Жол қараған
Қазақ өлеңінің ақ отауына айтары бар тағы бір талант келіп қосылды. Ол – жерлесіміз Биболат Сәтжан.
Жақында жас ақынның «Жолқараған» деп аталатын тұңғыш жыр жинағы жарық көрді.
Биболат өлеңдерінен албырттық пен шалқыған шабыттың шырайы көзге ұрады. Алайда жалаң сезім, сырғақ сөз емес, жатық ой, жалынды қуат бар. Таным талғамы ерен, поэзияға тән парасаттылық пен пайымды тең ұстайды. Бабадан қалған мирас – ұлт тілінің құнарын бойға жиған.
Мін іздесең
Табу оңай, мінсіз кім?!
Мән іздесең, мәнсіз күнім – жырсыз күн.
Сен айтарың жоқ болған соң көпірдің,
Мен айтарым көп болған соң үнсізбін.
***
Тамып түскен шық түстес таң нұрынан,
Жол қараған жанарым талды мына.
Еріп кетер секілді бұл жүрегім,
Келер күздің майбүркек жаңбырында!..
***
Алыс шамға
жарық емес, қараңғы
Шақырады!
Тез кірлесе жағаңның
Бар жазығы – ақ болғаны.
Дегенмен,
Ақтығыңнан ағармайды көлеңкең.
Төрт аяғын тең басып найқалатын осындай шумақтар тылсымына тартып, бигіне көз талдыртып қаратады.
Өткен жылдың күз айында аңыз ақын Әділ Ботпановтың шығармашылығына арналып өткізілген республикалық мүшәйрада Биболат Сәтжан бас бәйге иеленген еді. Осы шараның өтуіне бас болған руханият жанашыры Аманжол Сақыпұлы сол кезде өз есебінен Биболаттың кітабын баспадан шығарып беремін деген еді. Араға пандемия түсіп, сәл кешіккен кітап бүгін жырсүйер жұртшылыққа жетіп отыр.
Ал, ағайын, елдің үнін, ердің мұңын жоқтаймын деп жол қарап жүрген дарынды жерлесімізге данадай өрлік, даладай кеңдік тілейік.
Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,ақын
ОЙХАНАДАҒЫ ӘҢГІМЕ
Бұл өлеңнің
Қарапайым ырғағы –
Жүрегімнің
Баяу соғып тұрғаны.
Қаперіне алмаса да басқалар,
Тек ырғақта болмаса да жыр мәні –
Бұл өлеңнің қарапайым ырғағы.
Мін іздесең
Табу оңай, мінсіз кім?!
Мән іздесең, мәнсіз күнім – жырсыз күн.
Сен айтарың жоқ болған соң көпірдің,
Мен айтарым көп болған соң үнсізбін.
Есім түзу, тым ақылды емеспін,
Айтпайды ғой ақымақпын деп ешкім.
Сен де мендей жалғыздықтың мұңысың,
Мен де сендей бір-ақ сәттік елеспін.
Бар еді ғой бәрімізге тең өлшем,
Бірақ маған жат көріндің неден сен?
Мұңыңды айтшы, мұңдасуға лайығым,
Шыныңды айтшы, жылайсың ба мен өлсем?..
Сырып тастап перделерін қайғының,
Сырласайық, сырым ғана байлығым!
Байқар дейсің тек біз білген жайды кім,
Айтар дейсің тек бізде бар ойды кім?
Сыртымыздан айтылса да көп кесім,
Бұл ойымнан бар ма басқа нақ шешім?
Сырымыз жат, мұңымыз жат боп жүріп,
Бостан босқа өмір өтіп кетпесін.
КҮЗКҮТКЕН
Жасырулы жүректің түбіне өлең,
Жылуына жаздың да жібімеген
тоңға ұқсайды!..
Мендегі бір өкініш
Үйлескенде мезгілдің мұңыменен.
Мұңдарыма амалсыз сендім-дағы,
Сеніміме тағы үнсіз келдім налып.
Мына әлемде мен ғана үнсіз қалдым,
Ділмар болып кеткенде елдің бәрі.
Елдің бәрі айтатын әнге үздігіп,
Құлақ түрсем қариды жанды ызғырық.
«Сұлулық» деп шырқайды ән.
Ал, сұлулық –
Адамның күзде кешкен жалғыздығы.
Бағыма,
арманыма,
жаныма күз
Орнайды.
