» » » «Сыр бойының сакралды ескерткіштері: мифтер, аңыздар, хикаяттар» деген кітап жайында бірер сөз

«Сыр бойының сакралды ескерткіштері: мифтер, аңыздар, хикаяттар» деген кітап жайында бірер сөз

    Жазу өнерінің игілігі
Әлімсақтан қазақ деген халықтың ата қонысы – Сыр бойы және оның жағасын бойлай жатқан елдің қасиет қонған әулие-әмбиелері мен даңқты батырлары, би-шешендері жайлы аңыз-әңгімелер, қисса-дастандар тыңдаушысын тәнті етпей қоймайды. Дарияны жағалай қонған елдің жер-су аңыздары да өз алдына бір төбе. Осының бәрі бір кездері ауыздан-ауызға тарап, атадан балаға жетіп отырса, бүгінде Жазу деп аталатын ұлы өнер арқылы хатқа түсіп, қағазға басылды.
Замана көшінің бір ұшында қараша үйдің іргесінде ұршық иірген әжесі немересін ұйытып, құлағына құйып алсын деп айтып отырса, бүгінгінің баласы кітап бетін парақтай отырып, ертегіге бергісіз ғажайып әлемнің құшағына сүңги жөнеледі. Жазушы Әбіш Кекілбаевтың сөзімен айтқанда, «...Адамзат ақыл-ойы талай ғажайыптарды ойлап тауып жатыр ғой. Алда да небір ғаламат жаңалық ашылар. Бәрібір ең ұлы жаңалық – жазу. Одан асқан жаңалық болған емес. Жазудың ойлап табылуы – мәңгіліктің біржола мойындалуы. Жазу адам нәсілін ақылды, айлалы етіп қана қойған жоқ, иманды да, ибалы, парасатты да етті. Шын мәнінде, Ғылым, Дін, Мәдениет жазудың арқасында пайда болды. Осы арқылы өткен ұрпақтардың құндылығымен сусындады, кемелденді». Әлбетте, хатқа түсіп, кітапқа басылған дүние – елдің рухани игілігі.
 Аралдан Англияға дейін
 Сыр бойындағы жер-су, көне қалалар мен тарихи орындар жайлы, сондай-ақ атақты адамдар туралы аңыздар ғалымдар мен зерттеушілердің ертеден-ақ назарын аудара бастаған.
Мәселен, соның бір мысалы ретінде айтайық: 1830 жылдардағы Ресей мен Британ империяларының арасындағы Орта Азия, оның ішінде Ауғанстанға талас «Үлкен ойын» («The Great Game») деген кітапта жазылған. Бұл жайлы саясаттану ғылымдарының магистрі Нұрбек Әмиша былай деп жазады: «Екі алыптың арасындағы ойын барысында әскери қызметкерлер мен тыңшылар қазіргі Қазақ жері, оның ішінде Қызылорда облысы, Арал өңірі, Қазалы маңымен өтеді. Peter Hopkirk деген жазушы 2016 жылы Лондонда шыққан  «The Great Game» кітабында қазақ жеріне қатысты кей деректерді, сол кездегі Перовск шаһары, оның ішінде Шоқан Уәлихановтың Қашқарияға агент ретінде барғанын жазған. Осы кітаптың 364-бетінде араб және түрік тілдеріне жетік Британия капитаны Барнаби Кабул мен Үндістанға барар жолында Қазалының (кітапта Казала деп көрсетіледі) үстімен өтеді және ол Қазалы Арал теңізінің солтүстік жағасынан 600 мил қашықтықта орналасқан деген мәлімет келтіріледі».
