Біздің бренд


Италья пиццасымен, Швейцария сағатымен, Америка фаст-фудымен, Қытай шығыс медицинасымен, Британия байрағымен, Жапония  технологиясымен, Түркия асханасымен әлемге әйгілі. Ал Қазақстан ше? Қазақ десе, жылқы мен қымыз еске түсетіндей ұлттық брендке айналса.  Ұлтты өзгелерден ерекшелейтін оның өнері,  мәдениеті, тілі ғана емес, жылдар бойы қалыптасқан ұлттық құндылықтары. Оның негізі ұлттың дәстүрі мен аспаптарында, ұлттық тағамында.Ал қазақы бренд қалыптастыру – қазақты әлемге танытудың бір жолы.
Соңғы бір жылда еліміздегі қымыз өндірісі 46,3 пайызға бір-ақ жетіпті. «Energyprom.kz»  мониторинг жүргізетін агенттіктің есебі солай дейді. Қуанатын жағдай. Былтырғыға қарағанда қымызға деген сұраныс артқан. Есесіне өнім де еселенген. Бие сүтінің ақуыз мен дәруменге толы құрамы мен денсаулыққа зор пайдасын айтып жатудың өзі артық болар. Қазірдің өзінде шетелдік ғалымдар қызығушылық танытқан. Франция, Австрия, Голландия елдерінде танымалдылыққа ие. Тіпті неміс кәсіпкері Ганс Цольманның қымыз өндірумен айналысқанына бірнеше жыл болған. Бұл мирас оған атасынан қалыпты. Қазақ даласына жер аударылып, күнде саумал ішіп, дертінен құлан таза жазылған соң, Германияға көшіп барып, қымыз өндірісін 1959 жылы қолға алған. Содан бері еуропалықтарға қазақтың қымызын танытумен келген. Бүгінде еуропалықтар қымызды сусын емес, емдік, дәрілік мақсатта жиі қолданады екен. Олай болса, өзге ел танып жатқан ұлттық сусынды қазақы брендке айналдырудың жолы оңай. Еліміздегі қымыз өндірісі Алматы, Павлодар, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарында қолға алынған.  
Германияда сыра фестивалі, Испанияда қызанақ фестивалі, Жапонияда сакура мерекесі секілді арнайы күндер бар. Кәсіпкерлер «қымызмұрындық мерекесін» де осындай ұлттық мереке деңгейіне жеткізу керек дегенді жиі  айтады. Кезінде Асқар Сүлейменов ағамыз  «Басқа адамдар маймылдан жаралса жаралған шығар, ал қазақ жылқыдан жаралған» дейді екен. «Тегіміз – түрік, түлігіміз – жылқы» дейтін қазақ баласының ұлттық сусынын әлем танып, біліп жатса, қанекей!
Арай РАХЫМ     
08 ақпан 2018 ж. 1 129 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031