Көшербаевтардың көшелі ісі
Карантин уақытында қайырлы іспен айналысып жүргендер баршылық. «Атымтай Жомарт» атанған ағалар толқынының қайсыбірін айтсақ та жетеді. Тізе берсек, тіліңнің ұшына оратылар, исі жұртқа игі ісімен үлгі болғандар Сыр бойында көп еді. Солардың бірі – Көшербаевтар әулеті. Мемлекет және қоғам қайраткері Елеу Көшербаевтан тараған қара орман ел басына қиындық түскенде қарап жатпапты. Заман тыныштығында да көпке қол ұшын созған бұл отбасы кешегі күні де қайырымдылық шарасын қолға алды.
Тұлғалық қасиет әркімге бір дарымайтыны анық. Тіпті атадан ұрпағына берілетін мұндай мінез де сирек. Ал ел білетін Елеу Көшербаевтан тараған азаматтарды халық жақсы таниды. Тектілікті тұғырдан түсірмей келе жатқан әулеттің атадан келе жатқан «елге болсын дейтін» қызмет қылу үрдісі әлі тоқтамай келеді.
Қош, біз Сыр бойындағы Көшербаевтар әулетінің өнеге болар көп ісін санап жатпаймыз. Нақты мысал етуге тұратын, күні кеше көзбен көрген қайырымдылық шарасына тоқталамыз.
Індет сарылтып, халық пен дәрігерлерді сансырата шаршатқанда көп қалталы, елге тұтқа деп жүрген азаматтар, сөз жоқ, жұртқа жәрдемдесуді жөн көрді. Жұртқа жария етпеуге болар ма еді, бірақ «жақсылық жасаумен жарысқан» жомарт жүрек иелерінің қайырлы ісі көпке үлгі болар деген ниетпен қағазға түсірдік.
Иә, сонымен, Көшербаевтар әулеті әуелі облыстық медицина орталығында болып, 60 қызметкердің әрқайсысына 20 мың теңгенің конвертін табыстады. Айтбай Көшербай бастаған отбасы мүшелері ол қаржыдан бөлек, орталыққа жалпы құны 1 млн, 50 мың теңге тұратын үш дана микробтан залалсыздандыруға арналған аппарат сыйлады. Ал Болат Көшербаев көпбейінді қалалық аурухана дәрігерлеріне 11 дана қызметтік планшет табыс етті. Бұл індет кезінде халықпен бір болған ақ халаттыларға деген құрметтің бір парасы еді.
Шараның бастан-аяқ басы-қасында Елеу атаның немересі Дархан Жомартұлы жүр. Ұрпақ сабақтастығына қанық жігіттің бойынан ата мен әкелерінен келген тәрбие ізін анық байқайсыз. Өзі арнайы барып, «Атамекен» отбасы үлгісіндегі балалар үйінің алдағы оқу жылын тәмамдайтын бітірушілерін қуантты. Олардың мектеп формасы мен оқу құралдарына 700 мың теңгеге жуық қаржы беріп, биыл бірінші сыныпқа баратын Кирилдің оқуға қажетті барлық керегін түгелдеп берді.
Әулет атынан жасалған қайырлы іс бұнымен тоқтамады. Облыстық ауған соғысының ардагерлері мен мүгедектері кеңесіне 200 мың теңгенің сертификаты табысталды. Бұдан өзге «Көкжиек» мүмкіндігі шектеулі балалар қоғамдық қорына «Мектепке жол» акциясы аясында 500 мың теңге берілгенін айтуымыз керек.
– Елеу Көшербаевтан тараған отбасы мүшелеріне балалар атынан зор алғыс. «Әке көрген оқ жонар» демекші, Елеу атамыздың өмірі мен қызметі тарихтан белгілі. Облыстың дамуына күш салып, аймақ экономикасын дамытқан оның сүбелі ісін ұрпақтары жалғап келеді. Үлкен шаңырақтан берілген тәрбиенің арқасында бала біткенге қуаныш сыйлап келген Дарханға да рахмет айтамын. Біздің қоғамдық қор үнемі осы жігіттің назарында жүр. «Жақсының жақсылығын айту» бізге парыз. Жыл сайын қандай мерекелік күн болсын, құттықтап, қолдау беріп отырады, – деп ақтарыла алғыс айтты «Көкжиек» мүмкіндігі шектеулі балалар қоғамдық қорының төрайымы Айман Тұрбаева.
Ержан ҚОЖАСОВ,
«Сыр бойы»