Өкінішін «бетпердеге» жасырған жауынгер
Ұрыс, майдан, айқас. Бұл сөздерді естудің өзі ауыр болғанымен, бұл ұғымдарды жігер сөзімен байланыстырғым келіп отыр. Өткен ғасырдың батырлары «туып өскен жерімді, шаңырағымды қайта көрсем» деп соққан жүрегінде үміт отын өшірмес үшін барын салды. ХХ ғасырдағы алапат Ұлы Отан Соғысы барша кеңестік кезеңнің отбасына ауыр соққаны анық. Қала мен ауыл тұрғындарының барлығы әскер қатарына жұмылдырылды. Бұл оқиға менің де отбасымды айналып өтпеді. Тереңөзек ауданында туып өскен үлкен атам Балмаханов Сәрсенбай Қызыл әскер қатарында болды.
Дастарқан басында шай ішіп, мінез, қайрат жайлы әңгіме қозғалғанда Қарлығаш әжем ылғи атамды үлгі тұтатын. Бір кездері көгілдір экраннан жеңіске қатысты бейнеролик көріп, жанында отырған атамның жас кезіндегі образын суреттеп бергені есімде. Ол кісінің келбетіне, артқа қарай жинақы таралған шашына аса назар аударатын. Айтуынша, қандай сұрақ қойса да жауабы дайын тұратын және мінезі ауыр адамдармен де тіл табысып түсінсе білетін. 1942 жылы ант қабылдап, соғысқа аттанған кезде 19 жаста болған екен. Бұл жастағы жігіттің кенеттен майдан ортасына тап болғандағы сезімін жеткізу кез келген жазушының қолынан келе бермейтіні рас. Жау ұясына жалау тіккенімізге – 75 жыл. Атам Алматы арқылы Германияға жол жүріп, командирдың тапсырмасымен 61-інші атқыштар полкіне орналасады. Онда снайпер болыпты. Бұл туралы ең алғаш сағынышпен жазған хатынан білдік: «Біздің бөлімшеде қазақтар аз еді, негізінен, татарлар мен орыстардан құралды. Бірақ барлығымыздың арманымыз бір еді. Отбасымды тағы бір құшағыма алсам деген үміт. Әр жерге киіп жүретін бір-екі киімдер берілді. Суға түсіп алуға мүмкіндік кейде болмай да қалатын. Бірақ бұл уайым ба?!...» – деп жалғады сөзін Сәрсенбай ата. Соғыс алаңында мергендігімен көзге түскен. Ашық алаңдар мен мина жатқан жерде ұрыс жүргізудің тәсілдерін жақсы білген. Кеңес үкіметі Германиямен шайқаста бірнеше бағытта ұрыс жүргізді. 1943 жылы 29 желтоқсанда Витебсктегі (Белоруссия) полкке ауысады. Фашистердің «Барбаросса» жоспарына сай бұл қалаға шабуыл жасалып, әсем мекеннің тас-талқаны шыққан кезін көзбен көргенін айтқанда, жүрегің қарс айырылады. Осы жылы арқасына оқ тиіп, госпитальға жатқызылады. Ал, 1944 жылы 30 маусымда емделіп, қайтадан майданға жіберіледі. Кенинсбергті (Калининград) қорғауға атсалысады. 89-ыншы танк бригадасына келіп, көп ұзамай уақытша командирдың қызметін атқарады. Туған-туыс, бауырлар шаңырағымызға жиылғанда атам ұмытылмас естеліктерінің бірінде көріпкел досы жайлы айтып еді: «Түнге таман, жүрек жалғайтын уақыт келгенде, ылғи да қызықты оқиғаларымен отрядымызды сергітіп отыратын Михаил есімді азамат болды. Байқағаным, сырттай қарағанда әзілқой, адамдармен жеке сөйлесе кетсең, басынан өткерген мұң-өкінішін «шуақты» бетперденің арғы жағында сақтап отырады екен. Алақандағы сызықтар арқылы өмір жолыңды, жұлдыздарға қарап болашақты болжап береді. Арамыздағы жас жігіттердің бірі болғасын ба, әрине, оған ешкім сене қоймайды. Окоптың жанында жатқан сержантқа жарты сағат бұрын жүгіріп келіп: «Сен отырған жерге қазір снаряд түседі» деп қолынан жұлқығаны бар. Тыңдай ма?! Атқылаған пулеметтен тығылып, тапжылмай қалды. Михаил айтқандай, бірнеше радиусты қамтитын снаряд алыстан ұшып келіп «жерді қазып жіберді». Дарынды Михаилмен соңғы рет кезіккенімде алақанымды ұстап орысшалап: «Сәрсенбай, нені көріп тұрғанымды мен ішімде сақтай алмаспын! Соғыстан аман-есен оралып сүйіктіңді кезіктіресің. Бес балаң шетінеп кетеді. Бірақ, сен, абыржыма, мойыма! Бала сүю қуанышы сенен жырақтамайды. Жылдар өте 3 балаң дүние есігін ашады», – деді. 1945 жыл. Ұлы Жеңіс! Пойыздың ішінде еліне қайтып келе жатқан жауынгерлердің жүзіне қарап барлығының дерлік қуанышы бірдей деп айта алмассыз. 19 жастағы жас жігіт үш жылда өмірдің қатыгездігімен бетпе бет келіпті. Өзінің қалай өзгергенін байқамай да қалды. Жеңіспен оралып, анасын құшағына алды. Самал желдің ысқырығы мен құстардың әуенін естіп ұйқыдан ояну кеше ғана орындалмас арман секілді көрініп еді. Көп ұзамай атам Аққұм ауылдық округінен Қарлығаш әжемді кезіктіріп, отбасын құрады. Барлығы дарынды жігіттің айтқанындай... Арғынғазы, Базаркүл, Базар есімді балалары дүниеге келіп, тамыр жайды.
Марапаттары жайлы айтар болсам: 1946 жылы Ұлы Отан Соғысында фашистік Германияны жеңгені үшін, 1948 жылы 11 маусымда Жоғарғы Совет Президиумының атынан «Калининградтағы жеңіс үшін» медалімен, 1970 жылы 10 сәуірде Лениннің 100 жылдық мерейтойына орай «Ерен еңбегі үшін», 1946 жылы 10 мамырда «ҰОС жеңісіне 30 жыл толуына орай» медалдары табысталды. Әрине бұл медальдардың өзімізде сақталып тұрғаны ел тарихының жадымызда сақталып тұрғанымен тең. Қазақ халқында өткен тарихын білмеген және өзінің ұлттық қасиетінен айрылған халық қасіретке ұшырайды деген сөз бар. Менің Алладан сұрайтыным, отбасыма атамның күш жігері дарыса деймін. Желбіре, жеңіс жалауы! Біз сіздерді ұмытпаймыз, батыр бабалар!
Абылай ЖҮНІС,
ҚМУ-дың IV курс студенті