Соңғы жапырақ

О.Генри
О. Генри – лақап аты, шын есімі – Уильям Сидни Портер (1862-1910) – өте талантты американдық жазушы, прозаик, кенеттен, қызық аяқталатын танымал новеллалардың авторы.
Тағдыр ұйытқымасы әлдеқайдан еріксіз айдап әкеліп табыстырған екі жас суретші қыздың студиясы үш қабат кірпіш үйдің жоғарғысында еді.
Бұл үй көшелері қысқа-қысқа, қисық-қисық шимай-шытырманға айналып кеткен кварталда, қаланың шет жағында. Тағы бір таңғаларлығы – жалғыз ұзын көшесі өзін өзі екі рет кесіп өтеді.
Арзанырақ пәтер, солтүстікке қараған терезе іздейтін суретшілер қаланың осы түкпіріне үймелесіпті. Қашанда қарызданбай тұра алмайтын еңбектің адамдары мұндай құмырсқаның илеуінен қарызын жинаушыларға оңайлықпен таптыра да бермейді. Қағаз керек, бояу керек, кенеп керек… Басы артық ақша жоқ, болып көрген де емес.
Суретші екі жас қыз Сьюди мен Джонси бірі Мейннен, бірі Калифорниядан келген еді. Арзан бір ресторанда танысқан. Көркемөнерге, көйлек жеңінің жаңа модасына көзқарастары үйлесе кетті де, екеуі бір студияға орналасты. Жан аяспас дос болып кетті.
Ол мамыр айының кезі еді. Қазір қараша айында өкпеден алар отамалы аурулар көбейіп кетті. Бір күні Джонсиді алып ұрды.
Кәдімгі күйдіріп-жандырып әкететін отамалы. Талдырмаш қана, нәзік жаралған жас қыз қазір темір төсекте жатыр. Тор көзді голланд терезесінен көрші үйдің кірпіш қабырғасына қарайды да жатады. Басқа жаққа көзін бір аудармайды.
Джонсиді емдеуге көздерін қастары жауып кеткен, аузын мұрты жауып кеткен қартаң доктор келіп жүреді. Соңғы бір келгенінде доктор термометрді қатты сілкілеп түрып:
Жазылып кетуіне он ұпайдан бір
-ақ ұпайы бар! – деді Джонсидің серік қызы Сьюдиді коридорға алып шығып.
– Он ұпайдан бір
-ақ ұпай! Онда да өзі жазылғысы келсе, тірі қалғысы келсе! Ауру адамның өзі өлімге мойын ұсынып, тірліктен үмітін үзе берсе, біз беретін дәрі-дәрмекте түк қасиет қалмайды. Сіздің жас серігіңіз бұл аурудан жазылмаймын деп біржола мойындап қойған сияқты. Ойында не бар еді өзінің?
– Ол… сырлы бояуларымен Неаполитан бұғазын жасамақшы еді.
– Бояулар! Бұғаз!.. Сөз емес!.. Қалжырау! Оның жүрегінде ойлауға тұратын бірдеме жоқ па еді деймін. Мысалы еркек…
– Еркек дейсіз бе? – дегенде Сыюдидің даусы қаттырақ шығып кетті. Еркек те ойлануға тұра ма!.. Жоқ, доктор, ондай түгі де жоқ.
– Онда жас бейшара қатты әлсіреген екен! Мен ғылымның уәкілі ретінде қолдан келердің бәрін істеп бағармын. Бірақ өлімге өзі бейімделіп жатқан ауруға берілетін дәрі-дәрмектің жарымы далаға кетеді. Өмірден, осы дүниеден үмітін үзбесе екен. Егер сіз анаған-мынаған қызықтырып, тым болмаса биыл қысқы көйлектің жеңі қандай болар екен деп сұрата алсаңыз, серігіңіздің жазылып кетуіне бес ұпайдан бір ұпай ұтысы болар еді. Он ұпайдан бір ұпай мен бес ұпайдан бір ұпайдың арасы жер мен көктей! Түсіндіңіз ғой?
Доктор кеткен соң, Сьюди студияға барып жапонның қағаз орамалы езіліп кеткенше жылап-жылап алды. Содан соң жеңіл бір әнді ақырын ғана ыңырсып Джонси жатқан бөлмеге қайтып келді. Қолында сурет салатын тақтасы да бар еді.