Мұңданамыз тағы да біз.
Бар мәні тамшы мұңдай күзгі өмірдің,
Бір ғана сөз, ол сөз де мағынасыз.
Мағынасыз адамның ғұмырындай,
Еш пенде мән бермеген ұлы ұғымдай.
Күз келеді, ызғарлы тыныштығы,
Жол қараған жанардың тұнығындай.
Тамып түскен шық түстес таң нұрынан,
Жол қараған жанарым талды мына.
Еріп кетер секілді бұл жүрегім,
Келер күздің майбүркек жаңбырында!..
Мен сөз сұрап тіленбедім,
Танылғанға табынбадым.
Емлеге сүйенбедім,
Ережеге бағынбадым.
Өзіме шақ қайғым енді,
Жаным үшін жазғаныма.
Жасырып та қойғым келді,
Аз сөзіме көп мағына.
Мезі болған мың уайымнан,
Миым емес мекені оның.
Өзім тапқан Құдайыма,
Жүрегімде жетеді орын.
Ойбайларың зор келгенмен,
Ой айтқансып бәрің тыңнан.
Өз күйігім бар кеудемде,
Өз биігім бар ұмтылған.
Өзіме аян сезгенім не,
Өзіме шақ тағдырым бар.
Пікірлерің өздеріңе,
Мені өзіммен қалдырыңдар!
***
Кезең солай өтті де тағы өтпелі,
Қалпына түсті бәрі әдеттегі.
Көп кеңестен қара үзер кез боп содан,
Ұйқы тілеп қызарған көзге ұқсаған.
Іңір алды
шулады пері ішіңде,
Бөлмеңе әлдекімнің демі сіңген.
Әзірейіл келгендей күзден ықтап,
Әзірге көрінгің жоқ өзге жұртқа.
Ал, олардың анты да айнымалы,
Сен ғана тойына алмай қайғыға әлі.
Тырнап ашып көзіңді түс ауғанда,
Түн қайда кетті дейсің,
Мысалға ол да.
Көрінгенге қол жайған қайыршыға,
Күлгендей қасірет не уайым шығар?
(Көп жылдар жолын тосқан қайырымдының
Уайымы секілді жай мұңдының).
Анығы,
Бір салқынды сезді діл де,
Күз – жалғыз өткізетін мезгілің бе?
Қырлы әйнектің жылтылындай көз ілесіп,
Үлгермес күрсінгенің сенің осы…
КЕРЕКСІЗ
Бар арманын ақтарып,
Жылауға да шақ қалып.
Жазбақ еді жаңа жыр,
Таза парақ таппады...
Гүл қалаған көңілді,
Былғамаған кім қалды?
Жыр қалаған өмірді,
Ұрламаған кім қалды?
Өмір – осы, ешкімге
өкпелеуге болмайды.
Өз көркіне өзі таң,
Алыстағы бір ару
ойлады ма ол жайлы?
Абайсызда Аллаға
Антын бұзған сопыдай.
Жалғыз қалған сол ғана,
Жыр-дұғасын оқымай.
Қайда қалды арманы?
Қайда қалды ардағы?
Ол жүретін көшенің,
Бүгін шамы жанбады.
Шығарып та салмады,
Ешкім, оны тоспады.
Болмашыға алдану –
Бұл бағдарсыз босқаны.
Басқа пайда жоқ мұнан.
... Көше соңы – көк тұман...
Сол тұманға емінді,
Сорын жұтты қиялдың.
Өз-өзінен жерінді,
Өз-өзінен ұялды.
Бір сөз үшін өкінді,
Бір кез үшін опынды.
Сол көшенің шамындай,
Сөніп қалған секілді.
04:17
Көз алдың тұман, көк сағым...
Есіңе салып көңілсіз ойдың жаңасын.
Күйіп те жанып батса күн,
Күйігіңмен жеке қаласың.
Арта да беріп ділге жүк,
Сол шығар, сірә, ақылдан ада болғаның.
Денеңе симай кетесің солай түн кезіп,
Ойыңнан озып он қадым.
Нетерсің тағдыр алдаса?
Болмағаныңа өкініп жансыз меңіреу.
Сезім буғанда жылай алмайтының болмаса,
Ең әсерлі сөз ғой еңіреу.
Қайтымсыз не бар?
Тегін кетіпті қай нала?
Түңілген жандар тауып та жүр ғой өстіп ем.
