Ауылдағы өнерпаз

Ауылға барам, бәрі де туыс ел жақта,
Аңқылдайды олар, қарамайды олар бар жоққа.
Ауылым жайлы, бауырым жайлы жыр жазам,
Сүйеніп тұрып анам сүйенген шарбаққа, – деп, соңғы жағын сызылта, домбыра даусын құбылта топтың ортасында ауылдың таңғы шапағын сезіндіріп, жас жігіт тұр. Қолындағы үкілі домбыра оның серігіне айналғалы көп болған тәрізді. Домбыраның пернесінде жүгірген саусақтары да епті. Айналадағы жігіттердің делебесі қозып, ауық-ауық қосылып қояды. Әп-бәрекелді! Бір уақытта домбыра даусы үзілді де жарқын дауысымен қазақы қалжыңдардың тиегін ағытады дерсің... Бұл өнерпаз қоғалыкөлдік жас – Жалғас Балтақожаев.
Оның өнердегі алғашқы қадамы студент кезінде "көңілді тапқырлар" клубында басталды. Айналаны күлкіге қарық қылатын таңғажайып таланты тулаған жас осылайша өз ортасының мақтанышына айналды. Жастар арман қуып өнер ордасы Алматыға аттанса, ол үнемі іздене жүріп, асаба болуды армандады. Елге белгілі сөз зергерлерінің аузынан шыққан әрбір сөзге мән берді. Кітап оқыды. Ауылдағы ақсақалдардың қасына отырып алып, құймақұлақтығын танытты. Ғибратты әңгімелер мен тәлімдік дүниелерді бойына демде сіңіріп алды. «Таланттыдан шыққан сөз талаптыға кез болды» дерсің осындайда. Көңілінде ән ойнап, кеудесінде бұлбұл сайраған жас осылайша өз биігін еңсеруге ұмтылды.
– Жұрт ауылдан қалаға қашады. Ал менің туған жерден жырақ кеткім жоқ. Кіндігім осы ауылға байланған. Той көп болса деп тілейтінім жасырын емес, қуаныш қой. Қазір домбырамды асынып, тойдың қақ ортасында жүреміз. Демалыстың болмағаны жақсы, – дейді жарқын жүзді Жалғас.
Қоғалыкөлдегі әрбір отбасындағы тойдың төрінде төбе көрсетіп жүрген осы жас асабаның арманы да – туған жерінің гүлденуі. Қазір кәсіптің көкжиегі кеңейген кезең. Бойындағы қабілет-қарымын жұртшылыққа ұсынып жүрген жас таланттың пародия салуға да икемі бар. Қасында жүрген жанның қимылы мен іс-әрекетін айнытпай қайталап бере алады.
– Бір адамның пародиясын салу үшін қасында 1-2 күн жүріп, оны «оқу» керек болады. Сынықтан басқаның бәрі жұғатыны сияқты, оның қасиеті мен әдеті сіңе береді. Содан кейін "автоматты" түрде оның орнына өзімді қоямын да, сала беремін, – дейді өнерпаз.
Жалғас гитарада да, домбырада да ойнайды. Музыкалық аспаптың басқа да түрлерін өз бетінше үйреніп алған. Ара-тұра шымшыма шумақтармен дос-жаранның отырысын қыздыратын қабілеті елге аян.– Өнер – үлкен бір әлем. Ол тылсым бойыңа дарыған дарынмен қатар еңбекті қажет етеді. Ерінбеген етікші болады ғой. Сол сияқты қай істе болмасын, тер төкпесең, шығар шыңың да алыста болмақ. Демала жүріп еңбек етіп, еңбек ете жүріп демалған адам ғана өз биігін еңсереді. Қазір заман дамыған. Ғаламторды ашып қалсаңыз, асабаның неше түрін көресіз. Бірақ соларды қайталамай, өзгені көру арқылы тың дүние тудыруға болады, – дейді асаба.
Жағас қазір асабалықпен облыс орталығына барып жүр. Қасында әнші, биші, күйшілер де бар. Қазақтың мән-мағыналы қалжыңдары мен мазмұнды әңгімелерін қолданады. Тойдың сәнін кіргізіп, жұртшылықтың көзайымына да айналып үлгерді. Бірақ жеткен жетістігіне масайған кезі жоқ. Сол қарапайымдылығын бетке алып, елдің ұлына айналды.
Талант – Тәңірдің сыйы. Жалғастың ізінен ерген інісі Олжас «Қоғалыкөл құрамасы» КТК командасының белді ойыншысы. Қарапайым дастарқан басында отырып, езуі жиылмайтын отбасы болар деп ойлауыңыз ғажап емес. Қойнында қалжың жүретін ағайындылар өздеріне қолайлы, елге ұнамды мамандықтың тізгінін ұстаған. Олжас Балтақожаев – Қызылорда қалалық жастар ресурстық орталығының қызметкері. Ұйымдастырушылық қабілеті зор жас өскіннің ағасынан үйренері де көп.
Иә, «ел іші – өнер кеніші» деген. Қоғалыкөл қазақ театрының анасы атанған Сәбира Майқанованың, қазақтан шыққан тұңғыш кинорежиссер Сұлтанахмет Қожықовтың, атақты Лапиндер әулетінің шыққан жері. Қасиет тұнған өлкенің өрендері де өнерден құр алақан емес.
– Осы топырақтағы бабалардан дарыған талант қой. Менің ешкімнен артықшылығым жоқ. Бар жоғы бойдағы қабілетті дамыту жолында әжептәуір еңбектендім. Тер төктім. Нәтижесі осы. Той жасайтын адамның мені іздеуі –жетістігім. Ал достар арасында қалжың-қағытпаларыммен түйреп отыратыным ауыл атты алтын бесіктен қанға сіңген қасиет болар, – дейді Жалғас Балтақожаев.
Телефон шыр етті. Домбырасын иыққа асып, смокингпен жарқырай шыққан Жалғас тойға асығып барады. Бара жатып та, домбыраны бір-екі шертіп, әзіл өлеңді арнады да жөніне кетті. Иә, ауыл баласының алар асуына тағы бір көз жеткізгендей болдық.
Дәулет ҚЫРДАН,
Сырдария ауданы.
03 тамыз 2019 ж. 1 522 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031