Аңыздардың ұқсастығы:
Мүсірәлі Сопы Әзиз бен Ер Сейітпенбет
Орта Азия мен Қазақтар тарихын алғаш жазған адамның бірі Жамал Қарши (1230-1315) жазбаларында, зерттеуші, тарихшы, археолог, атақты саяхатшы француз Жозеф-Антуан (Иосиф Антонович) Кастанье (1875-1958) еңбектерінен бүгінде сан мыңдаған бояумен берілетін мифтер пен аңыздардың негізгі элементтерін табуға болады. Рас, әңгіме ауыздан ауызға көшкен сайын айтушының өз жанынан қосары болады, сөйтіп оқиға желісі жаңа мазмұнмен байи түседі.
Ауыздан ауызға жеткен аңыз әңгімелердің бір-біріне ұқсастығы әрине заңдылық. Мұндай ұқсастықтар Мүсірәлі Сопы Әзіз бен Ер Сейітпенбет аңыздарында ұшырасады.
Мәселен, академик Серғали Толыбековтің «Қазақ шежіресі» кітабында осы аңыз былай сипатталады: «...От бірден-ақ лаулап жанып, тез құлашталған жалын аспанға көтеріліп жанып, бірте-бірте бәсеңдейді. Қоршап тұрған халықтың екі көзі әулиеде. Біртіндеп қызыл жалын саябырлап, сағымданып, жанып жатқан оттың ішінен Сейітпенбет көрінеді. Қызыл шоқ сөніп, қарауыта берген кезде ол аса таяғы қолында: «Иә, Алла!» деп аман-есен шығады. Жұрт: «Я Құдайлап» шулап, қол қусырып, қожаның әулиелігіне, кереметіне тәнті болып, құрбандық шалып, Сейітпенбетті пір көтереді. Осы оқиғадан соң ел Сейітпенбеттің есіміне «Ер» деген деген атауды қосып, «Ер Сейітпенбет қожа» деп атайды.
Оттан аман шыққан әулиенің шапанының шалғайының бір ұшы күйіп, сарғайып қалған екен. Мұның мәнісін сұрағандарға әулие: «Қыз бала нәрестені қолыма алып отырғанымда шалғайыма дәреті тиіп еді» деп жауап беріпті».
Мүсірәлі Сопы Әзиз баба жайлы аңызда былай баяндалады:  Үш жүзге ортақ пір сайлау сайысының шешуші кезеңіне Сейітпенбет пен Мүсірәлі Сопы Әзиз баба қалыпты. Бұл екі әулиеге жанып жатқан тоқсан түйе томарға киімімен түсу талабы қойылады. Жаратқан Жаппар Иеге сыйынып, дәретін алып, намазын оқып, тәуекел деп келіседі де, жанып жатқан отқа екеуі де түсіп кетеді. Жиналған дүйім халық самсоз боп тұрып қалады. Бір уақытта екеуі де оттан аман-есен шыға келеді. Жұрт дүрлігіп кетеді. Өздерін де, киімдерін де күйік щалмаған. Ер Сейітпенбеттің шапанының шалғайының бір ұшы күйген екен. Сонда жиналған қауым себебін сұрайды. «Нәрестенің дәреті тиіп еді», – дейді Сейітпенбет қожа.
Пікірталас мұнымен бітпей, енді көріпкелдік сыналады. Бір тууға жақындаған сиырды әкеліп:
– Мына малдың ішіндегі бұзауы қандай? – деп сұрайды.
Ер Сейітпенбет:
– Қара төбел ұрғашы, – деп жауап береді. 
Мүсірәлі Сопы Әзиз:
– Бұл бұзау ұрғашы, бірақ қара төбел емес. Ақ құйрық қара бұзау, құйрығы маңдайында жатыр, – дейді.
Дереу сиырды жарып жіберіп, бұзауды алса, Мүсірәлі Сопы Әзиз баба айтқанындай болып шығады. Жиналған дүйім жұрт бабаны пір сайлап, ақ киізбен төбелеріне көтереді».
 Аңыздар желісінде жанып тұрған оттан дін аман шыққаны үшін халық екеуінің де әулиелігіне шәк келтірмейді. Меккеге ұшып барып келу, дарияның үстімен жүріп өту деген кереметтер де әулие-әнбиелерге ортақ белгілер болған.