Тірі пендемен түсінісем деп ойлама,
Түсінгенін ғана естір ел.
Өз мылқаулығымен қалсын да бірге бұл ғалам,
Түнеріп солай тұрсын көк.
Жүректі сақта жарылып кетпей шыдаған,
Алғыс айт маған, жанымнан қалмай жүрсің деп.
Жан кешпеген бір көл жайлы үнсіз толғаншы,
Жалғыз-ақ тамшы жасты аңсап.
Жалғыздар сондай арманшыл,
Жалғыздар сондай жасқаншақ.
Сол жалғыздарша еңіреп іштей жыласаң,
Мүрдесін құшып сезімнің.
Мен ғана сені жұбатам,
Мен деген мынау – өзіңмін!
***
Арада қанша сөз қалғанымен,
Сезім бар сонша қозғаусыз.
Жаңа көйлегіңе сен мәз болғаныңмен,
Ұнамай жүр маған өз дауысым.
Мінезіме мезгіл дөп келген менің,
Кез де жоқ, несін айтамын?..
Айналама мынау көктем келгенін,
Жымиғаныңнан байқадым.
Бейуақ мені мұңайтты сосын,
Шайымға келмей батқан күн.
Шырмалып ойға шарадай басым,
Шағыла жаздап шақ қалды.
Серпілейінші сол түнегімнен,
Жалықтым жалғыз жүргеннен.
Көктемгі баққа жүрші менімен,
Таныстырайын гүлдермен.
***
Əлемі де өзгешелеу баланың,
Өлеңі едің бір кезде.
Жүрегіме өзің салған жараның,
Жасы келіп тұр көзге.
Содан бері күннің бәрін мұң еттің,
Өтті уақыт кезіп түн.
Ескі дертін еске салып жүректің,
Неге ғана кезіктің?
Кезіктің де күліп тұрып жыладың,
Мен егілдім ішімнен.
Өзге кімнің күрсінгенін ұғамын?
Мені өзіңдей түсінген,
Кім бар өзге?
Дәл өзіңнен аумаған,
Кезігер ме мың жылда?
Тас төбемнен бұлт көшеді жаумаған,
Ол да сендей тұнжыр ма?
Үндемей-ақ ұғам сені, сезінсең,
Кеудем ділсіз қалса да.
«Жасым құяр көл таппадым» дедің сен,
Менікі де сол шама.
Үнсіз қалдық, қайғымызды қозғасып,
Сезім тербеп, ой меңдеп.
Көшкен бұлттар іркіп қалған көз жасын,
Құяр екен қай көлге?..
***
Даланың сырын оқыған,
Бақсыдай болып үн салып...
Ойлы бір көздің отынан,
Тебірендім неге мұншалық?
Бір ортақ ойдың наласы,
Бір үнсіздіктен жаралып.
Екі көңілдің арасы –
Екі мың күндік аралық.
Сөзімнің мәні бар ма осы,
Сезімнің кештік қандайын?
Таусылмас зарға ән қосып,
Таусылып нені толғайын?
Тербесе мені мұң өзге,
Мұң шағып алып кейде сен.
Ақұшқын албырт мінезбен,
Ағыл да тегіл сөйлесем.
Көлшік те көлшік жаңбырын,
Кірпігіменен құрғатып.
Көзімде тұнса тағдырым,
Кете көрмеші шым батып...
САҒЫНЫШ
Сенің мұң мен сырларыңның айнасы –
Жанарыңа жан теңізің жайғасып...
Жұмбағың мен өз алаңың өзіңде,
Арманыңмен аспандағы айды асып.
Түн суреті түнек сепсе бұрышқа,
Тылсымыңа тұншықтырар бір ұстам.
Қараңғы ойдың қыр арқасын қақ жарып,
Қиялыма енесің сен нұр ұстап.
Тек өзіңдей тілеп алған құлдығым,
Тек өзің деп алмастырар күнді күн.
Әз әнім де, ғазалым да тек өзің,
Ажалыма апарардай ындыным.
Саған барар жол таппадым...
Қайда ізің?
Қадай күттім көкжиекке ой көзін.
Қайсы жолмен жетер екен сәлемің,
Құлдығымнан құтқарады қай төзім?..
***
Адалдығына сенерім,
Алдағанына да көнерім.
Пәндауи тілде теңеуі,
Табылмай қойған өлеңім.
Жалғыз мұңайған сәттердің,
Тағдырға жүрмес өкпеңнің.
