Еңбек министрі 8 сағаттық жұмыс тәртібін сақтауға шақырды
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жаңа басшысы Мәдина Әбілқасымова күніне 8 сағаттық жұмыс тәртібін сақтауға шақырды.
«Бізде «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңға сәйкес, әр адам күніне 8 сағат жұмыс істеуі керек. Мен мемлекеттік қызметшілер осыған келгенде өзінен бастауы тиіс деп есептеймін. Егер еңбек кодексінде сегіз сағаттық жұмыс туралы жазылып тұрса, оны сақтап, жұмыс, отбасы мен өзге де шаруаларға қатысты дұрыс балансты тапқан абзал», - дейді Мәдина Әбілқасымова. Айта кетсек, бұған дейін ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев мемлекеттік қызметшілерді уақтылы үйіне қайтаруды сұраған болатын. «Ата-аналар жұмысынан уақтылы шыға алмауы себепті, балаларын тәрбиелеуге қажетті уақытты таба алмай жатады. Олардың арасында мемлекеттік қызметшілер де бар. Қазіргі уақытта мектептердегі ата-аналар жиналысына жалпы сыныптан 10-15 ата-ана ғана қатысады», - деген болатын Ерлан Сағадиев.