«СИҚЫРЛЫ КЕРУЕН»
Қызылордалық белсенді жастардан құралған "Жылы жүрек" еріктілер тобы «Сиқырлы керуен» атты қайырымдылық шарасын өткізді. Мүмкіндігі шектеулі балаларды жаңа жыл мерекесімен құттықтауға жомарт жандар да үлесін қосты. Еріктілер тұрғындар мен мекемелерден балаларға арналған тәттілерді жинап, бірі Аяз ата, бірі Ақшақар кейпіне еніп, бүлдіршіндердің үйін аралап, сыйлық таратты.
Қайырымдылық шарасының негізгі бөлімі А.Тоқмағанбетов атындағы мәдениет үйінде өтті. Онда 100-ге жуық балаға ертеңгілік өтті. Ұйымдастырушылардың бірі – Сағатбек Қуанышбайұлы. Өзі арбаға таңылса да, жігері мұқалмаған жас жігіт қайырымдылық шарасына белсене атсалысты.
− Қайырымдылық акциясына белсенді қатысқан тұрғындармен мәдениет үйінің басшылығына алғысымыз зор. Ата-аналар да дән риза. Әсіресе балалардың жүзінен қуаныш көріп, бір жасап қалдық, − дейді Сағатбек.
Гүлбану МАҚАЖАН