Әйел күлсе, әлем күледі
Әйел бәрінен биік тұруы үшін төмендейді...
Қайраттытылық пен намысқойлық жағынан қазақтың қыздары ғажап қой. Осыдан 31 жыл бұрын «Желтоқсанда оқиғасында» алаңда ер азаматтардың намысын жанып, рух бергенқазақтың қаракөз қайсар қыздары болатын.Бейбіт күнде алаңға шығып, абыройын арттырмаса да, отбасына ұйытқы болып, ер мен әйелдің жүгін қатар арқалаған қыз-келіншек аз емес. Бұл кешегі Айбике, Назым, Ботагөз батырлардың, оның бер жағында Әлия мен Мәншүктен дарыған батылдық, өжеттілік болар.
Күнде болмаса да, күнара куә болатын оқиға көп қой. Соның бәрі «жарасып өңкей келісіп» тұрса бір сәрі. Алайда... Көршіміз бар. Ащы суға құмар. Бала-шағасы баяғыда безіп кеткен. Сол үйде берекесі жоқ мереке күнде. Ырду-дырду. Соңы ұрыс-керіс. Айқай-төбелес.
Тапа-тал түсте тағы айғай-шу. Сөйтсем, көршінің «кезекті отырысынан» шыққандар екен. «Мені емес, тым құрыса, ана бала-шағаңды ойламайсың ба» – дейді ашуланған әйелі «отырыстан» шығып, аяғын баса алмай тәлтіректеп тұрған күйеуіне. Ал оның бала-шағасына бас ауыртқаны шамалы:
- Достарымның көзінше неге бақырасың (бүйткен «бөтелкелес»
достардың барынан жоғы деймін ішімнен) – олардың көзінше менің абыройымды төгіп сен... - дейді сөзінің соңын әрең құрап (арақпен жиған «абыройың» әдірем қалсын деймін тағы ішімнен).
Қарап тұрған жұрттан ұялды ма, әлде ұрсысудың «безполезно» екенін білді ме «Елден ұят-ты» деп әйелі «ағатайлап, көкетайлап» сөйлей бастады. Ал аяғын зорға басып тұрған күйеуі болса, «түсіп» қалған абыройын түсіндіріп әуре.
Ашуланды ма, әлде өнбейтін ерегестен шаршады ма бір мезетте әлгі келіншек қолын бір сілтеп, бұрылып кетті. Қарап едім, жанары жасқа толып кетіпті. Ұшы-қиыры таусылмайтын жарының «отырысынан» шаршаған, қажыған кейпін байқадым. Үзілген үміті, өмірге деген өкпесі, іштегі ыза мен кек, мұң мен реніш бәрі-бәрі жанарындағы жастан аңғарылғандай. Сәлден кейін сол күйеуін сүйеп, жолдың бойымен кетіп бара жатты.
Қайраттылық пен намысқойлық жағынан қазақтың қыздары керемет қой! Иә, әйел бәрінен биік тұруы үшін төмендейді...
Арай РАХЫМ