Қазақстанда қалааралық автобустар қашан жүре бастайды
Егер өңірлерде коронавируспен байланысты жағдай тұрақталса, автобус қатынасын ашу мәселесі қарастырылады
Қалааралық автобустарда жолаушыларды қадағалайтын жолсеріктер болмағандықтан, оларды іске қосу әзірге ерте. Бұл туралы көліктегі бас мемлекеттік санитар дәрігер Сәдуақас Байғабылов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Қазақстанда бірінші мамырдан бастап әуе рейстері ашылғаны белгілі. Ал бірінші маусымнан ел ішінде жолаушылар пойыздары қатынай бастайды. Десе де, қалааралық автобустар қатынасына сол күйі тыйым салынған.
Көліктегі бас санитар дәрігер мұның себебін түсіндірді.
"Ұшақ пен пойызда жолсеріктер бар, олар жолаушылар арасындағы ара қашықтықтың сақталуын, маска тағуын, бір жерге топтаспауын қадағалап отырады. Ал қалаларалық автобустарда мұндай жоқ, тек жүргізуші ғана. Оның міндеті – қозғалыстың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Тиісінше, автобус салонында жағдайды бақылайтын адам болмағандықтан, қазіргі таңда қалааралық автобустарды іске қосу әлі ерте деп санаймыз", – деді Байғабылов онлайн брифингте.
Бірақ, ол өңірлерде коронавируспен байланысты жағдай тұрақталса, автобус қатынасын ашу мәселесі қаралатынын атап өтті.
Айтуынша, блокбекеттердің алынуы да жағдайдың тұрақталуына байланысты.
Айта кетсек, елімізде 11 мамырда төтенше жағдай режимі алынып тасталды, дегенмен өңірлерде карантин шаралары сақталған.