» » » Жалынды жас Николай

Жалынды жас Николай

  Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының «Білімнің салтанат құруы» атты бөлімінде «Білімді, көзі ашық, көкірегі ояу болуға ұмтылу – біздің қанымызда бар қасиет» делінген. Расында да Ел жастары үшін білім алу үнемі бірінші орында тұруы шарт. Тереңөзектік Николай – білімге құштарлық пен ізденісті ұштастырған жалынды жас. Ол ұлты өзге болса да қазақ тілін ана тілінен кем көрмейді.
Тереңөзек кентіндегі Лавровтар отбасындағы Андрей мен Валентинаның төрт перзенті де қазақшаға жетік. Олардың түрі орыс болғанымен қазақ тілінде мүдірместен сөйлейтіні отбасындағы тәрбиеге байланысты болса керек. Олар қазақ тілін құрметтеп, бәрінен биік қояды десек қателеспейсіз.
Николайдың жасы он жетіде. Бала кезінде өзінен үлкен әпкесі Марияның қазақ ақындарының өлеңдерін жатқа оқып жүргеніне қызыға қа¬райтын. Оның мәнерге салып, көркем сөз оқу шеберлігіне тәнті болған інісі өсе келе қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының мектеп оқулығындағы өлеңдерін жылдам жаттап алатын болды. Мұндай қабілетін және қазақ тіліне деген ерекше сүйіспеншілігін байқаған ұстазы №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицей мұғалімі Сәуле Нұрадинқызы шәкіртінің талабын шыңдау мақсатында байқауларға қатыстырды. Ұстаз үміті ақталып, Николай жүлделі орын алады.
– Достарымның арасында түрлі ұлт өкілдері көп болса да қазақ тілінде сөйлесеміз. Білім алуға ден қойып, бос уақытымызда спортпен айналысамыз. Әсіресе гір көтеруді жаныма жақын тұттым. Білекті адам – жүректі келеді емес пе? 3-4 жылдан бері спорттың осы түрімен шұғылданып келемін, – дейді Николай Лавров.
Николай өзінің спортқа деген ынтасының арқасында күнделікті жаттығуды жолға қойған. Оның жаттықтырушысы Оразбек Медетбаев талай мәрте шәкіртінің жарыс алаңында оза шапқанының куәсі болды. Спортшы 2018 жылы Азия чемпионы болып, спорт шебері атанды. Қазір оның алдында еліміздің байрақты бәсекелерінде бақ сынау мақсаты тұр. Ол үшін Николай тынбай жаттығу үстінде.
Көркем сөз оқумен спортты қатар алып жүрген Николай – аудандағы аграрлы-техникалық колледждің мақтанышы. Колледж намысын талай мәрте қорғап жүрген ол өткен оқу жылында техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындарының білім алушылары арасында «Абай – ұлы даланың ұлы есімі» атты облыстық байқауына белсене қатысып, жүлдегер атанды.
– Николайдың ешқандай қиындықсыз өлең жаттауға деген шеберлігіне тәнті боласыз. Әрине, көп іздену мен еңбектің арқасында ол облыстық бай¬қаудың жеңімпазы болды. Қазір Николай ғұлама ақынның қара сөздерін жаттауға ден қойып жүр. Оның бос уақыты бола бермейді. Қашан көрсең де үй шаруасына, әкесіне қолғабыс етіп жүргені. Балық аулауды жаны жақсы көреді. Табиғат аясында көбірек болып, мал шаруашылығымен айналысады, – дейді Николайдың колледждегі топ жетекшісі Гүлстан Исмаилова.
Қазір екінші курста білім алып жүрген жас өрен дәнекерлеу ісі маман ¬дығы бойынша оқуда. Болашақта техник-механик болатын Николай колледждегі шеберлер Бақыт Пірмағамбетов пен Асылбек Есмұратовтан мамандығының қыр-сырын үйренуде. Өткен жылы Н.Лавров ұстаздарымен бірге аймақтың аграрлы-техникалық колледждері арасында өткен «Жас өнертапқыш – 2019» облыстық техникалық шығармашылық көрмесіне қатысты. Көрмеге арнайы дәнекерлеу құрылғысын (автогенді) жасап шығарды. Бұл құрылғыны қазылар алқасы жоғары бағалап, бірінші орын иеленді.
Николай Лавров қазақтың ұлттық дәстүрлерін жақсы біледі. Отбасында анасы ұлттық тағамдарды керемет әзірлейді екен. Бауырсақ, ет тамақ секілді тағамдармен қоса, қазы-қарта, жал-жаяны өз қолымен дайындайды. Ұлттық мереке кезінде арнайы мәзір әзірлеп, қазақы бата-тілектер айтуды дәстүрге айналдырған. Николайдың соңынан ерген қос бауыры Ярослав пен Андреан бірі мектеп оқушысы болса, екіншісі 4 жаста.
«Дені саудың – жаны сау» демекші, саламатты өмір салтын ұстанып, болашағын спортпен байланыстыруды армандайтын Николай әлі талай додалы бәсекеде топ жарып, ел намысын қорғайтын кәсіби спортшы болады деп үміттенеміз.

Бибісара ТАҢАТАРҚЫЗЫ
02 қазан 2020 ж. 248 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031