Сағынышыңның ауыр салмағын,
Тек маған артсаң деп едім!..
***
Мазаңды алса да мұң небір,
Үн-түнсіз тынбағын.
Көңілді көрінсе кімге өмір,
Сол саған ғашық деп біл, жаным...
Жетпейді-ау бір нөсер жерге де лайсаң,
Жұртқа да жетпейді бірдеңе.
Көктемді аңсаған көңілмен мұңайсаң,
Аңғармай жүр деме...
Жолдарға таңылған тағдырмын, не дейін?
Ай – алыс қалса да,
Күн – жырақ.
Сағыныш жайында жыр оқып берейін,
Қалмашы тұнжырап.
Басқалар,
Басқа ғой түсінсең,
Ақылдым, ұлғайтпа өкпені.
Бір сәтке көңілді болуың үшін сен,
Бақытсыз ет мені...
***
Менің ғашық аспаным,
Саған нұрын төксін.
Мен кеудемді тосқан мұң,
Сені айналып өтсін.
Шын сырыңды ұққан кім,
Аққу мүсін ару?!
Алауланып шыққан күн,
Келбетіңе зәру.
Мен болайын сендегі,
Әсемдіктің құлы.
Ешбіріне пенденің,
Сезілмесін мұңың.
Сенің таңың атқанда,
Зауалымды күтсем...
Мен түпсізге батқанда,
Зау биікке шық сен.
***
Ай менен аспанның шуағын ұрттаған,
Бұртиған қылығың есімнен шықпаған.
Білесің, айтылған мың сыр бар,
Сен әлі мәнісін ұқпаған.
Жосықсыз қиялым бір күні болар шын,
Қай жаққа кетсең де қайрылып соғарсың.
Сезімім үшін-ақ сен мені,
Ұмыта алмастай боларсың.
Жаныңды қытықтап, таптырмай жыр тыным,
Ойламай, сағынбай өтпейді бір күнің.
Кінәлі кейіпте жүрерсің мені іздеп,
Кірбіңнен суланып кірпігің.
АНАШЫМ
Ақылмен ұққаным ересек өмірден,
Сендегі даладай мейірлі көңілден,
Дүние тар екен.
Сөзімен жаныңды жауратар жазда да,
Мыңдаған пенделер,
аздаған
Адамдар бар екен...
Әркім бір айтатын әз бақыт жайында,
Әр күн бір беріліп басқаша уайымға,
Деген ем «жетем ғой».
Қорғансыз болса да күлетін қорықпай,
Күнәсіз сәбилер,еңбегі борықтай,
Бақытты екен ғой.
Теңізден кем көрмей тамшыдай қайғыңды,
Жаныңа медеткер болайын айбынды,
Дүние алмасар.
Мейірімге толтырып жанымды түнерген,
Қуан сен!
Мен өмір сүрер ме ем,
Үмітің болмасам?!.
***
Мен – ор құмға біткен шағырмын!
Шыжында өскен шағылдың.
Қасіретімді танысаң,
Қасиетіңді танырмын.
Мен – ғайыптан келген ғаламға,
Ғаламат сыйы ғасырдың.
Көп күншілдерден күпінген,
Білігі бөлек бітіммен
Әруағымды асырдым.
Мен – қанағат атты қара ағаш,
Құнарсыз жерде көктеген.
(«Жасыман» деген жігіттің
Басынан нелер өтпеген?)
Ебі желдей екпінім,
Тұяғы едім тектінің
Тіріде тізе бүкпеген!
Мен – шерге суарған кездік ем,
Сенім мен сертке сілтеген.
От сепкен оқтан озық ем,
Бұлқынып ұшқан білтеден.
Мұқалмас, маңғаз маңдай ем,
Жартасқа қанша тисе де.
Бурыл көбікті таңдай ем,
Жантақтай жырды күйсеген.
Тар көкіректерді піспеген,
Кеңдігімменен басып ем.
Наладан нышан түспеген,
Абадан мінез асыл ем.
Бұрқ етіп өзі тұтанған,
Боз даладағы боз едім.
Булығып шыққан сөз едім.
Өрге сүйреген өз елін,
Өрлігі басым атаның
Артында қалған көз едім.
Өлең өртеген өзегім,
Сабылтып мұңлы кезеңдер.
Еркіндікті аңсап ежелден
Көп күткем тағдыр кезегін!