Хорасан ата мен Хұсейін
Мәселен, Хорасан ата (Әбдіжәлил баб) жайлы аңызда былай айтылады: «Әбдіжәлил бабтың баласы Хұсейін жұма күні бамдат намазын оқып тұрғанда бабаның ғайып болатынын сезіп жүреді. Бір күні себебін сұрағанда желдей ұшатын ақ маямен Меккеге жетіп, бамдаттың бас парызын сонда аяқтаймын деген екен».
Мұндай керемет қасиетке Хорасан атаның ұлы Хұсейін де ие болған. Бұл туралы: «...Бір күні ұлы Хұсейін әкесіне рұқсат етсеңіз, Қағбатілләні осында көшіріп әкелейін дейді. Әкесі сынау үшін рұқсат береді. Сонда баласы кереметпен Қағбаны аспан үстімен көшіріп әкеледі. Бұны көрген Әбдіжәлил баб баласының іліміне риза болыпты, бірақ баласына Қағбатілләні орнына апарып қой дейді. Оның көлеңкесі сызылып алынып, орнына соған ұқсас ғимарат соқтырады» деп айтылады.   
Алланың аспаннан қой түсіруі
Алланың құдіретімен Қойлақы ата мен Айқожа ишан аспаннан қой түсірген. «Қойлақы ата ұрпағының бірі Саданұлы Құрбан қарияның айтуы бойынша, бір аңызда әкесі үйге мейман келсе, жақын көршілерден қарызға мал алып сояды екен. Бір күні үйіне он шақты мейман келіп, баласын малы бар көршісіне жұмсайды.
– Ата, неге қарызға мал алып соя бересіз? Одан да маған рұқсат етіп, бата беріңіз, – дейді баласы.
Әкесі батасын береді. Таң ата аспаннан ақсарбас қойлар түседі. Екеуі шетінен ұстап, ен сала береді. Күн шыға тоқтайды, ен салғаны қорада қалады. Басқалары кетеді.
– Ата, енді мал осының ішінде болады. Бір қой керек пе, екі қой керек пе, айтсаңыз, өзі келеді, – деп Қойлақы ата жерге таяғын қадайды. Сол жерден су шығып, көлге айналады. Содан Қойлақы атанған екен».
Айқожа ишан жайлы айтылатын аңыз желісінде де ғайыптан Алланың аспаннан қой түсіру оқиғасы былайша өрбиді:
«Ғұламалардың ғұламасы Ислам Шайхтан шатырхатын алып, елге қайтып келе жатқан сапарында бір ауылға келіп, қонып аттанбақшы болып, «кім бар-ау» деп дауыстайды. Ауқатты аз боз, орташа қоңыр үйлерден шыққан үй иелері қонып шығуға ыңғай танытпапты. Содан шеткерілеу тігілген жұпыны үйдің сыртынан дауыс қылса, үйден ерлі-зайыпты кісілер жарыса жүгіріп шығып:
– Келіңіздер, төрлетіңіздер, – деп құрақ ұшып қарсы алыпты.
– Қонақ екеу екен, екі мал сойғанымыз жөн шығар, – дейді де, ерлі-зайыптылар бірін бірі қостап, бір лақ, бір тоқтысын сойып, қонақасы беріпті. Үй иелеріне ықыласы түскен баба жатар алдында:
– Көген дайындап қойыңыздар, – дейді.
Түн жарымда қараша үйге маңырай келіп сүйкенген мыңғырған қойдан үй иелері оянып, сыртқа шығады. Дайындалған көгенге ерлі-зайыптылар малды шетінен тізе бастайды. Таусылар түрі жоғын байқаған олар «осы да жетер, қанағат» деп қалғанына назар салмапты».
