» » Электронды төлемге дайынбыз ба?

Электронды төлемге дайынбыз ба?

   
Қоғамдық көліктің бағасы қыркүйектен бастап қымбаттайды. Яки тариф өзгертіледі. Індеттің өршіп тұрған тұсында жұмысынан айырылған адамға бұл жағдай қалай әсер етеді?
42 500 теңге екіге бөлінді. 21 250 теңге кімге, неге жетпек? Тіпті азық-түліктің өзі бұл сомаға келмейді. Енді қоғамдық көліктің бағасына өзгеріс енгізгелі жатыр. Тұрмысы төмен отбасының жағдайы қалай болмақ? Көп балалы аналар ше? Қиын жағдайда халықты «жағадан алғандай» болмаймыз ба?
«Қазіргі таңда "Цифрлық Қазақстан" бағдарламасы бойынша жолаушылар тасымалдайтын қоғамдық көліктерде электронды түрде жолақысын төлеу бойынша жұмыстар атқарылуда. Яғни 2020 жылдың қыркүйек айынан бастап қалалық машруттарда сараланған тариф енгізіледі. Қолма-қол төлем 120 теңге, ал электронды төлем 90 теңге», – дейді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұрат Жолкелдіұлы.
Құп делік, десе де терминалды қыркүйекте орнату Сыр жұртшылығы үшін тиімді ме?
Ғазиза ӘБДІЛДӘ, журналист:
– Қала ішіндегі қоғамдық көліктердің жолақысы 90 теңгеден 120 теңгеге қымбаттағалы отыр. Яғни, электронды төлем жасаған жағдайда 90 теңге, қолма-қол төлеген жағдайда 120 теңге болмақ. Сонда 30 теңгені не үшін қосып отыр? Бұл жерде қолма-қол төлем жасаған адамның құқығы төмендетіліп отыр. Айта кетейік, бұл ретте қарт адамдар мен балалар көбірек зардап шегеді. Жалпы электронды төлем енгізу үшін көліктерде тұрғындар үшін қолайлы жағдай жасалу керек. Автобустар нормативінде бекітілген сыйымдылығынан артық адам алмауы тиіс. Осы күні жеке автобустар адамды нығыздап тиеп, есіктері зорға жабылады. Бірақ бір адамға билет бермейді. Бақылау жоқ.
– Нұр-Сұлтан қаласында көпбалалы аналар қоғамдық көлікте тегін жүреді. Оның үстіне демалыс кезінде балаларға тегін жүруге мүмкіндік жасалған. Ал өзіңіз айтыңызшы, бізден қандай жеңілдік бар? Қарт кісілердің 45 теңге төлеуге мүмкіндігі бар. «Құжатыңызды көрсетіңіз» деп олардың да жағасынан алып жатады. Емін-еркін отырып, қалаған жеріңе дейін жақсы жететін болсаң, «мақұл» дейсіз. Бізде қандай жағдай жасалып жатыр? Осы уақыт аралығында діттеген жеріңізге кондиционер қосылған автобуспен бардыңыз ба? Отырып баруды армандамай-ақ қояйықшы. Тым құрыса, сығылыспай барған кезіміз саусақпен санарлық қой. Осылайша бағаға өзгеріс енгізбек. Алдымен тұрғындардың емін-еркін желдеткішпен баруына жағдай жасап алса игі», – дейді Айгүл есімді көпбалалы ана.
– Бүгінде біз қаладағы үлкен сыйымдылықтағы автобустарға 89 электронды билет жүйесін қондырдық. Жұмыс жобасына сәйкес жаңа жүйе барлық бағыттағы қоғамдық көлікке орнатылады. Яғни валидаторлар және жүргізушіге арналған терминалдар орнатылады. Бұның негізгі мақсаты – қоғамдық көліктің басты табысын анықтау. Бұл жоба жолаушы мен жүргізушіге қолайлы. Жаңа жүйеге сәйкес жолақысын төлеудің 9 түрі бар. Оны электронды карта, ұялы телефондағы арнайы бағдарлама, QR код және банк карталары арқылы төлеуге болады. Мәселен, «2505» нөміріне банк картасының 16 санын жіберсеңіз, сіздің банк картаңыз автоматты түрде төлем картасы ретінде енеді. Сондай-ақ «SMSBUS жолаушы» мобилді қосымшасы арқылы өз қажеттілігіне қарай бағыттардың қозғалыс кестесін анықтап, аялдамаға келу уақытын бақылай алады, – дейді «Alem Pay» ЖШС өкілі Абат Бақытбек.
Электронды билетке тұрғындар үйреніп кетемін дегенше, қанша адам қолма-қол 120 теңге төлеуге мәжбүр. Қиын-қыстау кезеңнен қысылып шыққан жұртқа бұл жығылған үстіне жұдырық болмай ма?!
Мөлдір КЕНЖЕҒҰЛОВА
06 тамыз 2020 ж. 529 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930