Тағам: дәстүрлі өлшемдер
Дәстүрлі қазақы ортада тағамды дайындау және қабылдауға байланысты өзіндік өлшемдер, яғни ұғымдар мен атаулар жүйесі қалыптасқан. Қолданыстағы ұғымдар мен атаулардың әрқайсысы тағамның түріне байланысты өзіндік мөлшерлеу жағынан ерекшеленеді.
Бір салым тұз, бір қайнатым шай, бір шымшым тұз, бір жұтым қымыз, бір асым ет, бір шыны шай, бір тілім нан, бір жапырақ ет, бір тілім ет, сондай-ақ, бір білем құйрық, бір қарын май, бір табақ ет, бір сөре құрт, бір саба қымыз және т.б.
Ескере кетер жайт, бұл ұғымдар мен атаулардағы қолданылатын бір сөзінің сандық мәні болмайды. Осы және осы құралыптас атаулар мен ұғымдарды қазақы ортадағы тағамның дайындау және қабылдау үрдісіндегі мөлшерлеудің ең негізгі өлшемі деуге болады. Сондай-ақ, ас-судың молшылығын білдіретін метафоралық образды мөлшерлердің қатарына үйме табақ ет, саба-саба қымыз, жеңді біліктей қазы, астау-астау ет, тегене-тегене сүт, т.б. жатады. Бұлардың сипатын дәстүрлі дүниетанымның ерекшелігімен түсіндіруге болады.
Әзірлеген Ж.САҒИДА