Табалдырық астындағы Құран
Табалдырық астына көмілген Құран оқиғалары да әулиелерге тән бір белгі ретінде  айтылады. Мысалы, Айқожа ишан, Мүсірәлі Сопы Әзиз, Марал ишан аңыздарында осы оқиға кездеседі. Олардың қай қайсысы да бала кездерінде мешіт (Марал ишанға қатысты ұстазы үйіне шақырып, сынау үшін табалдырығына Құран көміп қояды) табалдырығына көмілген Құранды сезіп, босағадан не әрі, не бері аттарын білмей, ұстазынан оны алуын өтінеді. Қазып қараса, табалдырық астынан Құран шығады делінеді.
Жетес би мен Тасыр бай
Би-шешендер сөзінде де ұқсастық бар. Мәселен, Жетес би жазықсыз жұрттың ұрланған малын даулап Тасыр байға барса, Сапақ би Достан деген байға барады. Екі оқиғада да билердің жас шамасы 17-18-де еді деп айтылады. Баймен арадағы диалогта ұқсастық бар. Сөз нобайынан бірінің оқиғасы қыста, енді бірінің оқиғасы көктемде болған.
Мысалы, Жетес би жанына бір адам ертіп, Жылқыайдар ағасының малын даулап Торғай өңіріндегі туысы көп, балалары да шаш ал десең, бас алатын, даңғой Тасыр байға келгенде, менсінбеген бай мынадай сұрақтар қояды:
–  Еліңде қыс түскенге дейін бие байлап, саба ашытатын, сары қымыз ішетін адамдарың бар ма? – дейді мақтана түсіп.
Жетес байыппен:
– Бізде аш-аламан адамдар болмаса, мезгілсіз қыс түскенде асаумен кім алысып жатады, жарлы-жақыбайлардың қарнын тойдыру үшін сауып жататынын көретін едік, – дейді.
Тасыр шал жап-жас баланың жауабына, сөз саптауына шыдамай, орнынан көтеріліп, жас келіншегіне бір қарап, күле түсіп:
– Еліңде мендей сексенге келіп, он сегіз жастағы қыз алып, оған шай құйдырып, аяғын уқалатып отырған ақсақалдарың бар ма? – деп қонағына тесіле қарайды.
Жетес саспай:
– Күндіз өзіңдікі, түнде көптікі болатын қыз алған шалдар ел болғасын бізде де бар ғой, – деп жауап қайтарады.
Жігіттің сөзі шымбайына тие бастағанын сездірген бай:
– Еліңде күнде сары-ала қазы-қарта мен жал-жая жеп, жамбас мүжіп отырған мендей байларың бар ма? – дейді керегедегі кілемді жұлып тастап, астында ілулі тұрған сарыала майлы етті көрсете. 
Жетес байсалды қалпында:
– Тасыр аға, кісі малын кім аяйды дейсің? Өз малын күнде союға кім қияды дейсің? Барымтаның малы қай жерге сыяды дейсің? – дейді. 
Шал далаға шығып, балаларын шақырып:
– Өткендегі малдың кемісін толтырып, мына екі қонақтың алдына салып, анау қырға шығарып беріңдер! – деп бұйырады».  
Сапақ би мен Достан бай
Ал Сапақ би мен Достан бай арасындағы әңгіме былай өрбиді:
«Малы мен перзенті тең өскен, осы ұлдарының көптігі семірді ме, болмаса өзі тумысынан солай ма, әйтеуір Достан зорлықшыл атанады. Айналасындағы елдің малын тартып алып, артынан қуып келген иесін сабап жібереді, – деп басталады әңгіме желісі. – Достанның ауылына түйенің ішінен таңдап жүріп бір атанды, ешкінің ішінен сақалы ұзын бір текені алып, атқосшысымен Сапақ би келеді... Сапақтың сәлемін алып, Достан қағытып:
– Осындай көктемнің аласапыран кезінде саумал ішіп отырған мен сияқты мас шал еліңде бар ма? – дейді.
– Бар! – дейді Сапақ. – Аш кісі жазғытұрым асаумен алысып жатады. Тоқ кісінің ешнәрсемен ісі болмайды.
