Алғысқа лайық
Ерікті болу жасқа бөлінбейді. Орталық жанындағы "Волонтерлердің фронт-офисі" еріктілеріне қарап осыны айтуға болады. Олардың өзіндік қалыптасқан дәстүрі, бәрінің басын біріктірген үлкен ортасы бар.
Олар үнемі жаңа бастамамен қатар жақсы істердің жанында жүреді. Кешегі төтенше жағдай кезінде де еріктілердің қолтаңбасын қоғамның барлық саласынан байқадық. Ел абдырап, халық қобалжыған сәтте ерекше қолдау көрсетті. Бірі бетпердені қолдан дайындады, келесі топ оны тұрғындарға таратты, қалғандары аты жаман аурудан сақтану талаптары туралы брошюра үлестірді. Бұдан бөлек, автоволонтер қозғалысы да қолға алынып, қажетті дәрі-дәрмек жинақталды, ол шын мұқтажға таратылды. Мұндай игі істер "Bilim", "Taza alem", "Sabaqtastyq", "Asyl mura" бағыттарымен де жүзеге асуда.
Жастар ресурстық орталығының директоры Бауыржан Мәстеков жақсылық жаршыларының бұл ісіне жерлестердің атынан алғыс айтып, атқарылған шаралардың ауқымы кең екенін алға тартты. Жоғарыда біз еріктілер іске асырған жұмыстардың бір парасын ғана келтірдік. «Он адам жүрген жерде із, жүз адам жүрген жерде соқпақ, мың адам жүрген жерде жол қалады» деген Болатбек Айтбенбетовтің жетекшілігімен жүздеріне мейірім ұялаған еріктілер әлі де бірталай істің басынан табылмақ.