Қоғамдық көлікте мәселе көп. Бірін бастасаң, екінші мәселенің шеті шығары анық. Мысалы, бастапқыда қоғамдық көлікте жеңілдіктер қарастырылған. Ал кейін ол жеңілдіктер жекеменшік көліктерде жарамсыз болып қалды. Себебі 70-тен асқан кісіден жарты бағасын алу керек болса "ол жеңілдік алынып тасталған" деген сөзді кондуктордың аузынан жиі естиміз. Заң бойынша бекітілген бұйрықты бұзуға кімнің қандай құқы бар? Енді Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласының тұрғындары секілді бізде қоғамдық көлікке 150 теңге төлейтін боламыз.
Өткен аптада өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қала әкімінің орынбасары Ерлан Бердібаев автобустардың толық электронды жүйеге өтетінін хабарлады.
– Үстіміздегі жылдың 1 желтоқсанына дейін Автопарктың меншігіндегі автобустарға «Alem Pay» ЖШС-мен электрондық билеттік жүйе орнатылады. Соған сәйкес, желтоқсан айының екінші жартысынан бастап жүйені қалаішілік барлық машруттарға орнату жоспарлануда. Сондай-ақ автобустардың жұмыс уақыты, қозғалыс жылдамдығы, жиілігінің сақталуы қадағаланатын болады, – деді Ерлан Құлахметұлы.
Электрондық билет енгізілген сәттен бастап жолақы құны 150 теңге болмақ. Әрине егер де қолыңызда электронды картаңыз болмаса кондуктор сізден осы ақшаны талап етпек. Бұл өзгеріс желтоқсан айында қала ішілік 1, 11, 14, 17, 18 номерлі қоғамдық көліктерде жүзеге асады. Ал 2020 жылдың қаңтар айынан бастап жаңа тариф енгізілмек. Ол кезде қалаішілік барлық қоғамдық көліктерде жолақы 80 теңге болса, қолма-қол төлем 150 теңгені қамтымақ. Бұл электронды жүйенің біздің өңірге қаншалықты тиімділігі бар? Онсыз да шешімі табылмайтын қоғамдық көліктерге бұл қаншалықты керек? Егер желтоқсан айында электронды жүйеге қатысты тұрғындарда қиындық туындаса оны кім шешпек?
Мамандардың айтуынша, жаңа жүйенің тиімділігі көлеңкелі жолмен табыс тапқысы келетін қоғамдық көлік компанияларының жұмысына тосқауыл жасайды. Сондай-ақ бір карта арқылы барлық автобуста қатынауға мүмкіндік туады екен. Бұл өз кезегінде табыс көзінің ашықтығына және автобус паркін жаңартуға қол жеткізілетін болады. Қала тұрғындарының сұранысына сәйкес облыстық бюджеттен 278,0 млн. теңге қаржы қаралып, қосымша үлкен сыйымдылықты 35 автобус сатып алу жұмыстары жүргізілуде.
Бүгінде тұрғындар көп шағымданатын Қызылорда "Автобус паркі" бұл жүйесі көптің көңілін қалдырды. Тіпті халық арасында "бірігіп таксиге мінген тиімді" деген пікір де жоқ емес. Расында 150 теңге төлеп қоғамдық көлікке мінгеннен, 300 теңгелік такси қызметіне жүгінген тиімді. Есесіне ары тұр, бері тұр" деген әңгіме айтылмайды...
М.КЕНЖЕҒҰЛОВА