Достан сөзден ұтылып, біраз отырып:
– Жуанның әбден жіңішкеріп, жіңішкенің үзіліп тұрған шағында алпыс жылқының жамбасын керегенің басына іліп отырған мендей бай шал сенің еліңде бар ма? – дейді.
– Бар! – дейді де, Сапақ сөзін жалғайды. – Аттың терін алмайтын, ата малын бермейтіндер көп қой!
Достан тағы да сөзден ұтылады. Біраз уақыттан кейін он бес жастағы келіншегін шақырып алып, аяғын уқалатып отырып:
– Өзі алпыста, он бес жастағы қыз алып, оған аяғын уқалатып отырған мына мендей тентек шал сенің еліңде де бар шығар, ә! – дейді.
– Бар! Күндіз ханымының бар екенін адамдардың көзі көреді, түнде қызығын әлдекімдер көреді, – дейді.
Осыдан соң Достан ұзақ ойланып:
– Еліңнің жол бастайтын үлкені жоқ па еді, шырағым? – дейді.
– Үлкен десеңіз, ана жатқан атаннан сұраңыз. Одан басқа үлкенді таппадым, – дейді Сапақ.
Біраз үнсіздіктен соң бай:
– Өзіңнен басқа еліңнің сөз ұстап сөйлейтін ақсақалы жоқ па еді? – дейді.
– Ақсақал десеңіз, ана тұрған текеден сұраңыз. Содан басқа ақ сақалдыны таппадым, – депті Сапақ.
Сөзден әбден ұтылып, тұралаған Достан бай Сапаққа қонақасы беріп, отыз ұлын да алдырып, Қазалы аймағынан алынған малдың бәрін жинап, түлігімен түгелдеп, Сапақтың алдына салады».
 Тағы бір ұқсастық: бұл үзінділер екі би – Жетес пен Сапақтың бірінші айтқан билігі деп баяндалады.
Топонимикалық аңыздар
Жер-су аңыздарында да ұқсастық бар. Бұл орайда Қызылқұм мен Қарақұм аңыздарына, тіпті кейде Сырдария аңызының өзіне телінетін Ағыбай мен Арнабай оқиғасы бар.
Жылан жұтқан Жанкент шаһары мен Құмиян қалашығы жайлы аңызда да ұқсастық бар. Екі оқиға екі түрлі басталғанымен аңыздың аяғына қарай елден қашқан екі жігіттің жетегіндегі қошқардың (бірінде серкенің деп айтылады – ред.) мүйізіне оратылып, жылан ілесе шығады. Жанкент аңызында базарға келгенде екі жігітті де жылан шағып өлтіреді. Құмиян аңызында: «Әлгі екі адамның бірінің қолында кетпен, бірінің қолында жеті таба нан бар екен. Оқиғаны естіген адамдар соны екеуінің басына қоюға кеңес береді. Олар дәл солай жасайды. Ысылдап кетіп, төбеден төнген жылан кетпен мен алты нанды тесіп өтіп, жетіншісіне келіп тоқтайды. Осының арқасында екі адам аман қалған екен» делінеді.
Бұл бір жағынан бала кезде естіген қазақтың жеті күлше таратуына байланысты аңызының да желісіне саяды.
Аңыз деген не?
«Сыр бойының сакралды ескерткіштері: мифтер, аңыздар, хикаяттар деген кітапқа қатысты тағы бір айтатын жайт: бұл миф пен аңыз және хикаят сөзінің бір бірінен айырмашылығы немесе ұқсастығы неде деген сұрақ төңірегінде өрбиді.
