СЕЗІМ МУЗЕЙІ


Көрнекті түрік жазушысы, Нобель сыйлығының лауреаты Орхан Памуктың романы алғаш рет қазақ тіліне аударылды. Бұл шығармада бизнесмен жігіт Кемал мен жас сұлу Пүсін арасындағы тартысқа толы махаббат хикаясы, өмір белестері, адам жанының нәзік иірімдері баяндалады. Кітаптың алғашқы басылымы 2008 жылы Ыстамбулда жарық көрген. Памуктың бұл романы махаббат тақырыбындағы үздік роман атанды. Тіпті оқырмандардың сұрауымен Туркияда 2012, 2013, 2014 жылдары қайта басылып шықты. Ең басты жаңалық, қазақ оқырмандары алғаш рет Нобель сыйлығын алған еңбекпен қауышып, жаңа стильде жазылған махаббат хикаясымен танысады. Туынды турасында журналист Марфуға Шафиян былай деп пікір білдірді.
   –  «Орхан Памукпен алғашқы таныстығым сәтті болғаннан кейін “Фолиант” баспасына барып, қазақшаға аударылған (аударған Маржан Ершу) келесі кітабы “Сезім музейін” алдым. “Менің атым Қырмызыға” қарағанда оқылуы оңай, оқиғалары да жеңіл өрбиді. Сонысына қарамастан кітап маған түрлі-түрлі эмоция сыйлады. Арасында жалыққан тұстарым да болды, ашуымды шақырған дүниелер де кездесті, тіпті Кемалдың махаббатына сенбеген сәттерім де көп еді. Кітап “дүниенің негізі - сүйіспеншілік” деген ойды жеткізуге барын салады, соны оқырманына дәлелдеуге тырысады. Автордың өзі бұл кітабы туралы «Махаббаты жеңіл-желпі баяндағым келмеді. Махаббаттың сүйініші мен қуанышын ғана емес, қайғы-қасіреті мен жан азабын да сезіндіргім келді”, - дейді. Памуктың мақсаты орындалды деп ойлаймын. Кемалдың жан азабына ортақ болмай көр! Оның жалғыздығы жаныңа батпаса, жүрегіңе салмақ түспесе, маған кел!  Бірақ кітаптың соңы, яғни финалы керемет! Кемалдың: “Бәрі де білсін! Мен өте бақытты ғұмыр кештім. Мен өмірде махаббат деген құдіретті сезімге бас идім! Сол үшін де бақыттымын!” – деуі, оның өмірбойы көрген бүкіл қайғы-қасіретін жуып, оқырманның да еңсесін басқан ауыр жүкті арқасынан аударып тастағандай болады. Әп-сәтте жаның жадырап, ғажап бір әсерге бөленіп сала бересің. Жалпы байқаймын, Памук шығармаларына нүктені әдемі қояды. Ал “Сезім музейінің” нүктесі кітапта ғана қойылып қалмай, өмірде де шындыққа айналғанын айтсаңызшы.  Яғни Орхан Памук өз кітабының кейіпкерлеріне арнап, Ыстамбұл қаласынан “Сезім музейі” аталатын музей ашқан. Оған Нобель алғанда берілген мол қаржының бәрін жұмсаған. Музейді Шұқыржұма көшесінен, яғни Пүсін тұрған үйден жасаған. Онда кітапта суреттелген заттар мен кейіпкерлері тұтынған дүниелердің барлығын қойған. Ең кереметі, Памук “Сезім музейіне” шын музейдің картасына дейін енгізіп қойған. Сосын музейге кіретін  билеттің де суреті бар. Бұл кітапты оқыған жан, осы кітабымен музейге келіп, жаңағы кітаптағы билетті көрсетсе, тегін кіре алады. Памук бәрін жақсылап тұрып ойластырып қойыпты.  Бүгінде Орханның оқырмандары Ыстамбұлға барса, бұл музейге соқпай кетпейді. Күндердің күнінде жұбайыммен бір-бір кітапты құшақтап алып “Сезім музейіне” бірге барсақ, Кемал мен Пүсіннің махаббатына ғана емес, сүйікті жазушым Орхан Памукқа деген де құрметімізді солай білдірсек деген арман менің де көкірегімде оянды... Ыстамбұлға барғым келеді...  “Сезім музейін» көргім келеді... – дейді журналист.  
28 желтоқсан 2017 ж. 1 414 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031