Баланың сабаққа зауқы жоқ. Неге?
Мария Романенко Ресейдің белгілі психологы. Аты да, алған атағы да жетерлік. Бала психологиясына қатысты жазған еңбектері де аз емес. Содан да болар түрлі жиындарда осы психологты көпшілігі аттай қалап шақырып алатын көрінеді. Әсіресе, ата-аналар. Сол психолог «Бала неге сабақ сабақ оқығысы келмейді?» деген сауал төңірегінде ата-анаға кеңес беріп, оның бірнеше себебін анықтаған.
Бірінші себеп. Бала оқу бағдарламасынан қалып қойған. Сабаққа үлгермейді, яғни тақырыпты түсінбейді. Үй тапсырмасын қалай орындауды білмейді. Өткен тақырыпты өз бетінше игере алмайды. Нәтижесінде, сабаққа қызықпайды. Оқығысы келмейді. Бұл ретте ата-ана не істеу керек? Алдымен, баламен сөйлесу керек. Ұрмай-ұрыспай. Шамасы келгенше, өткен тақырыпты бірге қайталап, түсінбеген жерін жете түсіндіріп, қызықтыру керек. Егер ата-ана пәнді өзі игере алмаса, ұстаздың немесе өзге де репетитордың көмегіне жүгінген жөн. Кейіннен баланың оқуға ықыласы оянып, көңіл қоя бастағанын байқайсыз. Осыдан кейін сабақты өзі-ақ «алып кететін» болады.
Екінші себеп. Бала мектепте қызықпайды. Неге, не үшін баратынын түсінбейді. Өзіңізге қарсы шығады. Алгебра, физика, геометрия секілді пәндердің қажеті жоқ, «бәрібір оларды өмірде қолданбаймын» деп топшылайды. Бұл ретте баланың ойы логикалық есепте дұрыс. Себебі кейбір пәндегі «ауызша» жаттап алған білімді көпшілігіміз өмірде мүлде қолданбайтынымыз рас. Оның үстіне әлемнің ерекше жылдамдықпен өзгеру процесін ескерсек, бүгінгі кей «тақырыптың» ертеңге қажетсіз болуы мүмкін. Сондықтан баламен әңгімелесіп, көбірек уақыт өткізіңіз. Сабақтан зеріккен, шаршаған кезде демалуға рұқсат беріңіз. Есесіне, үйдегі демалыстан соң, балаңыз мектепке ерекше ықыласпен баруы мүмкін.
Үшінші себеп. Ұстаздың салғырттығы. Баланы сабаққа қызықтыра алмауы. Жасырып не керек, көп мұғалімде ізденіс жоқ. Жаттанды тақырыпты 45 минутта «зырылдап» өтіп шығады. Ал оқушылар сабақты жеткілікті түсіне алды ма, қызықтыра алды ма? Ол жағына бас ауыртпайды. Сыныпта оқушымен ортақ жұмыс жасамайды. Нәтижесінде, бала оқуға да, сол пәнге деген қызығушылығын «жауып қояды». Көп тұлғалардың мамандыққа деген махаббаты ұстаздары арқылы оянған. Мұғалімнің тақырыпты қызықтыруымен білуімен арманына қанат біткен. Сол себепті ұстазға көп нәрсе байланысты. Егер ол мүмкін болмаса, баланы басқа мектепке ауыстырыңыз. Қолыңыздан келсе, тақырыпты өзіңіз қызықты түсіндіруге тырысыңыз. Тек теориямен шектелмей, практикада көрсетіңіз. Бір емес, бірнеше ақпарат көзін пайдаланыңыз. Әйтеуір балаңың жеткілікті білім алуына, сол пәнге деген ықыласының оянуына ден қойыңыз.
Төртінші себеп. Үй тапсырмасын өзі емес, көбіне ата-ананың орындауы. Қазір осындай тенденция басым. Себебі білім деңгейін рейтингке байлап қойдық. Білім емес, баланың алған бағасы маңызды секілді. Есесіне, баласының орынына үй тапсырмасын орындауға ата-аналар көшкен. Бірақ бұдан ешкім ештеңе ұтпайды. Бала сабаққа қызықпайды. Себебі сізге сенеді. Мектеп баланың бағасына, қойылатын рейтинге сенеді. Олай болса, үй тапсырмасы не үшін қажет? Кімге керек? Ата-анаға ма, балаға ма, мектепке ме? Шын мәнінде, үй тапсырмасы баланың мектепте алған білімін үйде жетілдіру үшін. Тақырыпты игеріп, өз бетінше ізденуі үшін беріледі. Сондықтан құрметті ата-ана, балаңызды алған бағасына емес, жиған біліміне қарап бағалаңыз. Егер айтылғандар бойынша балаға дұрыс бағыт-бағдар көрсетсеңіз, әлі-ақ сабаққа деген ынтасы ашылып, мектепке ерекше сағынышпен баратын болады.