Джонси бетін терезе жаққа бере жатыр екен. Арықтаған денесі көрпе астынан әрең сезіледі. Ұйықтап жатыр деп қаларлық үнсіз жатыр.
Сьюди ысқыруын қойып, алып келген тақтасын жайып, бір журналға басылатын әңгімеге байланысты суреттерін сала бастады. Жас суретшілерді көркеменердің күрең жолына әкелер сүрлеулер сондай журналдар арқылы өтетіні белгілі ғой. Сьюди де сол сүрлеулердің бірінде жүрген.
Сьюди суретін сала отырып, Джонсидің ақырын ғана сыбырлап жатқанын естіді. Әлденені басынан аяғына қарай емес, аяғынан басына қарай санап жатыр:
– Он төрт… он үш…
Сьюди орнынан атылып тұрып Джонсидің қасына келді. Көздері ашық, терезеден көрінген әлденемені санап жатыр.
– Он екі… – деді Джонси. Аз кідіріп: – он бір… он, тоғыз… – деп аз ғана тоқталды да, – сегіз, жеті, деп жұбын жазбай айтып жіберді.
Сьюди де терезеге қарады. Ауру адам санайтындай не бар екенін көргісі келді. Аңырап жатқан сұр аула… Жиырма қадам жерден көрінген көрші үйдің кірпіш қабырғасы. Көңіл аударып, көз тартар басқа еш нәрсе жоқ. Түп тамырлары шіри бастаған, ескірген бүліс шырмауық бунақ
-бунақ түкті бұталарымен кірпіш үйдің қабырғасын белдеулеп жауып алыпты. Күздің суық желі шырмауық бұталарында қалған жапырақтарын жұлып әкетіп жатыр.
– Айналайын-ау, неменені санап жатырсың? – деді Сьюди.
– Алты, – деді Джонси әрең ғана.
Енді тез-тез жұлына бастады. Бұдан үш күн бұрын жүзге жақын еді. Санағанда басың айналатын. Енді оңай саналады… Әне, тагы біреуі ұшып түсті. Енді бесеуі-ақ қалды.
– Ненің бесеуі дейсің?
– Жапырақтардың деймін. Ең соңғы жапырақ ұшып түскенде мен де өлемін. Мен мұны үш күннен бері біліп жатырмын. Оны саған доктор айтпады ма?
– Мұндай әбестікті бірінші рет естіп түрмын! – деді Сьюди.
Шіріген бүлістің жапырақтары мен сенің жазылып кетуіңде қандай байланыс болмақ? Сен, жарымес қыз, сол кәрі бүлісті жақсы көруші ме едің. Өйтіп әбестенбей жат! Доктор бүгін ғана сені тез жазылады деді. Тоқтай тұршы, соның өзін қалай айтқанын есіме түсірейін. Е, былай деген екен: «Он ұпай сенікі, бір үпай аурудікі» деді. Трамвайда келе жатқан, не болмаса бір жаңа үйдің қасынан өтіп бара жатқан жұрттың өмірлік ұпайы осыдан көп деймісің? Сөзді қой, азырақ сорпа іш! Ол екі арада Сьюди құрбың бір сурет салып тастасын. Оны редакторға өткізіп жіберіп, ауырдым деп еркелеп жатқан Джонси құрбысына шарап әкелсін, сорпа әкелсін, өзіне шошқаның котлетін алсын…
– Шарап әкелудің керегі болмас, – деді Джонси терезеден көзін алмай жатқан бойы. – Әне, тағы бір жапырақ ұшып түсті. Енді төртеуі-ақ қалды. Жоқ, сорпа ішкім келмейді. Ең соңғы жапырақтың ұшып түскенін көргім келеді. Сонда мен де өлемін.
– Айналайын Джонси, – деді Сьюди еңкейіп.
Мен жұмысымды бітіргенше көзіңді ашпауға, терезеге қарамауға уәде етемісің? Мен мына жасап жатқанымды бітіруім керек қой. Әттең, жарық керек, әйтпесе терезенің шымылдығын түсіріп жіберер едім.
– Студияға барып аяқтамаймысың! – деп Джонси салқын жауап қайырды.
– Сенің қасыңда болғым келеді, бұл бір. Екінші, сені сол шіріген жапырақтарға қаратқым келмейді.
