«Тұмар» Ұлттық телевизиялық бәйгесіне өтінімдерді қабылдау басталды
18 қаңтар күні «Тұмар» ІІ Ұлттық телевизиялық сыйлығына қатысуға өтінімдерді қабылдау басталды. Бәйгеге 2017 жылы эфирге шыққан бірегей телевизиялық жобалар қатысады. Оған телевизиялық өнім жасап отырған ұлттық және аймақтық телекомпаниялар, студиялар, продюсерлік орталықтар және басқа да медиа өндіріс ұйымдары өтінім бере алады. Өтінімдер 2018 жылдың 1 наурызына дейін қабылданады. Биылғы жеңімпаздар мынадай номинациялар бойынша марапатталады: үздік деректі кино, үздік телевизиялық сериал, үздік әлеуметтік жоба, үздік ақпараттық бағдарлама, үздік өңірлік телеарна, үздік ағартушылық бағдарламасы, телевизиялық маусымның үздік оқиғасы, «Телевидениенің 60 жылдығы» - телевидениеге қосқан үлесі үшін және үздік ойын-сауық жобасы. Сонымен бірге, үздік режиссерлік жұмыс, үздік операторлық жұмыс, жылдың үздік тележүргізушісі мен жылдың үздік тележурналисіне сыйлықтар табыс етіледі. Елорданың 20 жылдығына орай - Астана туралы үздік жоба сыйлығы да тағайындалып отыр. Әділқазылар алқасы жіберілген материалдарды сараптамалық бағалау нәтижесі бойынша, жасырын дауыс беру арқылы лауреаттарды анықтайды. Әділқазылар алқасы қазақстандық телевидениенің білікті кәсіби мамандарынан құралады. «Тұмар» Ұлттық телевизиялық бәйгесін ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі еліміздің ең сапалы және өзекті өнімін анықтау арқылы қазақстандық сапалы телевидениені дамыту, ілгері жылжыту, телевизиялық өнім жасаушы талантты кәсіби мамандарды қолдау мақсатында бекіткен еді. Бәйгені ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің қолдауымен «Қазмедиа орталығы» ұйымдастырады.