдік орталығы деп санайды. Туризмді дамыту арқылы экономикалық өсімі күрт өскен Англияның Страртфорд қаласы тұрғындарының өмір сүру сапасы жағынан әлемді таң қалдырып келеді. Ал, Эстонияның астанасы Таллинде заңды тіркелген тұрғындар қалалық қоғамдық көлікте тегін жүреді. Өмір сүру үшін ең ыңғайлы қала деген рейтингте I орын алатын Канаданың Торонто қаласының қаржы биржасы әлемдегі ең ірі қаржы биржаларының жетілігіне кіреді. Қалалықтардың өмір сүру деңгейін жақсартуда мұхиттың арғы жағының «ақылдылығын» айтып тауыса алмайсың енді.
Барлық іс бір «нүктемен» басқаруға негізделген «Цифрлы Қазақстан» аясындағы біздің де қадамдарымыз, әрине, «бәрекелді» деуге лайық. Әсіресе «Ақылды қала» абыройлы мәртебесіне ұмтылған біздің цифрлы Қызылорда жобасы назар аудартады. Қытайға сапар барысында талқыланған болашақ су және күн электр станциялары, қоқысты қайта өңдейтін зауыт, жаңа энергия, жаңа үлгідегі үй құрылысы – «Smart City» жобасы жаңа үміт, жаңа арман десек артық болмас. Ғұлама ғалым әл-Фарабидің «Қайырымды қала тұрғындары» трактатындағы көзқарастармен астасатын заманауи «Ақылды қала» қадамдары қай дәуір, қай қоғам болмасын игілікке ұмтылатынын, адамдардың күн көру үшін емес өмір сүру үшін ұйқысынан оянғысы келетінін тағы бір мәрте  еске салып тұрғандай.
     Айжан ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ
01 ақпан 2018 ж. 2 246 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031