– Онда суретіңді салып болған соң айтарсың маған. Мен ең соңғы жапырақтың ұшып түскенін көруім керек. Соны ғана күтіп жатырмын. Күтуден жалықтым, ойлаудан жалықтым. Мені бұл өмірден не жібермей жатса, соның бәрінен тезірек құтылғым келеді. Содан соң ана жапырақтарға ұқсап үзіліп түсіп, төмендеп барып құлағым келеді.
– Сен азырақ ұйықташы, айналайын! Мен Берманды шақырып әкелуім керек болып отыр. Мен бір алтын іздеуші қаңғыбастың суретін қарап отырып салмақшы едім. Қазір қайтып келемін. Мен келгенше қозғалма, білдің бе?
Берман қарт та суретші болатын. Бірақ жолы оңғарылмай қойған адам. Жасы алпыстан асқан. Кеудесін жауып кеткен сақал-мұрты ұйқы-тұйқы болып жүреді. Көп ішеді. Ол бір адам таңғаларлық тамаша сурет жасаймын дегелі қашан! Әлі бастаған да жоқ. Бұдан ширек ғасыр бұрын керіп қойған кенебі әлі тап-таза күйінде тұр. Жоқшылықтың темір қолдары алқымыңнан бір айырылмаса, суретші арманы қайдан орындалсын! Маңдайша, жарнама жазып беру сияқты ұсақ-түйекпен күнін көреді. Өзі бір ыңғайға оңай көне бермейтін кежір адам. Солай бола тұра екі жас суретші қыздар үшін жанын беруге бар. Сол екі қызды күзетуге қойылғандай маңдайларынан шыбын ұшырмайды.
Сьюди Берман қартты не үшін шақыра келгенін айтты. Саған қарап отырып бір қаңғыбас қазымыр шалдың суретін жасағым келіп еді деді. Содан соң, Джонсидің соңғы жапырақ ұшып түскенде мен де өлемін деп жатқанын айтты. Өмір байланысынан біржола күдер үзсе, сол соңғы жапырақтай үзіліп түсерін ұғындырғысы келеді! Берман қарт әуелі тас-талқан болып ашуланды:
– Не деген ақымақтық! Күні жеткен күзгі жапырақ үзіліп түссе, балғын жас қыз өле кету керек пе екен! Бармаймын!… Сен оны неге сондай сандыраққа жеткіздің? – деп Сьюдиге ұрса бастады.
– Джонси әл үстінде жатыр ғой, жексұрын шал! Күйіп-жанып жатқан адам сандырақтамай қайтуші еді? Түсінсеңші, Джонси әл үстінде жатыр, әл үстінде!
Тентек қарт бірден құлап түсті:
– Айналайын, балапаным-ай, сорлы Джонсиім-ай! – деді шал. Қызарған кездері жасаурап кетті. – Жүр, кеттік! Мұндай өлілер ұясына айналған қалада Джонси сияқты аяулы қызға ауыруға бола ма екен! Мен анау ойымда жүрген тамаша суретімді жасап болған соң үшеуіміз де кетеміз бұл қаладан. Кетеміз! Алып кетемін екеуіңді! Әкетем!
Бұлар келгенде Джонси қалғып кеткен екен. Сьюди терезенің шымылдығын түсіріп жіберді де, Берманды екінші бөлмеге ал
ып шықты. Бірі қартаң, бірі жас, екі суретші терезеден шырмауық бүліске қарады. Тіл қатыспай ұғынысып қарайтындары байқалады. Жалғыз жапырақ, ең соңғы жапырақ үзіліп түскелі бұлғалақтап тұр екен. Суық жел үйытқи соғып тек қана сол жалғызды жұлып әкеткісі келгендей құтырынды. Қарлы жаңбыр әлі сабалап түр. Қарт суретші терезеге қарап, қалай болса солай отыра кеткен қалпында қатты да қалды. Қазір ол Микеланджело жасаған Мұсаның суретіне ұқсап кетіпті. Кешкі теңіз толқынындай бұйралана дудыраған ұзын бурыл шаштары мен сақал-мұрты ұйқы-тұйқы араласып, шалбар жыртығынан қызарып көрінген тізесіне дейін шұбалып жатыр.
Суреткер өз жанының неден қуанғанын, неден қайғырғанын, шошынғаны мен қорыққанын өзі ғана сезінеді. Оған көлденең ой қосудың керегі жоқ.
