БИІКТЕЙ БЕР, БАС ҚАЛА

Футболшылар үйі
Елорда сапарында аңсарымыз ауған нысан – футболшылар үйі. Аяқдопқа қызығатын жандар үшін сүйінші сұрасақ. Себебі, ел астанасында бірегей футбол кешені бой көтеріп, қолданысқа берілді. Нысан «Хет-трик» футбол инфрақұрылымын дамыту бағдарламасының аясында кірпіші қаланыпты. Момышұлы мен Тоқпанов көшелерінің қиылысында көркі көз тартар бұл ғимаратқа арнайы бардық. 3,5 гектар жерді алып жатқан футболшылар үйіне УЕФА тарапынан 8 миллион еуро бөлінген екен. Көп функционалды футбол кешені 2 блоктан тұрады. Ғимараттың бірінші бөлігі – жабық манежде көрермендерге арналған трибунасы бар, ауданы 7140 шаршы метрге тең футбол алаңы орналасқан. Стадион сапасы жағынан ең озық заманауи стандартқа сай. Ал екінші бөлік – әкімшілік ғимарат.
Ғимараттың бірінші қабатында вестибюль, ресепшн, атрибутика павильоны, киім ілетін орын, әжетхана, 100-120 адамға шақталған асхана, брендті тауарлар дүкені, бапкерлер және төрешілерге арналған бөлме қарастырылған. Екінші қабатында жаттығу кабинеттері мен фитнес залы орналасқан. Ал үшінші қабат Қазақстан футбол федерациясында қызмет етушілердің кабинеттері. Астанаға сапарлатқан саяхатшылар үшін футболшылар үйі таптырмас орын.
Ғажайып мұражай
Әлемнің ең жас астанасына Қызылорда облысы зымыран-ғарыш техникасы музейін тарту етті. Бұл нысан да келіп кетушілерге ерекше көңіл күй сыйлайды. Мұражайға кірген жан құдды бір Ғарыш айлағында жүргендей әсер қалдырады.
«Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық ғарыш орталығының аумағында орналасқан музейге дәл өлшемде жасалған «Союз», «Протон», «Зенит» зымыран-тасығыштары орнатылған. Мұражайға жақын арада «Боран» орбитааралық кемесінің макеті қойылмақ. Сонымен қатар экспозиция маңындағы аймақ толықтай абаттандырылған. Сондай-ақ, кешен аумағында зымырандардың техникалық сипаттамасы, жасалуы және пайдалану тарихы туралы барлық мәліметтер көрсетілген. Ашық аспан астындағы музейдегі танымал макеттер жөнінде айта кетсек, "Союз" – "Королевтің жетілігі" деп аталып кеткен Р-7 жинақтамасының ең танымал зымыраны. Ал, «Протон» – автоматты ғарыш аппараттарын Жер шарының орбитасынан әрі қарай ғарыш кеңістігіне шығаруға арналған ауыр санатты біржолғы зымыран-тасығыш. «Протон» зымыран-тасығышы – барлық кеңестік және ресейлік орбиталық станция мен «Мир» станциясының модульдері және халықаралық ғарыш станцияларын шығару құралы. Оның көмегімен «Глонасс» жерсеріктік жүйе кеңейтіліп, «Экспресс» сериялы жерсеріктер ұшырылады.
Мұражай Астанада салынған креативті әрі танымал ғимараттар тізімін толықтыратыны сөзсіз. Алда-жалда шетелге шыға қалғанымызда ол жақтағылар Елордадағы Бәйтеректі ғана емес, зымыран-ғарыш техникасы музейін де әдемі әсермен әңгімелеп беретін болады.
Ерасыл ШӘРІБЕК