Қазақтың ертегіге жатпайтын ауызекі әңгімелеріне өткен ғасырдағы фольклоршылар мен зерттеушілердің кейбірі басқаша атау берген. Бұл орайда ең әуелі ғалым Шоқан Уәлихановтың есімі айтылады. Ол тұңғыш рет аңыздың тарихи оқиғалар мен адамдар жайында болатынын айтқан, оны ертегіден де, жырдан да бөліп алған. Шоқанның ойын әрі қарай жалғастырған Г.Н.Потанин болды. Ол да қазақ руларының шығуы жайындағы шежірелер мен тарихта болған қайраткерлер туралы әңгімелерді «аңыздар» деп атаған. Бірақ мұны кейінгі зерттеушілер жанрлық тұрғыдан шектемеді. Осының әсерінен тарихи негізі бар аңыздар мен ойдан шығарылған көркем әпсаналар, сондай-ақ Ислам дінімен бірге тараған хикаяттар қатар аталды. Бұлардың жанрлық белгісін дұрыс сипаттап берген ғалым – Мұхтар Әуезов. Ол: «аңыз – тарихта болған адамдар жайында айтылған, халық шығарған көркем әңгіме» деген анықтама берді.
Миф деген не?
Белгілі ғалым, фольклортанушы Сейіт Қасқабасовтың «Қазақтың халық прозасы» деген еңбегінде қазақ фольклорындағы прозалық жанрлардың үлкен бір тобын құрайтын миф, хикая, аңыз, әпсана-хикаят түрлері жүйелі зерттелген. Академик «Миф дегеніміз дүние туралы фантастикалық түсінік, рухтардың ғажайып образдарының жүйесі. Екінші жағынан қаһармандар жайында ауызекі әңгіме» деп тұжырым жасайды. Миф қандай да бір жаратылыстың алғаш қалай пайда болғанын баяндайды. Мифтің жанр ретіндегі тағы бір сипаты танымдық қарапайымдығы мен көркемдігі сонша адамдар оны қиял деп есептемеген, оның оқиғасы мен мазмұнына кәміл сенген. Мифте қиял бар деген түсінік бізде ғана, ал мифтік дәуірдегі, мифтік санадағы адам оны шындық деп қабылдаған. Мифтің бұл қасиеті туралы М.И.Стеблин-Каменский былай деп жазады: «Миф дегеніміз – өзінің пайда болып, өмір сүрген ортасында қаншалықты шындыққа ұқсамаса да, ақиқат деп қабылданған әңгіме...».
Жылқаман батырдың Ақшұбары
Мәселен, Сыр бойындағы Жылқаман батырға арналып соғылған ақшұбар мылтық оқиғасы миф туралы анықтаманы еске түсіреді. Былай баяндалады: «Жылқыман батырдың ат жалын тартып мінген кезі болса керек. Жазғытұрым кез, тау бөктерін жағалай қоныстанған Адай елі тау басында бір ерекше ақбоз үй тігілгенінің куәсі болыпты. Көркі де, тұрқы да бөлек бұл үйге адам баласының көзі түспей өтуі мүмкін емес екен. Сол үйден тарсылдаған, тұрсылдаған дыбыстар шығады екен. Тәуекел деп үйге кірген жанның көрері: сол ақ боз үйдің ішінде жеті адам ақ тер, көк тер болып мылтық соғып жатады екен. Ескі құлақты қариялардың айтуынша, ол заманда қазақтардың соғыс құралында мылтық деген болмаған деседі. Содан да болар, бұл сырттай қарағанға таңсық-ты. «Бұл кімге соғылып жатқан мылтық? Сендер кімсіңдер?» деп сұрағандарға мылтық соғушылар: «Бұл жақайым Жылқаманға табыс етілетін ақшұбар деген мылтық болады» деп жауап береді.
