АСПАНДИЯРДАН ҮЛГІ АЛСАҚ...
Еркіндіктің арқасында қазақ жастарының ТМД және шет елдерде білім жетілдіруі жолға қойылды. Елімізде жастарды қолдау мақсатында мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асып, «білімді ұрпақ – бақытты болашақ» кепілі деп танылды. Осындай мүмкіндікке ие болған жастың бірі – Аспандияр Сапарғалиев.
Аспандияр Нұрланұлы 2012 жылы Ресей Федерациясының Төтенше жағдайлар министрлігі Мемлекеттік өртке қарсы қызмет Академиясын тәмамдады. Талапшыл жас бүгінде облыстық төтенше жағдайлар департаменті өрт қауіпсіздігі саласындағы бақылау және профилактикалық қызмет басқармасы халыққа хабар беру және оқыту тобының бас маманы болып қызмет етуде. Кейіпкеріміз көп балалы отбасында тәрбиеленген. Спортты жаны сүйеді. 2003-2009 жылдар аралығында таэквандо спортымен айналысып, республикалық, халықаралық, облыстық және қалалық жарыстарға қатысып, жүлделі орындарды қанжығасына байлаған көк белбеу иегері.
– Тәуелсіз Қазақстанның перзенті екенімді мақтан етемін. Мемлекеттік білім грантын иемденіп, елімнің сенімін ақтау үшін бар ынта-жігерімді салдым. Мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін пайдаланып, елдің бетке ұстар азаматы атансам деген арманым бар, – дейді Аспандияр Нұрланұлы.