БАҒЫШТАУ
Аға,
Ажал айтып келген күн бар ма?
Өзің кеткелі өкпешіл жанды мұң қармап...
Армандарымды жоғалтқан екем,
Балалығымды тоналтқан екем
Басқа мекенде адасып жүрген жылдарға.
Өргек ұстаған кеудемді мұңмен жылытқам,
Лайық па маған, лайға сіңсем тұнықтан?
Өлеңі дерттен,
Өзегі өрттен арылмай
Өмірді менше кім ұққан?
Тепкісіз емен тұрқы кем,
Тексіз немелер телмеңдеп жүрген арзанға
Аяғымды талай сүртіп ем.
Арындап өтсем,
Жалындап өтсем деп едім
Жалқын от көшкен жанарымның мына жылтымен!
Сол оймен ғана тыншып ем, аға,
Сендей дарақтың бүршігі ем!
Сен болып кейде ойланам,
Сен болып кейде күрсінем...
Өзің тәрк еткен ессіз дүние,
Сертінен тайды тағы да.
Әңгүдік сарып кеткенін көріп әдеміліктің бағына,
Ажалды да кейде сағынам.
Жалғыздығымнан мән таппай,
Жаныма жақын жан таппай.
Зарық күнімнен жарық күніме жол таппай,
Жалтақтай берем, жалтақтай...
Жалғыз ұраны еркіндік болған даланың,
Жалтақ ұлдарын ант атқай!
СӨЗ
Бірер ақылсыз құптаса,
Бола қалмайсың бөстекі сөзбен мықты аса.
Сырқат ойыңның сөлін ағызба тіліңнен,
Басыңды бұзып шықпаса!
Байқампаз көпке бәдіктігім де байқалмай,
Айтарымды да айта алмай.
Ешкімнің сөзін ұрламай,
Ешкімге сөз де қайтармай...
Өлгем жоқ әлі, өтсе де солай әр күнім.
Сөз деген – менің тағдырым!
Жан мұңын шайып, ар құнын ақыл қалтаңа
Толтырып берер.
Тек аялай біл әрбірін!
Аз ғана сыйын Алла бұйыртқан таланның,
Айтқан сөзімнен табармын.
Оң-солым толы қансырап жатқан сорлы сөз,
Обалы кімге солардың?
Сөз ойнату да болса өнер,
Өлеңді өнер дегенге қалай ел сенер?
Жалғыз айтарым –
Сен үнсіз қалшы кеудеңде,
Жылт етер жарық қалса егер.
Ұғымсыздығым саналса қанша жарлылық,
Сөз ұғу сонша сорлылық!
Соның мысалы –
Не үшін жаздым осыны?
Соншама сөзді қор қылып...
***
Мақсат етпей-ақ мойындалу дегенді,
Жәй жаза салу керек өлеңді.
Алмай-ақ та қойсын жұр жаттап,
Болмай-ақ та қойсын көлемді.
Өзінен артылып жүріп өз соры,
Кім күтеді дейсің сөз соңын?
Ойдан жалыққан кезеңге,
Онша қажеті де жоқ соның...
ҚЫЗЫЛОРДА
Дарақтай ай ілінген бұтағына,
Алаулы мыстай күннен тұтануға
Шақ қалдың!
Боза түкті күлгіндігің,
Қыш кітаптай жазылған мың жыл бұрын.
Даланың тынысындай күрсінгенің,
Қалжырамай қалса да құр сүлдерің.
Есалаң жел жұлқылап етегіңді,
Көкке жайған желкенін жеке мұңның.
Көкжиегін жағалап күн-ғұмырлар,
Іңірдейсің малынған ілкі-нұрға.
Арудайсың жаралған сүю үшін,
Көшелерің – тағдырлар қиылысы.
Көк құрақты аңсаған қияндағы,
Мұңшылдардың жетелеп қиялдарын.
Жанға сызып айшығын маусымдардың,
Кеудесіне арманы таусылғанның,
Жаһанды жасартардай жаңа сәуір
Орнаттың!
Келбетіңде дала сәні...
Әжемнің мейріміндей баяғыңды,
Үлгі етіп, сұлулыққа оянудың
Қаласына айналдың.
Соны ұғындым,
Көз жасым – тамшысындай көңіліңнің.
Көңіліңнен ақпанда мұз да еріген,
Жылылығың аумайды қыз демінен.