«Ел құлағы елу» емес пе, жеті шебердің мылтық соғып жатқан хабары Жылқаманға да жетіпті. Батыр жата ма, тәуекел деп жолға шығады. Сонау Сыр бойынан, қатар қоныстанған қазақ-қарақалпақ ауылынан арнайы ат басын тіреп, іздеп келген оған: «Сенің Жылқаман екеніңді өзіміз де білеміз. Бірақ мылтықтың соғылу мерзімі мен табысталатын күні әлі жеткен жоқ. Егер қазір қолыңа ұстатып жіберсек, отты қарудың бір жері кемшін болады. Қалай болғанда да шыдай тұр» деген жауап беріледі. Бірде адам, бірде пері кейпіндегі жеті шебердің айтқанына шыдамай, үш келіп, үш кетіп жүріп Жылқаман мерзімді күніне жеткізбей, мылтықты үш ай бұрын алып кетеді. Бұл мылтық Жылқаман батырдың атын дүркіретіп, күллі қазаққа әйгілі қылған ақшұбар еді.
Батыр мылтығының кереметін досы да, дұшпаны да тамсанып айтады екен. Талай жауды қашырған әруақты ер Жылқаман ұлғайған шағында сұрапты:
– Батыреке, қандай арманың бар?
– Ақшұбарымның түтініне түтін қосқаныммен, дауысына дауыс қоса алмады, арманым сол, – деп өзінің сонау жастық шағында асығыстық жасап, мылтықты мерзімінен бұрын алып кеткеніне өкінгендей кейіп білдіріп отырады екен. 
Батыр мылтығының кереметтігі сондай, жау келетін тұста ілулі тұрған мылтықтың құлағы өзді-өзінен сартылдап, тарс-тарс етіп атыла бастайды екен. Тағы бір кереметі, ажал оғын алдын ала аңдайтын мылтық батыр жағынан адам өлімі боларын қан тамшылаған құлағынан сездіретін болыпты. «Япырм-ай, адам шығыны болар ма екен, мылтығымның құлағынан қан тамды ғой, – дейді екен ондайда батыр үйінде отырып. Егер жауға аттанар алдында мылтық сартылынан соң ешқандай белгі болмаса, өздері аман, шығын тек жау жағынан боларының белгісі екен. Мұндайда жан серігіне айналған ақшұбарына қарап отырып: «жолымыз болады екен» деп көңілденеді екен».
Әулие ұстаның кереметі
Мәмбет ұста жайлы аңыздарда да осындай мифтік белгілер бар. «Мәмбет әулие-ұстаның пірі жеті қазан, аққу құс, жолбарыс, қасқыр және жылан болған екен. Ұста дүкені гүрсілдеп соғылып жұмыс жасап жатқанда дүкенде қазан жасалып, аққу құс төбеде қалықтап, дүкен төбесінде жолбарыс, оң жақ босағада қасқыр, сол жақ босағада жылан жатады екен» деп айтылады бүгінге жеткен аңыз желісінде.
Ол кісі жарылған қазанды қалпына келтіру үшін темір балқып жатқан отқа қолын сүңгітіп алып, қазанды сипағанда жарығы бітеліп қалады екен... Таз адамның басын қолымен бір сипағанда жазып жібереді екен деген де аңыз бар.
Жануар бейнесінде көріну
«Мифтік сананың дамуындағы екінші кезең адам өзін қоршаған ортадан бөліп алып, ерекшелендіре қарайтын сезіммен сипатталады. Мифтерде адамның жануарға айналуы мақсатты құбылыс болып танылады» деген зерттеушілер тұжырымына сүйенсек, батырлардың жауына жолбарыс, арыстан кейіпінде көрінуі де миф мағынасына саяды.
Жаназар батыр жайлы аңызда былай баяндалады: «...Наурызбай батыр Жаназар батырмен бетпе-бет кездесіп, кейін қайтқан екен. Сарбаздарының бірі «бір адамнан қорқып неге кейін қайттық?» деп сұрайды. Наурызбай: «Жаназардың үстіндегі аспанда төніп тұрған қара бұлтты көрдіңдер ме? Жаназардың екі иығынан екі үлек мойнын созып, аузын арандай ашып, маған тап беріп, атылып қарап тұрды. Жаназардың пірі үлек екен. Менің пірім – қабан. Үлектен қорыққаннан қабаным да атымның атына кіріп кетті. Жаназардың пірі үстем шықты. Кейін бір реті келер» деп атын тебініп кете берген екен.
