Сыр елінде «Абай» операсының тұсаукесері өтті
Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» операсының тұсаукесері онлайн түрде өтті.
«Абай» операсы Сыр елінде тұңғыш рет сахналанып отыр. Операның қоюшы режиссері Шымкент қалалық опера және балет театрының режиссері әрі солисі, «Мәдениет қайраткері» төсбелгісінің иегері Қайрат Құлыншақов.
Басты рольді облыстық филармония әншісі Айдос Иманжаппаров сомдады.
Қойылымда облыстық филармонияның, Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрының әртістері, камералық оркестр, «Томирис» би ансамблі, Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық жоғары колледжінің «Ән салу» бөлімінің студенттері мен аралас хор ұжымынан құралған 100-ден аса өнерпаз өнер көрсетті.
Қойылым облыстық филармониясының камералық оркестрінің сүйемелдеуімен өтті. Дирижері «Мәдениет қайраткері» төсбелгісінің, «Құрмет» орденінің иегері Кеулімжай Ботабаев.
Елде енгізілген карантин талаптарына орай тұрғындар «Абай» операсының көрсетілімін «Qyzylorda» телеарнасы мен Youtube әлеуметтік желісіндегі «Сыр шаңырағы» каналы арқылы тамашалай алады.