Қазақстан өңірлері вирус жұқтыру өсімі бойынша үш топқа бөлінді
Денсаулық сақтау министрлігі карантиннің жеңілдетілгенін ескеріп, жедел штабтарға бақылауды күшейтіп, рейдтік тексерістер өткізуді ұсынды
Қазақстан өңірлері коронавирус жұқтыру өсімі бойынша үш топқа бөлінді. Өсім деңгейі төмен облыстарда карантиндік шаралар жеңілдетілуі мүмкін. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрағасы Тимур Сұлтанғазиев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Біз өңірлерді үш топқа бөлдік. Өсім деңгейі 7%-тен асатындар, өткен аптада олардың саны біраз болды. Олар Ақтөбе, Түркістан, Ақмола, Жамбыл, Қостанай облыстары. Екінші топта вирус жұқтыру өсімі 7%-тен төмен өңірлер, олар Алматы, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды облыстары, Алматы мен Нұр-Сұлтан қалалары. Үшінші топта өсім 5%-тен төмен, олар Шығыс Қазақстан, Қызылорда және Маңғыстау облыстары", - деді Сұлтанғазиев денсаулық сақтау министрлігінің әлеуметтік желідегі парақшасында өткен тікелей эфирде.
Министрлік карантиннің жеңілдегенін ескеріп, жедел штабтарға бақылауды күшейтіп, рейдтік тексерістер өткізуді ұсынған.
Ол өткен тәулікте елде 283 адамда коронавирус диагнозы расталғанын атап өтті. Өсім 4,6%-ті құраған. Олардың дені, яғни, 187 науқас скрининг кезінде анықталды.
69 адам коронавирус жұқтырғандармен байланыста болған. 18 адам тұмау белгілері байқалғандықтан, өздері жүгінген.
"4%-і бұл сырттан келгендер, негізінен, Ресейден. Қырғызстан мен Өзбекстаннан да аздап бар", - деді комитет төрағасы.
Айтуынша, бір аптадағы ахуалға көз жүгіртсек, өсім қарқыны 2 мен 5 процент аралығында құбылады, індетке шалдыққандардың 80%-і скрининг аясында анықталған.