Тағы бір мысал, Толыбай батыр жайлы аңызда: «Толыбайды неге шаншып тастамадың?» деп сұраған інілеріне Жанқожа батыр: «мен шанышпайын дедім бе, Толыбайдың қара бурасы көлденеңдеп жолатпады ғой» деп баяндалады.   
Халық аузындағы аңызда Мәді (Диуана) қожа да кереметін Киік, Бүркіт, Жолбарыс бейнесінде көрсеткен. «Қалдан Сереннің Йасауидің жер асты үйіндегі мәжілісіне Мәді қожа  кіріп барғанын ханның күзетшілері байқамай қалады. Қолындағы Бүркіті шаңқылдап, ханға қарай талпынып, Жолбарысы гүжілдеп, айбат шегіп, ал Киігі ойнақтап, ішіп отырған асын төгіп шашады. Осы кезде сырттан қара мес секілді үрейлі бәле домалап кіріп келе жатқанда, бабамыз қолындағы Бүркіттің томағасын сыпырады. Ол қара бәлені бүрген күйі көтеріп, далаға әкетіпті» деп сипаттайды.     
Сөз соңында
ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы «Қазақстанның киелі жерлері» жобасы аясында Қызылорда облысы әкімдігі жанындағы Тарихи және мәдени мұраларды қорғау және пайдалану жөніндегі ғылыми-әдістемелік кеңестің шешімімен бекітіліп, «Қызылорда қаламгерлерінің қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің құрастыруымен «Тұмар» баспасынан  «Сыр бойының сакралды ескерткіштері: мифтер, аңыздар, хикаяттар» деген жаңа кітап жарық көрді.
Мифологиялық тылсымға толы аңыздарды жаңа кітапты парақтаған сайын оқуға болады. Осыған дейін ескінің әңгімесін білетін адамдардың айтуымен, зерттеуші-ғалымдардың, өлке тарихына жанашыр адамдардың, журналистердің жазып алуымен әр жылдары мерзімді басылымдар бетінде жарияланып келген бұл әңгімелер тұңғыш рет хрестоматиялық жинақ болып оқырманға ұсынылып отыр. Мұнда Сыр өңірі қасиет тұтып, қадірлейтін 200-ге жуық нысанның аңыз-әпсанасы жинақталған. Ел аузындағы осынау фольклор мұрасы, әлбетте, бағзыдан бүгінге жеткен халық жадының жарқын көрінісі.
Фольклорлық-этнографиялық экспедиция назарынан
Бұған қоса кітаптың құрастырылу барысында фольклорлық-этнографиялық экспедиция құрылғанын да айта кетейік. Бұл жайында: «...Сыр бойы – тұнған әулие екеніне тағы бір көз жеткізіп қайттық. Бір айтарымыз, Сыр бойы ескерткіштеріне көбірек күтім қажеттігін аңғардық. Қайта қалпына келтіруді, жөндеуді күтіп жатқан кесенелердің де қарасы мол көрінді. Өңірдегі барлық көне ескерткіштерді тағы бір тізімге алу, құлпытастардың картасы мен эпитафиялық сипаттамасын жасау, ел арасында әлі де кездесіп қалатын ескі қолжазбаларды жинау сияқты бірқатар маңызды жұмыстар – күн тәртібінен түсе қоймаған келелі мәселелер деп ойлаймыз», – дейді жоба жетекшісі Серікбай Қосан.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтсақ, сөз жоқ, өз өлкесін танып, ондағы ғұламалар мен батырлар, билер бейнесін білуге талпынған өскелең ұрпақ үшін кітапхана сөресіне «Сыр бойының сакралды ескерткіштері: мифтер, аңыздар, хикаяттар» атпен жаңа хрестоматия қосылды.
Оқимын десеңіз, мархабат!
                                                                  Айжан ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ
        
02 ақпан 2020 ж. 1 335 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031