Мәселенің мәнісі
Өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен ветериниярлық бақылау басқармасы басшысы Ерсұлтан Әпетовтың қатысуымен брифинг өткен болатын. Сонда бірпаз жайдың жапсары сөз болды. Қызылорда облысында қаңғыбас ит-мысықтарды жоюға 40,9 млн. теңге бөлініп, 25 802 бас жануар өлтіріліпті. Былай қарасаңыз әжептәуір сома. Қиялға беріліп көріңізші, 40,9 млн. қаржыға не істер едіңіз?
Қазақ тойшыл қауым. Ұлын үйлендіріп, қызын ұзатса да қыруар қаржы жұмсайды. Жиған-тергенін шашып, жетпегеніне несиеге алады. Бір кісі қайтыс болды делік. Намазы, әр апта сайынғы бейсенбілігі, қырқы, жүзі, жылы. Оған сойылатын малды, дастарханға кететін азық-түлікті өзіңіз бағамдай беріңіз. Айтпағым, жоғарыдағы аталған қаржыға біраз мәселенің түйінін тарқатуға болады.
Тақырыпқа көшелік, итті аулауға, жоюға жыл сайын қомақты қаржы бөлінеді. Сөйтіп, мыңдаған иттің көзін құртқаны жөнінде есеп беріледі. Бірақ нәтиже көңіл көншітерлік емес. Себебі көшеде қаңғыбас иттер толып жүр. Оған дәлелдің де қажеті шамалы. Қарайық, 2011 жылы қалалық бюджеттен 10 миллион 114 мың теңге қаңғыбас ит-мысықтарды аулауға жұмсалған. Қалалық әкімдіктегілер қаржы толығымен игерілді деген деректі алға тартты. Соның нәтижесінде 11149 қаңғыбас иттің мылтық нысанасына ілігіп, жойылғанын жеткізді. Оның ішінде 20 мысық та бар екен. Облыс бойынша бөлінетін қаржының жартысы қала бюджетінен шығып отыр. Соған сәйкес өлтірілген қаңғыбас ит-мысықтардың да жалпы санының жартысы қала есебінде. 2015 жылы 7283 ит, 4048 мысық ауланып жойылды. Биыл 25 802 бас жануар өлтірілді. Өлекселер ветеринариялық-санитарлық талаптарға сәйкес инсинератор пештерінде өртеліп, типтік жобадағы мал көмінділеріне тасталады екен. Облыста мал көмінділерінің жалпы саны 146, оның ішінде 69 типтік жобада салынған. Қалған 77 қарапайым шұңқырға типтік жобадағы мал көміндісін салуға облыстық бюджеттен кезең-кезеңімен қаржы бөлінетін болады.
– 2017 жылы Қазалы ауданында (Абай, Шәкен) 2 типтік жобадағы мал көміндісін салуға облыстық бюджеттен 23,5 млн. теңге бөлінді. Аудандық бюджеттен Арал 5,7, Жалағаш 6, Шиелі мен Жаңақорған 4,2, теңге бөлініп жоба-сметалық құжаттары дайындалуда, - деді басқарма басшысы Ерсұлтан Әпетов.
Шенеуліктер есеп берер сәтте «берілген қаржы игерілді» деген сөзді айтуды ұмыт қалдырмайды. «Ит ататын мылтық алтыннан жасалған ба» деген сауал әлеуметтік желіде қызу талқылануда.
Ит – жеті қазынаның бірі, адамның адал досы деп жатамыз. «Хатико» атты фильм көрген боларсыз. Иттің иесі әр таң сайын жұмысқа кетеді. Хатико өз иесін Сибуя бекетіне дейін шығарып салып, сағат 15:00-де аталған бекетте күтіп алады. Алайда 1925 жылдың мамыр айында Хидэсабуро Уэно жүрек талмасынан көз жұмады. Сол күні Хатико егесін көп күтеді, алайда иесі оралмайды. Иесін күтуден жалықпаған итті көпшілік қамқорлығына алады. Хатико сонда да иесін күтуді тоқтатпай, күнделікті уақытында бекетке келетін болған. Итті сол жердегі теміржол жұмысшылары, сатушылар танып алды. Ит өмірінің соңына дейін иесін күтті. Осылай 1934 жылы қайтыс болады. Бұны неге айтып отыр дейсіз ғой? Оны да айтайын, итті адал дос деп есептемейміз. Өзімізден де бар егер оған қамқор боған болсақ, қаңғыбас иттер қаптамас еді. Тіпті, итті асырағанымызбен қайда жүргеніне де мән бермейміз. Әйтеуір есік алдында, көрші-қоланның үй жағында тағысын тағы. Негізінен иттің тұратын өз орны болуы керек. Оны сейілдегенде міндетті түрде тұмылдырық тағылуы шарт. Күндізгі уақытта итті қораның ішінде бос жіберуге болмайды. Адамдардан алшақ болуы тиіс. Үнемі ветеринар дәрігердің қадағалауына апарып тұру қажет. Жылына бір рет құтырмаға қарсы дәрі егіліп, денсаулығы тексерілуі шарт.
Жалпы 40,9 млн. теңге әлгі қаңғыбас иттерді бір жыл азықтандыруға болады ғой?! Мәселен 40900000 теңгені 25802-ге бөлсеңіз, 1,585 млн. теңгеден келеді. Ит басына осынша сома. Азиялық овчарка саналатын алабай иттердің дене тұрқы 40-50 келі болса, ол күнінен 1 келі азық жейді екен. Бұл жайында танымдық сайттардан білдік. «yimmy» маркалы 20 келілік ит азығы OLX жарнамалық сайтында 8500 теңгеден тұр.
Бір жылда 360 күн бар. 360-ты 20-ға бөлейік. Бір жылда бір ит 18 қорап «yimmy» азығын қолданады. 18-ді 8500-ге көбейтелік, 153000-ге тең. Демек бір ит бір жылда 153000 теңгенің азығын жейді. Ал ит атушылар бір итке 1,585 млн. теңге жұмсайды. Сол қаржымен 10 итті бір жыл азықтандыруға болады. Бірдің обалына қалғанша онның сауабына қалмаймыз ба?
Тағы бір жайт, ит атушылар бір итті өлтіруге 1,585 млн теңге жұмсай ма? Біз осы ақшаны далаға шашып жатқан жоқпыз ба? Ресейдің Мәскеу қаласында 50 келі тартатын итті өлтіру үшін, яғни улап өлтіру үшін 4000 рубль, біздіңше 20 000 теңге жұмсалады (w.w.w.dodqSecrets.ru). Ал көшеде қаңғыған итті сол Мәскеуде дротикпен атады. Әр дротикке 800 рубль (біздіңше 4000 теңге) жұмсайды. Әр итті аулауға 2900 рубль (біздіңше 14500 теңге беріледі (w.w.w.mk.ru). Ал бізде бір итті жою үшін 1,5 млн қаржы жұмсалатыны қынжылтпайды ма? Ойланып көріңізші!?
Мөлдір КЕНЖЕҒҰЛОВА