Бауыржан Момышұлының өсиеті
Жеке солдаттың тәжірибесі – жақсы мектеп. Ал бүтін взводтың тәжірибесі – университет.
«Менің армиядағы алға қойған міндетім – Отанды жаудан қорғау еді, қорғадым: Жазушылық ісін де алға қойған мақсатым – аға буынның ерлік істерінің үлгісін дәріптеу, жастарды советтік патриотизм рухында тәрбиелеп ерлікке үйрету еді, оны да орындап келемін.
Өзіне өзі сынмен қарау – оңай іс емес.
Өзінің қателерінен сабақ алу әркімнің қолынан келе бермейді.
Үлкен бастықтың ондырмай сөккенінен адамды өз орнының сөккені әлдеқайда күшті.
Устав – бейбіт күнде заң, соғыста творчество. Ал творчество тек ақылмен терең оймен ғана жүзеге асады.
Бұйрық халық, Отан атынан беріледі, берілген соң оны орындаушы адамның тағдырына айналады.
Ерлік істелмесе ешкім де қалам тербемейді.
Әскери қызмет дегеніміз – дені сау әрбір азаматтың асыл парызы, ардақты борышы.
Кімде кім әскери қызметтен жалтарса, ол патриот емес.
Әскери тәртіпті нығайтудың негізгі әдісі – сендіру, қосалқы әдісі – көндіру. Командир көндіру әдісін тәртіпсізді тәрбиелеудің ең соңғы шарасы ретінде ғана қолданады.
Командир өз бағыныштыларын ашумен емес, ақылмен тәрбиелеп үйретуі тиіс.
Командир қара қылды қақ жарған әділ болуға, біреуді шектен тыс мақтауға да немесе біреуді жазықсыз жазғыруға да бармауы тиіс.
Талап қою дегеніміз – заң, қаталдық дегеніміз – заңсыздық.
Қаталдық, басқа да заңсыздықтар сияқты, жауынгерді қорлайды, езеді, ызасын қоздырады.
Саяси саналықтан жауынгерлік дәстүр мен озат тәжірибенің, тәртіпсіздікке төзбеушілік көзқарастың негізінде жауынгер намыскер адам болып, тәрбиеленіп, үйрену керек.
Намыскер емес адам, ерлік жасауға қабілетсіз.
Ерлік – табиғат сыйы емес, ұзаққа созылған тәрбиенің жемісі.
Ешкім де генерал болып тумайды. Генералдар солдаттардан өсіп шығады.
Ауыстыруға болмайтын адамдар жоқ.
Намыс – азаматтың алтын туы. Әке-шешесін сыйлаған балада ғана намыс болады. Оларды ұялтайын, сүйегіне таңба түсірмейін, өлсем-өлейін, бірақ ата-анамды, ағайын-жұртымды жерге қаратпаймын дейді. Ер жігіттің елі – ата-анасы, Отаны өз үйі.
Жастардың Отан қорғау қызметін атқарып қайтуы – адамгершіліктің ең асыл парызы. Ал еңбекшілдік, білімділік, тәртіптілік, тәлімділік, шыдамдылық – армия үшін ең қажетті қасиет. Әскерде басбұзарлыққа орын жоқ. Өйткені оның қолында елдің тағдыры – қуатты техника бар. Ал жауынгердің ол техниканы тастап қыдырып, қыз қуалап, арақ аңдып, қаңғып кетуіне болмайды.