Қызылордам, қанықсың мұң-сырыма,
Түннен тамған өлеңдей тылсымыңа
Ғашықпын!
Ал ғашықтың күні ғәріп...
Әр сәтіңнен мың жылдың мұңын алып.
Жаңқадан жазда қайта көктерім ең,
Бұтағың мен болайын өрт кемірген!
ЖОЛҚАРАҒАН
(Әділге)
Мынау шәрдің
Мың көшесі болса да –
Жалғыздықтан жаурағандар соншама!
Арасында
Жаны ардақты жоқ ешкім,
Жоқ ешкімнің жүрегінде сол ескі
Сәулелі сөз дала кезген зар қағып.
«Бұл бүлікшіл ғасырыңның арманы –
Тыныштық» деп ұрандайды жұрт нені?
Ал, мен соның барлығына сырт беріп,
Өзің жаққа қарадым...
Қарасына зәру едің сен кімнің?
Ақырғы рет айналғандай жер күнді.
Ақырғы рет мұңға батып соңғы ақын,
Нақақ назын сезімінің сол ғапыл
Тізгеніндей параққа.
Сені ойладым,
Түндей тылсым үреймен!
Қай тұманның айығуын тілейді ел?
Қара орманы не қайғыдан өртенді?
Олар «білген»,
Олар «ұққан» көркемдік –
Сезіміңнің
Мөлт еткені тұп-тұнық!
Құл біткенге құдайлығын ұқтырып,
Сапар шексең
Қайтарына қалмай күш.
Сағди жүрген жолға түскен сол байғұс,
Сіңді дей ме көкжиекке, сағымға?
Төменде – мұң,
Төбемде түн барында
Ант етейін!
Жол қараса әр сәби,
Жел даланың ішегінен сауса күй,
Менің сені сағынғаным...
Сондағы,
Екеумізге қайырлас күн болмауын.
Тағдыр көріп,
Тағы қайрап тісті көп,
Біздің шарап сіздің мәйден күшті деп.
Гүртханада сыр бөлісіп, мұң басып,
Жолығар күн жеткенінше, құрдасым.
Есен бол!
***
Шынында тек бар мұң-зар,
Торығуға толы жыр.
Қилы-қилы тағдыр бар,
Барлығының соңы бір.
Ізін уақыт бүркеген,
Бара жатыр көш ағып.
Барлық анық бір төбе,
Һәм бір төбе осы анық.
Жанымызды жат ұғып,
Жатбауырмыз... күлкілі.
Шаршап келіп аһ ұрып,
Жығыламыз бір күні.
Намысымды қамшы қып,
Сен деп өтем жалғанда.
Жүргеніңде паңсынып,
Қалып қойма арманда.
Екеумізге дос үміт,
Серік қылар арманым.
Сен ұқпадың осыны,
Мен ұқтыра алмадым.
Обьективті көзқарас
Кеше,
рухы әлсіздер өз-өздерін ақтауға,
пәлсафалық тұрғыда дәлелдер тапқанда.
әділеттілік атаулының бәрі –
қоғамға,
обьективті көзқарас –
адамға
кереғар екендігін ұққам.
Себебі,
азаттықты тек есінен адасудан іздеп,
ес ағымы деп аталатын тізбек
еркіндіктің шын мәнісіндегі жалғыздық екені жайлы шындықты
бөлісе алмайды бізбен.
Бізге,
жүрсек те жиірек соққан жүрек дүрсілін тыңдап,
нағыз әділдік болмысы –
жұмбақ.
Діншіл жануарлар класына кейде
ақиқат қорқынышы адасу қуанышынан қымбат!
Басқаша айтқанда,
«Адамға тән сезінулердің бәрі – нөсер,
ал, әлгі жүрек дүрсілін – үміт» десең,
нөсер ішіндегі жалғыз тамшы үміт
жақсылық атаулының жанарында тұрады күліп.
Сіз таңданбауыңыз керек!
Мысалға,қарапайым банк жүйесінің өзі
тұтас бір ұлттың түбіне жетіп жатса, кенет...
Өйткені өлім қорқынышының өзі
өз-өзіңе қол салуға ең қарапайым себеп.
Шым-шытырық түс көріп жатып сермеген қолдай,
шарасыздық кімге керек ондай.
Реттілігін жоғалтқан әңгімелесулер жиыны
күнәға саналады екен қандай?
Табандылық – әлсіздікті жеңудің мәні,
экономика теорияға бағынышты әлі.