Көркемөнер дүниесі, ой мен сезім күйсандықтың тілдеріндей, не болмаса домбыраның пернелеріндей өзара келісім таппаса, есігін біржола жауып алады. Қалай қақсаң да ол есік ашылмақ емес. Адам жанын омырау соқтан, опасыздықтан, саудагерліктен, сұрқиялықтан тазарта берер шынайы өнердің өз тілі, өз сүрлеуі бар. Қазір суретші қарттың ой-сезімі нені қайната бастады, оны аңғару оңай емес-ті. Мүмкін бұл жолы үзілгелі түрған жапырақтай қалтыраған жас қыздың жанын қалай алып қалуды ойлап отырған болар. Мүмкін қарттың өмір бойғы ұлы арманы – таңғаларлық тамаша сурет салар сағаты соққалы тұрған шығар.
Қарт үн қатпай шығып кетті…
Ертең таң ата Сьюди оянып кетсе, Джонсидің бұлдыр тартқан көздері терезенің шымылдығында – ояу жатыр екен.
– Шымылдықты ашшы… Далаға қарағым келеді, – деді Джонси, сыбырлап қана.
Сьюди баяу қозғалып барып шымылдықты көтерді де таңғалды. Түні бойы қарлы жаңбыр сабалап, өкпек суық жел ұйтқи соғып түрса да, шырмауықтың ең соңғы жапырағы әлі ұшып түспеген екен! Сабағына жақын жағы әлі қара-көк, қол араның тістеріндей іркіс-тіркіс жиек ернеуі сарғайып, қалтырап әлі тұр!
– Соңғы жапырақ түні бойы соққан сұрапыл жел мен қарлы жаңбырдан ұшып-ақ түскен шығар деп едім… Бүгін ұшып түсетін болғаны да… Сонда мен де өлемін, – деді Джонси.
– Өзіңді ойлағың келмесе, мені неге ойламайсың, Джонси, -деді Сьюди еңкейіп келіп. –
Менің күнім не болар?
Джонси жауап қайтармады. Сыр-сипаты белгісіз ұзақ сапарға әзірленіп жатқан адамның жаны бұл дүниенің тіршілігіне жатсына бастаған екен. Адаммен де, өмірмен де байланысы үзіліп бітуге айналған.
Бүл күн де өтті. Кешкі қас қарайған кезде де жалғыз жапырақ үзіліп түспей тұра берді. Түнге қарай тағы да солтүстіктің суық желі соғып кетті. Қар аралас жаңбыр да тоқталған жоқ.
Таң атқан соң Джонси тағы да терезені аштырды. Соңғы жапырақ әлі тұр!
Джонси жапыраққа ұзақ қарап жатты да, Сьюдиді шақырды. Көздері ұшқын атқандай жарқырап:
– Мен бір оңбайтын қыз екенмін! – деді Джонси. – Анау соңғы жапырақ менің сол оңбаған қыз екенімді көзіме көрсетуге ұшып түспей тұрған сияқты. Өлім тілеу деген не деген күнә, не деген бейшаралық! Әкел сорпаңды! Содан кейін сүтпен шарап бер… Әуелі айна әкел… Айналамды жастықпен қымтап бер. Мен сенің тамақ әзірлегеніңді көріп отырғым келеді.
Бір сағаттан кейін:
– Сьюди, жаным, енді мені бір кезде Неаполитан бұғазын жазып шығармын деп те сенемін! – деді Джонси.
– Бүгін екі жақтың ұпайы да бірдей! – деді доктор Сьюдиді оңаша шығарып алып. – Жақсылап күтсеңіз, жеңіс сіздің жақта!
Ертеңіне бір күн ауырып
, суретші қарт Берман өз бөлмесінде өліп қалыпты. Денесіне сіреуленіп жабысқан киімдері, кешкі теңіз толқынындай бурыл шашы мен сақалы – бәрі де көк мұздақ болып қатып қалған. Аяқ киімдері мұздап қатқан, батпандаған балшық. Көк-ала, сары-ала бояулар еденде жайрап жатыр. Фонарын сөндіруге де шамасы келмеген. Қарлы-жаңбырлы суық түнде далада болғаны анық…
Қарт суретші салармын деп өмір бойы арман еткен ең тамаша суретін соңғы жапырақ ұшып түскен түні жасаған екен. Онысы жалғыз ғана жапырақ!
Әлі үзілмей тұрған, қыз жанын алып қалған сол жапырақ еді…
15 ақпан 2018 ж. 1 012 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031