"Қазақфильм" кинотуындылары Түркияда көрсетіледі

"Біздің корпорацияға тиесілі "TRT Avaz" телеарнасында аптасына бір рет түркітілдес елдердің киноларын көрсетуді жоспарладық. Осы орайда, біз "Қазақфильмге" келіп отырмыз, өйткені бұл киностудия Қазақстандағы басты және түрлі жанрдағы сапалы кино өндіруші студия. Қазір біздің мақсатымыз сіздердің фильмдеріңізбен танысып, тарихыңыз бен мәдениетіңізді көрсететін туындыларды таңдап алу",– деді кездесу барысында Абдулхамит Авшар. "Қазақфильм" киностудиясының аудиовизуалды жобалар басшысы Олжабай Мұсабеков киностудия өндірген фильмдер каталогын беруге дайын екенін жеткізді: "2009 жылға дейін түсірілген фильмдер пленкада сақталған. Алайда Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институтының көмегімен сандық жүйеге өткіздік. Ескі және жаңа фильмдерді сіздерге қажетті форматта беруге дайынбыз". Кездесу барысында түркиялық қонаққа киностудия бойынша экскурсия жүргізіліп, "Қазақфильмнің" киноөндірістік мүмкіншілігі және техникалық жабдығы таныстырылды.