COVID-19-ДАН ҚАЛАЙ ЖАЗЫЛУҒА БОЛАДЫ?
Коронавирустан сақтану жолдары, күтіну әдісі, үй жағдайында емделу турасында түрлі кеңестер айтылады. Біреу ананы істеген дұрыс десе, енді бірі оны жоққа шығарады. Расы керек, денсаулығымен алысып, қиналып жатқан науқас қайсысына сенерін білмейді. Осы орайда біз Жаңақорған аудандық ауруханасының бас дәрігер эпидемиелогы Асқан Отарбековпен сұхбаттасуды жөн көрдік.
– Коронавирустың белгілері қандай?
– Коронавирустың белгілері өткір респираторлық инфекция мен тұмау белгілеріне ұқсас болып келеді. Бірақ көптеген жағдайларда бұл кәдімгі респираторлық жұқпаның симптомдары болуы әбден мүмкін: Түшкіру, әлсіздік, бас ауру, дене қызуының көтерілуі, тамақтың жыбырлауы, кеуде қуысының ауыруы, жүрек қағысының жиілеуі, тыныс алудың жиілеуі.
– Коронавирус қалай таралады?
– COVID-19 вирусы екі түрлі жолмен таралады. Жөтелгенде, түшкіргенде. Мәселен, ауру адаммен сөйлескенде ауа, тұрмыстық заттар арқылы таралады.
– Коронавирустың алдын алу жолдары қандай?
– Ең алдымен, әр адам санитарлық гигиена талаптарын сақтауға міндетті. Көпшілік тамақтанатын жерлерге, қоғамдық орындарға, базарларға барудан бас тартқан жөн. Қолды жиі-жиі сабындап жуыңыз, арнайы антисептикалық құралдарды пайдаланыңыз. Үйіңізді (жұмыс орныңызды) таза ұстауға тырысыңыз: Жиі-жиі сумен жуып, ауаны тазартып отырыңыз. Түшкіргенде, жөтелген кезде мұрныңыз бен аузыңызды бір реттік сулықтармен жабыңыз. Ортақ тұрмыстық құралдарды пайдаланбаңыз.
– Коронавирус белгілері неше күнде білінуі мүмкін?
– Вирус жұққан күннен бастап 14 күннен 28 күнге дейін.
– Коронавирус жұқтырған адамның отбасы мүшелері не істеуі керек?
– Вирус жұқтырған адамның отбасы мүшелері міндетті түрде анализ тапсыруы тиіс. Дәрігерлер тест нәтижесіне қарап, оны ауруханаға жатқызу немесе сырқат белгілері болмаған жағдайда үй жағдайында карантинге орналастыру жөнінде шешім қабылдайды.
– Коронавирустан қалай емдейді?
– Кез-келген ауру сияқты коронавирусты да емдеудің белгіленген тәсілдері бар. Нақтырақ айтқанда, вирусқа қарсы әрекет ететін арнайы препараттар мен жеке гигиена талаптары қолданылады.
– Коронавирус жұқтырғанда үйде емделуге бола ма?
– Бұл әр адамның жеке жауапкершілігіне байланысты мәселе. Ауырған адам үй жағдайында карантинде болғанда дәрігердің талаптарын бұлжытпай орындауы тиіс. Карантинге жабылған азаматтардың ешқайда шығуына болмайды. Гигиена талаптарын сақтап, бетперде киіп жүрсе, жеке ыдыс-аяқ пайдаланса, қолын сабынмен жуып, зарарсыздандыратын құралдарды қолданса, бөлменің ауасын жиі жаңартып отырса – вирусты отбасы мүшелеріне жұқтыру қаупі төмендейді.
– Ауырмаған адамдар бетперде кию қажет пе? Вирустан қорғану үшін қандай бетперде киген дұрыс?
– Дені сау адамдар да бетперде кию қажет. Дәріханаларда сатылатын кәдімгі үш қабатты бетперде вирустан қорғануға жеткілікті немесе респираторлық бетперделерді пайдалануға болады.
– Жедел-жәрдем шақыртудан қорқып, үй жағдайында емделіп жатқандар жетерлік. Бұл дұрыс па?
– Аурудың алғашқы белгілері пайда бола бастағаннан өз бетінше ем қабылдау дұрыс емес, бірден жедел-жедел шақырту қажет немесе аймақтық дәрігерге қаралып, жағдайына байланысты нақты ем тағайындалуы қажет.
– Пневмония диогнозы қойылған кезде қанша күнде жазылады? Бұл белгідегі науқастарға қандай күтім керек?
– Пневмония диагнозы қойылған науқастардың толық жазылып кетуі адамның иммунитетіне байланысты. Ілеспе аурулары бар науқастардың толық жазылып кетуі біразға созылып кетуі мүмкін.
– Бұл індет балаларды да айналып өтпейді деген жаңалық бар. Балаларды қорғаудың тиімді тәсілі қандай? Баланы үйде ұстап отыру да, балмұздақ пен салқын су ішкізбеу де мүмкін емес. Ата-анаға не істеу керек?
– Коронавируспен балалардың науқастануы мүмкін. Әсіресе қазіргі уақытта балалар диареямен ауырып, организм сусызданып, жалпы иммунитеті төмендеп, вирус жұқтыру қаупі жоғарылайды. Сонымен бірге ілеспе аурулары бар науқастар жиірек ауыруы мүмкін. Егер анасы коронавируспен ауырса, нәрестелерде де кездесуі мүмкін. Дегенмен балаларда ауыр жағдай сирек кездеседі. Сондықтан балаларды карантиндік жағдайда ұстап, салқын тигізіп алудан қорғап отырған жөн.
– Саумалдың пайдасы туралы айтыла бастағаннан-ақ бағасы шарықтап кетті. Айтыңызшы саумал шынымен көмектесе ме?
– Жалпы науқастардың өз бетінше ем алуына қарсымын. Зімбірді де, саумалды да дәрігерге көрініп, мамандардың нұсқауымен ғана пайдаланған дұрыс.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Мөлдір САБЫРЖАН