Әрекетсіздікпен күшейгенде ықпал
кездейсоқтық реттейді бәрін!
EXISTENZ
Біреуді ең жақын дос көрем,
Жай күнде жүрсем де басқамен.
Бүлініп жатпай-ақ ештеңем,
Кей-кейде булығам жасқа мен.
Ұмтылмас естелік тым ұяң,
Ұмытылған алыс бір кез үшін.
Ашынған шақта да жымиям,
Біреудің бір жылы сөзі үшін.
Біреудің жоқтығы жасытқан,
Біреулер кетпейді жанымнан.
Белгісіз біреуге асыққам,
Белгісіз бір жайды сағынғам.
Тәрізі, бәрі үнсіз, десе де,
Әр ісі, қимылы сөйлеген.
Мыңдар жүр мен жүрер көшемен,
Мен құсап мың түрлі ойменен.
Көкейде сұрақ бір, мұрат бір,
Жалғыздық, мен сонсоң әлгі мың.
Армансыз өкіре жылап бір,
Өзіме қаратсам барлығын.
Қосылып жылар ау сол көше,
Тоқтатып адамдар кезегін.
Бәрінен үмітсіз пендеше,
Үзілер содан соң өзегім.
Болады-ау дүние налалы,
Бір ақын келмеске маңды деп.
Дәптерде бір өлең қалады,
Мен сүрген өмірден мәндірек.
МЕТАКОГНИТИВТІ БҰРМАЛАУ
Бір мұнарға маңды басың,
Есің екі жарылды.
Болмашыға қор қыласың,
Бойыңдағы барыңды.
Алқынасың енді несін?..
Аулақ қалып достан да,
Ұзақ түнге телміресің,
Ай аунаған аспанға.
Тірілердің мазағы үшін,
Тірі жүріп неткенің?
Сен біреуге назалысың,
Ол да саған өкпелі.
Қарап тұрып жалығасың,
Қаумаласа қара мол.
Әлдекімді сағынасың,
Әлдеқандай болады ол.
Таба алмадың пендені ұғар,
Табылмады жан емі.
Әлдекімнің сенгені бар,
Сенің кімің бар еді?
Соза берсін солар демін...
Сенделмей-ақ ендеше
Бәрі жақсы болар ма еді,
Сен өмірге келмесең?!.
***
Ауарайы
Иесіз қалған лашықтай,
Төңірек түгел қараңғы.
Күзгі түнде босағада бөгелмегін,
Ұстамағын есіктердің тұтқасын.
Құлдығым,
Саналарды тастап шығып
Сағанаңа оралшы –
Жоқтаулар да тоқтасын,
Көз жастары құрғасын.
Саған барар жалғыз жол –
Өмір ғана.
Я, жалғыз жол...
***
Сезімге құштар күн зая,
Кімге кіжіндік, кімді аяп?
Ұғып та тұрып ұғыспақ болып ұмтылып
Жүрек те жылап тынбай-ақ,
Күнде өледі іштей қимастығына қылқынып.
Алыстадық-ау ақыры...
Махаббат – тәтті азапты,
Мылқау уайымға қажаттық.
Сүйіп те тұрып сүйікті болсақ екен деп
Азаға көміп азаттық,
Сағыныспаған сағыныштарды мекендеп
Табыспадық-ау ақыры...
Сарғайдық-ау, күз екеуміз?!
***
Бұлғаса қолын баяғы құрбы,
Баянсыз баққа енді азбан.
Кіршіксіз таза, аялы жырды,
Анау өмірде мен жазғам.
Мен жазғам, бәрі жазылып біткен,
Әлем де онда өзге еді.
Соқыр жүректер сабылып күткен,
Сезімдерді емес сөздегі.
Сөз керек жұртқа көңілдегіні,
Бүркемек болса көмеймен.
Өтірік дейді өмірде мұны,
Өзімшілдігі көбейген.
Тек өзің үшін күліп не жылап,
Өзімшіл болсаң не тұрыс?
Сүйеніп айтар үмітке бірақ,
Ең соңғы сөзім
«Өтініш!»
***
Қараңғылығын сүйдім әлемнің,
Түнектен көз алмай.
Өзім оқығым келген өлеңді,
Жаза алмай.
Күннен қалқаладым көзімді,
Айға созған қолыммен.
Мен кетіп барамын өзімнің,
Жолыммен.